Бейсенбі, 18 Маусым 2026
46 - сөз 832 0 пікір 16 Маусым, 2026 сағат 13:01

Қағаз бетіне түскен Тама тарихы (жалғасы)

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

I бөлім: Қағаз бетіне түскен Тама тарихы туралы бірер сөз

II бөлім

Қағаз бетіне түскен Тама тарихы мәселесі туралы ойлағанымызда, қазақтың мың жылдық тарихын тірілткен жазушы һәм ғұлама тарихшы ғалым Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» атты төрт томдық ғылыми-зерттеу эпопеясында: «Тама әскері - Шыңғыс ханның тікелей жарлығымен құрылған, кейінгі ұлыс хандары одан әрмен күш беріп, түбінде қуатты тайпаға айналған бір үлкен қауым. Тарихтың тоспалы кезеңдерінде торғауыт сияқты тозғындамай, уақыт тізбегінде қоршы, болатшы, көнші сияқты, бірте-бірте жойылмай, әрқилы жағдай әсерімен құсшы сияқты ыдырамай, кейінгі заманға әуелгі атағы, дүрмекті тобымен жетіпті. Тама – ұлы Қаған жасақтаған ішкі әскер. Жаулап алынған жаңа аймақтарды бағынышта ұстау және сол өңірдегі тәртiп пен тыныштық кепілі ретінде құрылған, барған жеріне біржола орнығатын тұрақты жасақ. Тама әскерінің ұзын саны әуелден-ақ көп болған. Орталық қалың қолдан, әрбір түменнен бөлініп алынған жаңа жасақтың қолбасы нояны ләшкәр-тама атанады және оған жанамалас әскер қосындарынан тәуелсіз, дербес өкім жүктеледі. Соғыс, майдан уақытында әскери қолбасы, бейбіт күндерде әмірші әкім болған Тама әскері, ішкі күзет, қауіпсіздік жұмыстарымен қатар, орайына қарай ұлыс шегінен тысқары үлкен жорықтарға да жұмсалып отырған. Бірақ бұдан соң, әуелгі міндеті бойынша боданға кірген жаңа өлке, кеңейген аймақты тікелей өз қарауына алады. Тамалар Шыңғыс хан тұсында айрықша бедел тауып, өздері жүрген төңіректі тыныштыққа келтіріп отырған. Олар күнгей Кавказ - Арран, Әзірбайжан шегіне бекінген хорезмшах Жалел ад-динді талқандайды. Хұлағу ханның жасағында болып, Бағдат халифатына қарсы жорыққа қатысады. Міне, осы құрамдағы бүкіл тама әскері кейіннен Иран тарабында қалып қойып, олар парсы, түрік, Әзірбайжан халықтарының құрамына сіңісіп кетеді. Алтын Орда шегіндегі тама әскерлерінің тағдыры басқаша болған. Олар әсіресе Қазан хандығында үлкен ықпалға жетсе, Ноғай Ордасы, Қырым хандығы және Қасым хандығында белгілі де беделді рулардың бірі болып, Қазақ Ордасындағы ең негізгі рулардың біріне айналыпты», – деп жазған автордың Тамалар туралы жазбасы ойымызға алдымен оралады. (М.Мағауин. 355-356 беттер, Шыңғыс хан I том. Алматы, «Дәуір» – 2011 жыл.)

Кіші жүздің Тама тайпасы туралы бұл жазбаны М.Мағауин Рашид ад-Дин Хамаданидің «Тарихтар жинағы» (Жамиғ ат-Тауарих) еңбегіне сүйене отырып жазған. Бұл –анық!

Сонда, Рашид ад-Дин Хамадани өзінің Әлемге әйгілі «Тарихтар жинағы» (Жамиғ ат-Тауарих) деп аталатын еңбегінде Тамалар туралы не жазған? Енді соған көшейік.

Әуелгі ой Рашид ад-Дин Хамаданидің «Тарихтар жинағы» (Жамиғ ат-Тауарих) еңбегі хақында бірер сөз.

