Иранның қанша қауқары қалды?!
Соғыстың алғашқы күні Иран Израиль мен АҚШ-тың ракетаға қарсы жүйелерін қирату үшін жүздеген баллистикалық ракета жіберген. Көп ракета құлатылды. Ал қазір Иран ракета атуды азайтып, күніне ондаған ракета жібере бастады. Ашық дереккөздерге сүйенген әскери сарапшылар Иранның ракета атуы азайғанымен дәл тиюі жоғарылған дейді. Мұның себебіне үңіліп көрдік.
"АҚШ пен Израильдің соққылары Иранның ракета жіберу қондырғыларына айтарлықтай зиян келтіргені анық. Мұны атылатын ракеталардың азаюынан байқауға болады. Бірақ Иран ракеталарын үнемдеуге үшін кіші, бірақ маңызды деп шешкен нақты нысандарды дәл ата бастады" дейді Вашингтондағы Stimson Center сараптама институтының ғылым қызметкері Келли Грико.
Қазір Иран АҚШ-тың Таяу шығыстағы маңызды әскери нысандары мен радиолокация жүйелерін, АҚШ-тың одақтасы саналатын араб елдерінің мұнай-газ инфрақұрылымдарын, Израильдің өндірістің және энергетикалық нысандарын ата бастаған. Тегеран аз ракета атып негізгі әскери мақсаттарына (қақтығыс аумағын кеңейту, әлемдік экономикада тұрақсыздық тудыру, АҚШ пен оның одақтастарын шығынға ұшырату) жетіп жатқанға ұқсайды.
"РАКЕТАЛАРЫ АЗ ҚАЛДЫ"
26 наурызда АҚШ президенті Иранның "аз ракетасы қалды" деп мәлімдеген. Вашингтон соғыс басталғалыИранның ракета атуы 90 пайызға азайғанын айтады. Ал Израиль Иранның ракета қондырғыларының 70 пайызы қиратылды дейді.
Дегенмен Таяу Шығыста күнде әуе дабылы қағылып жатыр. Иранның ракеталарының атуын бақылап отырған әскери сарапшылардың есебінше, Иран күніне 20-30 зымыран атып жатыр. Бұған қоса, ауыр соққы жасайтын ондаған арзан дрондарды да жіберуге көшкен.
Ал Reuters агенттігінің ақпараты АҚШ пен Израильдің мәлімдемесіне қарама-қайшы. Агенттік 27 наурызда дереккөздеріне сілтеп, АҚШ Иранның ракета қорының үштен бірін ғана жойды деп жазды.
Женева халықаралық қатынастар институтының Иран бойынша сарапшысы Фарзан Сабеттің пайымдауынша, Иран "ракеталары мен дрондарының үлкен қорына инвестиция салып, оларды елдің қиын таулы аймақтарына жақсылап орналастырып, тыққан".
"Трамп әкімшілігі мен Израиль Иранның ракета мен дрондарының шығынын үлкейтіп көрсетуі мүмкін. АҚШ пен Израиль Иранның ракета қоры мен зымыран ату қондырғыларының күшін дұрыс бағаламаса керек" дейді.
Иранның қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық ракеталарының саны екі мыңнан сегіз мыңға дейін деп айтылады.
"Иран әскерилері істен шыққан ракеталар мен қондырғыларды тез жөндеуді үйреніп отыратынын білеміз. Демек олар АҚШ пен Израиль қираттық деген ракеталар мен қондырғыларды қалпына келтіре алады" дейді Сабет.
ИРАННЫҢ ДӘЛДІГІ
Сарапшылар Иранның ракета арсеналы азайса да дәл тигізу үлесі артып келе жатқанын айтады.
The Wall Street Journal газетінің жазуынша, Израиль ракетаға қарсы ең мықты жүйелерін іске қосқан.
Ал The Washington Post дерегінше, соғыс басталғалы АҚШ 850-ден аса "Томагавк" ракеталарын атқан. Америка жылына жүздеген "Томагавк" ракетасын шығарады.
Responsible Statecraft онлайн-журналы Иран әуе қорғанысының радарларына да соққы жасап, соның салдарынан АҚШ пен Израильдің қорғанысы әлсіреуі мүмкін деп жазады.
27 наурызда Иранның ракеталары мен дрондары "Сұлтан ханзада" әуе базасына ракета-дрондармен соққы жасап, кемі 12 америкалық әскери жараланған. Бензин құятын екі KC-135 ұшағы бүлінген.
21 наурызда Иранның ракеталары Израильдің Арад және Димон қалаларына жетіп, ондаған адам зардап шекті. Бұл қалаларды Израильдің ядролық зерттеу орталықтары мен реакторлары орналасқан.
Сарапшылардың сөзінше, Иранның дәлдігі осы қалпында қара бермек, ал тараптар бейбіт келісімне келмесе не соғыста үлкен өзгеріс болмаса Иранның бұл дәлдігі арта беруі де мүмкін.
Дереккөз: Азаттық радиосы
Abai.kz