Сәрсенбі, 25 Наурыз 2026
Әдебиет 126 0 пікір 25 Наурыз, 2026 сағат 13:45

«Талапбекке таңырқау...»

Коллаж: Abai.kz

(сыни эссе)

Тақырыптағы сөздер жақсы ұйқасып тұрса да ұйқас үшін емес еді, көкейімнен шыққан шын сөзім солай жазылып кетті.

Аз, күн бұрын кәсіби әдебиеттанушы інім Ұлан Еркінбай «Жез бұйдалы жылдарым» жыр кешіне арналған жинағының электрон нұсқасын жолдап, «Талапбек деген ақын бауырыңыздың өлеңдері еді, оқып көріңізші!» деген соң, «жақсы жыр жанымызды жадыратар» дейтін әдетпен таудан шөлдеп түскен жылқыдай боп, басты иіп жіберіп әлгі жолдаған жырларды желдіртіп оқып шықтым.

Талай ақын, талай жырды көзден өткізген кәнігі оқырман ретінде яғни бәйге төбеде жүздеген жүйріктердің шабысына көзі қанған атбегі секілді сезіммен Талапбек ақынның да жыр-жүйрігінің аяқ тастасын бағамдап қалдық.

Содан, алғашқы әсер көңіл-күйімді ватсапта дыбыстық хатпен ілтипат ретінде айтқан едім: «Талапбек бауырымның бозбалалық албырт шағынан жігіттік жасқа, одан қырықтың қырқасындағы кемел кезеңге дейінгі өлеңдері сол жастарына сай шынайы екен...» деген мағынада.

Жақсы сөз жарым ырыс дегендей, осы бір ауыз лебізім көңілдеріне ұнаған ба, алда осы ақын бауырымыздың жыр кеші әрі өлеңдер жинағының тұсау кесері өтеді екен, соған орай кеңірек бір жазба жолдасаңыз, деген ұсынысқа да жоқ дей алмадым, қаламдас бауырлардың көңілі бәрінен қымбат қой деп.

Сонымен, алдыңғы оқып шыққан жинақтың кітап нұсқасы Талапбек Тынысбекұлы «Керқұлан» деп, аталыпты. Кітапттың алғысөзін ақын Сұраған Рахметұлы «Қабаның қарағайындай...» деген ақынға да, кітапқа да тән тың теңеумен атап, Жез бұйдалы жекен жырларға кең көлемде әдеби талдаулар жасаған екен. Енді, бұндай жазба жоғарыда айтқанымыздай жүйріктің келбетін кестелеп көрсететін «салқы төс, кең танау, қоян жон, бөкен қабақ» дегендей, Тынысбектің өлеңдегі тынысын түгендеген екен, сөз түйінде «лирик ақын» деген тоқтамға келген.

Мұндай жағдай айтылып кеткен соң, енді маған тиесілісі сыншы емес, оқырман ретіндегі ойларымды түйіндеу ғана. Шын мәнінде, өлең деген қалың елдің рухани сусынын қандыру мақсатындағы сөз-шырыны екені баяғыдан белгілі. Олай десек, дәл осы жерден ақынның ақындығы білінеді, деген сөз. Шайыр деп аталатын осынау жәй адамдарға ұқсай бермейтін көңілшек кісілердің жылауы да оңай, уануы да тез, қуануы да қызық, қайғыруы да қияпат, айтуы да жылдам, қайтуы да қатар, ашуы да алапат, қашуды да ғаламат, ғашықтығы да ғажап-ақ... дегендей. Міне, ақынның осындай сан қилы сезімдері айнала дүниедегі көріністерді көңіл-көліне оп-оңай түсіре алады. Осы көңіл көліне түскен нәзік дірілдер мен алапат толқындарды дәл солай сөзбен бедерлеуді «Өлең» дейміз. Дегенмен, «өлеңнің де әдемі әсемі бар, өлең емес кейбірінің кеселі бар» дейтін қағидамен келіссек, оқырман қауым оның қалай жазғанында да, ақынның сөз таппай қалай қиналғанында да шаруасы жоқ, өлеңді естігенде не оқығанда «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиюін» ғана қалайды.

Міне, осы тұрғыда Талапбек ақынның өлеңін оқығанымда көңілім қаншалық толқыды, соны айтсам «Керқұлан» атты жыр жинағының қаншалықты қазақ сахарасының керқұланындай еркіндігін, сағым қуған далада шапқандағы ерендігін байқаймыз.

«Жанарыма сыймаған жасыл аймақ» әрбір ақынның жырға қадам басқандағы туған жеріндегі балғын балалық шағы туралы бәйкүнә, тәп-тәтті сағыныш өлеңдері, әрбір оқырманның соның ішінде ауылдық жерде өскен қазақы әрі төл тілінде жан дүниесі тіл қататын адамдардың көзіне жас келтіреді.

«Тамыздың желі бетіме өбетін,
Таң ата анам мосы керетін.
Бишігін әкем беліне алғанда,
Сарымойын саулық мекіренетін.
Қоралы отар сосын өретін...» Шынымды айтсам, өзімнің туған жерім Бұлғындағы нағашым Мұқанаттың ауылына осы бір шумақ өлең мені қанатына мінгізіп өткен уақытқа алып барғандай қуандым.