Рашид ад-Дин Хамадани «Тарихтар жинағы» (Жамиғ ат-Тауарих) еңбегін –  көп тілді меңгерген, жан-жақты білім иесі, Құлағу династиясының өкілі, Иранның Елханы Ғазан ханның тікелей бұйрығымен, Орта Азия халықтарының көне тарихы мен Азиядағы күллі түркі тайпаларының басын біріктіріп, Шыңғыс хан құрған Моңғол империясының сол кезде жүз жылға толған тарихын жазып шықты. «Моңғолдың құпия тарихы» және осы «Құпия тарихтың» кеңейтіліп, өңделген нұсқасы «Алтын дәптерді» негізгі дереккөзі ретінде пайдаланып,  1300-1310 жылдар арасында жазылған Рашид ад- Дин Хамаданидің «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі дүниежүзі тарихшылары бірауыздан мойындаған шынайы тарих. Орта ғасырлардағы Азия мен Моңғол империясының тарихына қатысты ғылыми еңбек жазған Азия не Еуропа тарихшыларының ішінен Рашид ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегін тарихи дерек көзі ретінде пайдаланбаған бірде-бір тарихшы жоқ. Сондықтан да, Рашид ад-Дин Хамаданиді ерте дүние мен орта ғасырлық Азия тарихы және Шыңғыс хан құрған Моңғол империясы «тарихының атасы» деп атайды.

Міне осы Рашид ад-Диннің 1300-1310 жылдар арасында жазған «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегінде орта ғасырда өмір сүрген басқа түркілік тайпалар секілді, «Тамалар тарихы» да жазылып қалыпты. «Жамиғ ат- Тауарихтағы» «Тамалар тарихынан» бұрын, 1300-1310 жылдары парсы тілінде жазылған Рашид ад-Дин Хамаданидің «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегінің қазақшаға аударылуы жайынан бірер сөз.

Еңбекті парсы тіліндегі түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аударған араб, парсы және түркі-шағатай тілдерінің маманы, аудармашы, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы жанындағы Ғұламалар Кеңесінің мүшесі Оразбай Зәріпбай Жұманұлы және аудармашының көмекшісі Оразбаев Мұхаммедзафар Зәріпбайұлы. Аударма еңбекті баспаға дайындап, түсіндірме сөздігі мен ғылыми түсініктерін жазған филология ғылымдарының кандидаты Тәжиев Қазыбек Тоғызбайұлы. Кітап «Мәңгілік Ел» жобасы жылы Шымкент қаласы, «Ар-принт»  баспаханасынан 2017 жылы басылып шыққан.

Міне, осы еңбектің 2-кітабының 36-37 беттерінде: «(Негізінде) сүнит тайпасынан әміршілер көп шыққан болатын. Шыңғыс дәуірінде оның атқосшысы Шырмағұн болған. Шыңғыс хан дүние салғанда Иранга келген Ека Жебе мен Субедей Темір Қахалға жолымен қайтып оралды. Содан Үгедей қағанға келіп, оған өздерінің құрметін көрсетті. Ол (Үгедей қаған) Шырмағұнды төрт мыңдық әскердің әскер таммасы етіп тағайындап, сол тарапқа (Иранға) аттандырды. Әскер тамма деген мыңдық пен жүздік (құрамынан) арнайы босатылып, әскер (басшы) етіп тағайындалған, әрі (жіберген) уәлаятта әрдайым болуы үшін бір аймаққа жіберілетін (адам) болады»,- деп жазады. (Рашид ад-Дин Хамадани 36-37 бет. Тарихтар жинағы. 2-кітап. Шымкент қаласы, «Ар-принт»-2017 жыл.)

Бұл жерде сөз – жаулап алынған елде орнығып, сол жерді басқаратын «Әскер Тама» яғни, Тама әскерінің қолбасы және әскердің «жүздік» не «мыңдық» құрамынан арнайы босатылған «Тама әскері» туралы болып отыр.

Айта кететін бір мәселе: Тама әскерлері «жүздіктің» құрамынан емес, М.Мағауин жазғандай «түменнен» (он мың қол) және орталық әскерден бөлініп алынған сарбаздар.

Шыңғыс хан әскер құрамын «ондық», «жүздік», «мыңдық», «түмен» (он мыңдық) деп бөлген. Ал, әскер – «түмендерден» құралған.

Еңбектегі: «Әскер Тама – жүздік пен мыңдық құрамнан  арнайы босатылған», деген сөйлем: «Тама әскері – мың және жүз адамның ішінен алынған әскер», – деген жаңсақ ұғым қалыптастырып, оқушыны адастырады.