АТАМНЫҢ ТОНЫ

«Атамның қайда ақ тоны?
Сағынып кеттім нақ соны.
Жамылып алып жайланып,
Жататын күндер жақсы еді.
Өтсе де жылдар көптеген.
Тер иісі сіңген кетпеген,
Арнайы апам еппенен,
Етегін әсем көктеген». Паһ, шіркін-ай, аязды күндері даладан тоңып келіп, әкеміздің сеңсең ішігін орана қалатын, сондағы тоның өзгеше иісі, жұп-жұмсақ жүнінің денемді жылытқан сәті, қайта бір оралғандай болды-ау, мына төрт қабырғалы газбен жылыған мәдени үйден мың артық қандай рахат еді! Осы әдемі сезім мен сағынышты қозғайтын осы өлеңге қалай разы болмассың!

«Жаның сенің сыйлады жатқа жалын,
Ақтарылды санамда жатқан ағын.
Ару қыздың аймалап ақ тамағын,
Ай мүлгиді жалғыздың жаттап әнін.
Кете бердің өзгенің таптап арын,
Кер маралдай керілген пәк қарағым».

Бозбала шақ деген ғашық болудың, күйіп-жанудың, армандап, шарықтап жүрудің... жалт-жұлт етіп өте шығатын қайырылмас сәті ғой. Мынау аз шумақ, көңілде көлеңдеп көлеңкесі қалған көп сұлуды елестетіп жіберді...

ЭЙФЕЛЬДЕГІ АЙСҰЛУ

«О, Париж! Ғажапсың не қылған?
Арусың алқасын тағынған.
Мың нөпір келуге ағылған,
Мың нөпір көруге сағынған.
Хәлді ешкім сезбейді біздегі,
Жанды елітіп барады түн лебі.
Санада сан жылдар бүрледі,
Мұстафа Шоқайдың іздері...»

«Керқұлан» жыр жинағында, Өр-Алтайда туып, балалығын сол кіндік қаны тамған жерде өткізіп, бозбала шағында атажұрт Қазақ Еліне келген жас ақынның атақты екі үлкен шаһар Алматы мен Астанада өткізген қуаныш пен реніші аралас, аумалы төкпелі көңіл-күй жыралары да шынайы, көкірегін ашып аңқылдаған өлеңдері бір төбе болса, ересек жігіт болған кезінде Италия, Франция тағы қанша елге сапарлап барғандағы жырлары да бір төбе екен, анау «Эйфельдегі Айсұлу» ақынның сондағы туындаған сезімдерінен сыр шертіп тұрғандай.

«Керқұландағы» жинақталған өлеңдердің көбінің жазылған жылы, ай, күні белгіленгені ақынның жас мөлшері мен өлеңінің өсу жолы мен ересеюінің естелігі іспетті. Әрі туған жері мен өзінің елінің, басқа дүние елдерімен теңестіре, шендестіре өлеңмен өрінектеуінде  биіктеп өскенін байқатты. Бір өлеңімен біз барып көрмеген ел-жұрттың таңсық өмірін паш еткеніні тамсантып тастады:

СИНГАПУР СҰЛБАСЫ

Тынық мұхит толқынымен тынығып,
Үнді мұхит тереңіне үңіліп.
Сингапурдан білім алды сыр ұғып,
Зерделінің ұстаздары жиылып.
Күллі әлем көз тігеді осы елге,
Сенім артқан сенген елі көсемге.
Балықшының орындалды арманы,
Ағылшынның ізі қалған мекенде.
Еншісінде болмағанмен ен дала,
Төңірегі тамсанады таңдана.
Болашаққа қанат қағар қоңдана,
Есебінен жаңылмаған ел ғана.
Сан ұрпағы санасынан өшірген,
Бұлардың да мұң-зары бар кешірген.
Несібесін қызғанамын несін мен,
Жұртта қалған жетім тайдай жетілген.
Күрсінтеді көне мұңым иектеп,
Көзім алды көк мұхиттай шүңет боп.
Тәңірімнен туған елге тілек көп,
Бұлармен де теңесерміз біз ептеп.
Мұндағының мұңын теңіз жасырған,
Ал менікі қармен, желмен шашылған.
Ақыл кені алақандай шаһардан,
Алты құрлық арасына тасынған.
Төрт маусымда Тәңірінен енші алған,
Ертегісі ертеңіне жол салған.
Атандаймын жүк түспеген арқамнан,
Босамаған арғымақпын арқаннан.
Үйренерім, үйретерім өте көп,
Тәңір берді несібесін еселеп.
Сарыарқама тартып барам төтелеп,
Азияның «арыстанын» жетелеп... 2024 жыл. Сингапур-Алматы.

Осымен, «Талапбекке таңырқау...» деп атаған шағын эссе өз мәресіне де жетті, қалғанын жыр сүйер қауымның еншісіне қалдырдым.

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

0 пікір