Анығына келгенде, Тама әскерлері «мыңдық» не «түменнің» құрамында болған. Бұлай деп ойлауымыздың себебі, Рашид ад-Диннің «Тарихтар жинағының» 3-кітабының 164-165 беттерінде: «Темір, Сали, Меңгіду және Құтықы, Тама Ширамин ноянның түменінде болды», –  деп анық жазылған.

Рулық жүйе бойынша қалыптасқан қоғамда әскери-феодалдық мемлекет құрған Шыңғыс хан да, одан кейінгі Моңғол империясының әскер қосындары да ру-тайпалық жүй бойынша жасақталғанын Шыңғыс хан тарихын зерттеушілер өз еңбектерінде бір ауыздан атап өтеді.

Міне, осы Шыңғыс хан тарихын зерттеушілер еңбегіне сүйене отырып айтпағымыз: Шыңғыс хан әскері құрамындағы Тама әскері – орталық әскер мен түмендерден бөлініп алынып, ерекше тапсырмаларды орындау үшін рулық жүйе бойынша құрылған арнаулы жасақ.

Рашид ад-Дин Хамаданидің «Тарихтар жинағы» атты еңбегінің екінші кітабының 36-37 беттеріндегі жазбалардан түсінгеніміз: Ираннан келген Жебе (ноян) мен Сүбедей (Сүбітай) бахадүрлар Үгедей ханға келіп, өз құрметтерін көрсеткен. Содан соң Ол (Үгедей қаған) Шырмағұнды төрт мыңдық әскер Таммасы етіп тағайындап, Тама әскерін сол тарапқа (Иранға) аттандырады.

Осы жазбаларды талдайық: Үгедей 1229-1241 жылдар арасында Моңғол империясының Шыңғыс ханнан кейінгі екінші Ұлы Қағаны болды. Үгедей қаған билігі тұсында моңғолдардардың Иранды әлі жаулап алмаған уақыты. Иранды Құлағу бастаған Моңғол әскері 1256 жылы Мөңке қағанның тұсында жаулап алған болатын. Сол үшін Ұлы Қаған Мөңке Моңғол империясы атынан Құлағуды Иранға билеуші (наместник) етіп тағайындады.

1229-1241 жылдар арасында Моңғол империясының ұлы қағаны болған Үгедей тұсында моңғолдар әлі Иранды жаулап алмаған кезі. Демек, Үгедей қаған Рашид ад-Дин Хамаданидің «Тарихтар жинағы» еңбегінде аты аталған Шырмағұн басқарған төрт мыңдық Тама әскерін әлі жаулап алмаған Иранға барлау үшін аттандырып отыр. Үгедей Қағанның бұл іс әрекетінен ұққанымыз: Әлі жаулап алынбаған Иран тарапына аттандырылған Тама әскері – шын мәнінде  ерекше тапсырмаларды орындау үшін арнайы құрылған жасақ болғандығына анық көзіміз жетеді.

Демек, М.Мағауиннің «Шыңғыс хан» ғылыми-зерттеу эпопеясындағы: «Тама – Ұлы Қаған жасақтаған ішкі әскер. Жаулап алынған жаңа аймақтарды бағынышты ұстау және сол өңірдегі тәртіп пен тыныштық кепілі ретінде құрылған, барған жеріне бір жола орнығатын тұрақты жасақ», – деген жазбаның тарихи өзегі Рашид ад-Дин Хамаданидің Әлемге әйгілі «Тарихтар жинағы» еңбегінен алынған ой екендігі  – анық. (М.Мағауин. 355-356 беттер, Шыңғыс хан I том. Алматы, «Дәуір» – 2011 жыл.)

Тамалар туралы тағы бір жазба Рашид ад-Диннің «Тарихтар жинағы» деп аталатын көп томдығының алтыншы кітабында кездеседі. Шыңғыс ханның шежірелі тарихын түгелдеген ұлы тарихшы Рашид ад-Дин Хамадани бұл жерде де Тамалар туралы тағы да бір жанама ақпарат беріп кетіпті. Ол былай дейді: «Оған қоса бойсұндырылған аймақтардың өзі де тұрақсыз жағдайда еді және кішкентай да болсын желеу пайда болса, бөлініп кетуге дайын тұрған болатын. (Сонда) ол (Мөңке қаған) жалпы кеңес ұйымдастырып, барлық бауырлары, ханзадалар мен Шыңғыс ханның ұрпақтарының бәрі, оның маңдайында айқын ұлылық пен саясат(патшалық қабілет), құдіреттілік пен дәулеттің (зор бақыттың) белгілерін көрген өзінің бауыры Құлағу ханды Иранға тағайындады. Сөйтіп одан бұрын тама әскерлері ретінде жіберілген әскерлердің барлығы және Сали ноянмен Кашмир тарапында және Балх пен Бадахшан жерлерінде тама әскері ретінде болғандардың барлығы Құлағу ханға бағынатын болады деп бұйырды. Және барлық Еке ноянның ұлығына тиесілі өзге әскерлерден және өзге ханзадаларға тиесілі әскерлерден, олардың негізгі саны азайып қалмасын деп, әрбір ондықтан есепке кірмейтіндерден екі адамнан бөліп беруін және ол иеліктерге барып қоныстануы үшін Құлағу ханның инжуіне (оның иелігіне) тапсыруларын бұйырды. Сосын осы (аталған) әскерлер де, тағы бойсұндырылған мемлекеттер де оған және оның балаларына тиесілі болатын болды.»  (Рашид ад-Дин Хамадани. 156-бет, Тарихтар жинағы. 6-кітап. Шымкент қаласы, «Ар-принт»-2017)

Рашид ад-Дин Хамаданидің «Тарихтар жинағы» еңбегіндегі Тамалар туралы алғашқы сөз 1229-1241 жылдар арасында Ұлы Моңғол империясының Шыңғыс ханнан кейінгі екінші Ұлы Қағаны болған Үгедей (Өкітай) тұсында болып отыр. Ал, екінші жазбадағы Тамалар туралы сөз 1251-1259 жылдар арасында Моңғол империясының Ұлы Қағаны болған Мөңке тұсында болып отыр. Бұл жазбада: Мөңке Қаған өзінің бауыры Құлағуды Иранға хан етіп тағайындағаны және Құлағу Иранға хан болып тағайындалғанға дейін Иран тарапына жіберілген Тама әскерлері және Салин ноянмен бірге Кашмир, Балық және Бадақшам жерлеріндегі Тама әскерлері түгелімен, Иранға хан болып тағайындалған Құлағуға бағынуға тиіс екендігі айтылған.

Рашид ад-Дин Хамаданидың «Тарихтар жинағының» 2-кітабындағы жазба бойынша: Шырмағұн бастаған төрт мың Тама әскері әлі жаулап алынбаған Иран тарапына Үгедей Қағанның тұсында аттандырылыпты. Бұрын Иран тарапына жіберілген осындай Тама әскерлері араға 10-15 жыл салып, Иранды жаулап алу үшін Иранға аттандырылған Құлағу әскеріне бағынуға тиіс екендігі «Тарихтар жинағының» 6-кітабында анық айтылған.

Рашид ад-Дин Хамаданидың «Тарихтар жинағы» көп томдығының екінші және алтыншы кітабындағы жазбалардан түсінгеніміз: М.Мағауин «Шыңғыс хан» атты зерттеу эпопеясында жазғандай: Тама әскері – ерекше тапсырма орындау үшін арнайы құрылған жасақ. Бұл сөзімізге дәлел: Рашид ад-Дин Хамаданидың «Тарихтар жинағындағы» Тамалар туралы жазбалар.

1251 жылы Моңғол империясының ұлы құрылтайының шешіміне сәйкес Құлағу Иранмен бірге Иранның батысындағы Сирияны, Палестинаны, Мысырды, Рум және Арменияны бағындыруға тапсырма алады. Ұлы құрылтай шешіміне сай қимылдаған Құлағу Алдыңғы Азияға 1256-60 жылдар жорық жасап, Иранды 1256 жылы жаулап алып әуелгі кезде Құлағу ұлысы, кейіннен  1261 жылы Құлағудың сол тұста Моңғол империясының Ұлы Қағаны болған Құбылайдан Елхан (Ұлыс хан) дәрежесін алуына байланысты, 1261 жылдан бастап Ирандағы Құлағу ұлысы – Елхан (Ильхан) мемлекеті деп атала бастағаны тарихтан белгілі.

Әскер ісінің дүниежүзілік дәрежедегі ұлы реформаторы Шыңғыс хан – болашақта жаулап алатын елін жан-жақты зерттеп барлау үшін жауынгерлік шеберлігі жоғары сарбаздардан арнаулы әскер жасағын құрғанын, Шыңғыс ханның әскери өнерін арнайы зерттеген Моңғол халқынан шыққан Югославия университетінің профессоры Эрендж Хара-Даван, ағылшын ғалымдары Бэзил Лиддеп Харт, Мэн Джон, қазақ ғалымы Мұхтар Мағауин, орыс ғалымы Б.Я. Владимирцовтар өз зерттеу еңбектерінде кеңінен тоқталып, анық жазған. Шыңғас хан тарихының әскер ісін зерттеген бұл ғалымдар Шыңғыс хан туралы өз зерттеу еңбектерінде, Рашид ад-Дин Хамаданидың 1300-1310 жылдар арасында жазылған «Тарихтар жинағы» (Жамиғ ат-Тауарих) еңбегіне негізгі дерек көзі ретінде үнемі сілтеме жасап отырады. (Қараңыз: Э.Хара-Даван. Чингиз хан как полководец и его наследие. (1929) Бэзил Лиддип Харт. Стратегия непрямых действие. М.Мағауин Шыңғыс хан, Мэн Джон Чингизхан. Жизнь, смерть и воскрешение. Б.Я.Владимирцов Общественный строй монголов. Монгольский кочевой феодализм. (1934)

Құлағу әскері қосындары Иран, Ирак, Бадақшам, Балхы өңірлерін жаулап алған соң, соғыс майдан уақытында алдыңғы шепте болып, майдан басталмай тұрып, болашақта жаулап алынатын елдерге әскери тұрғыдан барлау жасап, сол елдерді көп зерттеген Тамалар – бейбіт күндерде жаулап алынған елдердің билеуші, әміршілері болған. Иран тарапындағы Құлағу әскерінің құрамында болып, жаулап алынған жерлерді басқаруға қалдырылған Тама әскерлері – жергілікті парсы, түрік, әзірбайжан халықтарымен ассимиляцияға түсіп, сол халықтардың құрамына сіңісіп кеткен. Иран тарапындағы Тама әскерлерінің кейінгі тағдыры осылай болғанда, Алтын Орда шегіндегі Тама әскерлерінің тағдыры мүлде басқаша қалыптасқан. Мұхтар Мағауиннің зерттеуі бойынша: Алтын Орда мемлекетінде үлкен ықпалға ие болған Тамалар, Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы Ноғай ордасы, Қырым хандығы, Қасым хандығында белгілі де беделді рулардың бірі болып, кейін құрылған Қазақ ордасында ең негізгі рулардың біріне айналыпты.

Рашид ад-Дин Хамаданидың «Тарихтар жинағы» еңбегіндегі Тама әскерлері туралы жазбалардан дұрыс түсінуге тиіс бір мәселелер бар.

Ол – Тама тарихтар жинағының алтыншы кітабының 156-бетіндегі: «...Ол (Мөңке Қаған) өзінің бауыры Құлағу ханды Иранға тағайындады. Сөйтіп одан бұрын Тама әскерлері ретінде жіберілген әскерлердің барлығы және Сали ноян мен Кашмир тарапында және Балых пен Бадақшам жерлерінде Тама әскері ретінде болғандардың барлығы Құлағу ханға бағынышты болады. Және барлық Еке ноянның ұлылығына тиесілі өзге әскерлерден, олардың негізгі саны азайып қалмасын деп, әрбір ондықтан есепке кірмейтіндерден екі адамнан бөліп беруіне және ол иеліктерге барып қоныстану үшін Құлағу ханның інжуіне (иелігіне) тапсыруларын бұйырды», - деген жазба. (Рашид ад-Дин Хамадани. 156-бет. Тарихтар жинағы. 6-кітап. Шымкент қаласы, «Ар-принт»-2017)

Бұл үзіндіге ерекше мән беріп отыруымыздың негізгі себебі, жазбадағы: «...Әр ондықтан екі адамнан бөліп беруін... бұйырды», - деген сөйлемдегі ойды кейбір тарихшылар: «Тамалар әр рудан сынақ арқылы екі кісіден алынған таңдаулы әскер жасағынан құралған ру», - деп тәпсірлеп, түсіндіріп жүр.

Ә дегенде бізде солай ойлап қалғанбыз. Тіптен осы ойымызды Тамалар туралы жазған зерттеу еңбегімізде жаздық та. Алайда, бұл – Рашид ад-Диннің «Тарихтар жинағы» еңбегін дұрыс түсінбегендіктен туындаған қате тұжырым екендігін кейіннен барып бағамдадық.

«Тарихтар жинағында»: «Тама әскері – әр рудан екі кісіден сынақ арқылы алынған таңдаулы әскер жинағы», – деген сөйлем мүлдем жоқ. «Тарихтар жинағында»: «Әскер Тама – мыңдық пен жүздік (құрамынан) арнайы босатылып, әскер (басшы) етіп тағайындалған, әрі уәлаятта  әрдайым болу үшін бір аймаққа жіберілетін (адам) болады», – деп жазылған. (Рашид ад-Дин Хамадани. Тарихтар жинағы. 36-37 бет.  2-кітап. Шымкент қаласы, «Ар-принт»-2017)

Бұл жерде әңгіме күллі Тама әскері туралы болып отырған жоқ. Әңгіме «Әскер Тама» (түпнұсқада Ләшкар Тама) яғни, Тама әскерінің басшысы туралы болып отыр. Сөйлемде айтылған: «Әскер Тама» – уәлаятта әрдайым болу үшін... аймаққа жіберілген адам», – деген сөз тіркестерін бүгінгі күннің жалпақ тілімен түсіндірсек: «Тама әскерінің басшысы жаулап алған уәлаятты басқарады», – деген мағынадағы сөйлем шығады. Яғни, бұл сөйлемді: Тама әскерінің басшысы – бейбіт күндерде жаулап алынған аймақты басқаратын сол жердің әкімі болған, – деген мағынада түсінуіміз керек.

Ал, Рашид ад-Диннің «Тарихтар жинағының»  6-кітабының 156-бетіндегі: Кашмир, Бадақшам, Иран тарапындағы Тама әскері туралы айтылып келіп: «...өзге әскерлерден... екі адамнан бөліп беруін бұйырады», – деген сөйлемдегі «өзге әскер», «екі адам» деген тіркестер: «Тамалар Шыңғыс хан тұсында әр рудан (Шыңғыс хан әскерлерді ру бойынша жасақтаған) сынақ арқылы алынған екі адамнан құралған ру», – деген ойдың айтылуына себепкер болған.

Анығына келгенде, «Тарихтар жинағының» 6-кітабының 156-бетіндегі жазбада: «...өзге әскерлерден, олардың негізгі саны азайып қалмасын деп, әрбір ондықтан екі адамнан алынсын», – деген Мөңке Қаған бұйрығының Иран, Балхы, Бадақшам, Кашмир тарапында бұрыннан  жүрген Тама әскерлеріне еш қатысы жоқ.

Иран мен Алдыңғы Азияны жаулап алу үшін құрылып жатқан Құлағу әскеріне әр әскер бөлімінен 2 адамнан алынуының себебі – басқа бөлімдегі әскерлер санының азайып қалмау екендігі Мөңке Қағанның жарлығында анық жазылған. Сондықтан, Мөңке Қағанның жарлығын дәлел ретінде ұстап: «Тамалар – түрлі әскер бөлімдерінен сынақ арқылы екі кісіден алынған таңдамалы әскер жасағынан құралған ру», – деген ой шындыққа мүлдем жанаспайды.

Мұндай ойды тәпсірлеп жүрген – парсы тілінде, орта ғасырлық ғылыми стильде жазылған Рашид ад-Диннің «Тарихтар жинағындағы» кейбір сөйлемдердің мағынасын дұрыс түсінбеген кейінгі тарихшылар. Болмаса, Тамалар – сынақ арқылы алынған әскерлерден құралған ру деген тұжырым – Рашид ад-Дин Хамаданидың «Тарихтар жинағында» да, М.Мағауиннің «Шыңғыс ханында» да кездеспейді.

Мына мәселені түсініп алғанымыз жөн: Шыңғыс хан құрған Моңғол империясы тұсындағы әскер бөлімдер – ру-тайпалық негізде құрылған. Мысалы: Найман, Арғын, Керей, Тама, Табын әскер қосындары деген секілді.

Әр рудан сынақ арқылы алынған адамдарды бір әскер бөліміне жинап: «Сендер бүгіннен бастап бір русыңдар», – деп айту, орта ғасырлық рулық-патриархалды қоғамда мүмкін емес жағдай. Себебі, ру – арғы тегі бір атадан тараған, қан туыстығы арқылы бірігетін адамдардың қоғамдық әлеуметтік тобы. Ру мүшелерін біріктіретін ең басты фактор, ол – қан туыстығы яғни, генологиялық тұрғыдағы байланыс. Қандай билеуші болса да, руды қолдан ұйымдастыра алмайды. Бұл – табиғат заңдылығына һәм орта ғасырдағы қоғамдық түсінікке мүлдем жанаспайтын қарама-қайшы құбылыс. Сондықтан да, Тамалар Шыңғыс хан әмірімен әр әскер бөлімінен сынақ арқылы алынған жауынгерлерден құралған ру деген пікір – ғылыми негізі өте төмен, түп-тамырымен қате тұжырым.

XIII ғасырда түркі тайпаларының басын біріктіріп, Шыңғыс хан құрған әскери-феодалдық мемлекетте әскер мыңдықтары мен түмендер тайпалық-рулық жүйе бойынша құрылды. Рулық жүйе бойынша Шыңғыс хан құрған әскер қосындарын тылдан керек жабдықтармен қамтамасыз ету үшін, айналысатын кәсібіне орай Көнші, Темірші, Болатшы, Отыншы деп аталып кеткен тұтас рулар болған. Бірақ, бұл руларды Шыңғыс хан қолдан ұйымдастырған жоқ. Олар ру бойынша, бейімделген кәсібіне орай солай аталған. Кейіннен жаулап алынған елден қолға түскен тұтқындарды, Шыңғыс хан кәсібі мен бейіміне орай Көнші, Темірші, Балташы руларына сіңістіріп отырған кезі болған. Бұл – тарихи факт.  Көнші, Болатшы, Темірші, Отыншы деп аталған рулардың кейбірі күні бүгінге дейін қазақ халқын құрайтын ру-тайпалар құрамында жүр. Мысалы: Ұлы жүз Дулаттың ішінде Темір, орта жүз Найманның ішінде Көнші, Болатшы, Балталы деген рулар бар.

Шыңғыс хан Көнші, Болатшы, Балталы рулары секілді, Тама руын да сынақпен  қолдан ұйымдастыру арқылы емес, әскери тұрғыдағы жоғарғы кәсіби шеберлігіне орай, арнаулы әскер жасағы деп құруы да бек мүмкін. Себебі: Орта ғасырларда әскери өнерді кәсіп етіп, келісім шарт арқылы тұтас мемлекеттерді қорғаған түркі – қыпшақ тайпалары өте көп болған. Бұған мысал: Орта ғасырдағы Мысыр мен Сирия билеушілерінің жеке гвардиясын құраған, Мамлүктер деп аталған түркі халықтарынан шыққан кәсіби-әскер жауынгерлері мен XI ғасырдың соңы мен XII ғасырдың бірінші жартысында Грузия мемлекетінің негізі қалаған IV  Давид (Давид құрылысшы (строитель) патшаның мемлекетін сыртқы жаулардан қорғаған түркі руларынан құралған қыпшақ жауынгерлері. Егін шаруашылығымен айналысатын орта ғасырлардағы ежелгі Русь те жалдамалы қыпшақ жауынгерлерінің әскери күшін сыртқы жаулардан қорғану үшін келісім-шарт арқылы ақы төлеп, молынан пайдаланған. Орта ғасырлардағы түркі жұртын құраған Қыпшақ тайпаларында  мұндай мысалдар өте көп.

Осындай мысалдарға сүйене отырып айтпағымыз: Орта ғасырлардағы түркі тайпаларының басын қосып, мемлекет құрған Шыңғыс хан, кәсіби тұрғыдағы әскери шеберлігі үшін Тама тайпасынан құралған әскерді ерекше тапсырмаларды орындайтын арнаулы жасақ ретінде пайдаланған деп ойлаймыз. Бұл ойымыздың дәлелі: 1300-1310 жылдар арасында жазылған рашид ад-Дин Хамаданидың «Тарихтар жинағы» еңбегіндегі Тама әскері туралы жазбалар.

Қалай десек те, Шыңғыс хан тұсында да, одан кейінгі ұлы Қағандар тұсында да ерекше тапсырмалар орындайтын арнаулы әскер жасағы болып, Алтын Орда тұсында одан кейінгі Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Қырым хандығы және Қасым (Касимовка) хандығы тұсында да ерекше беделге ие болған Тамалар – XV ғасыр шегінде құрылған Қазақ хандығы тұсында да қазақ халқын құрайтын негізгі рулардың бірі болғаны анық.

Нұрғали Махан

Abai.kz

0 пікір