ЖИ және Әдебиет
ЖИ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ: ТЕХНО-ӘДЕБИ СИНТЕЗ, АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ШЕКАРА
Қазіргі уақытта жасанды интеллект (ЖИ) адамзат қызметінің барлық саласына еніп, жаһандық дамудың басты қозғаушы күшіне айналды. Жоғары білім мен ғылым жүйесінде студенттен бастап профессорға дейінгі қауым ЖИ-ді ғылыми-зерттеу үдерісін оңтайландыру тетігі ретінде белсенді қолданысқа енгізді. Алайда технология ұсынған «коллаж мәтіндерді» механикалық түрде көшіру интеллектуалдық жаңалық әлеміне енгізбейтіні анық. Гаджет тілімен айтқанда, мұндай «copy-paste» үрдісі ешкімді де нағыз шығармашылық жаңалық табалдырығынан аттатпайды.
Қазіргі уақытта ЖИ өмір сүру салтымыз бен когнитивтік мінез-құлқымызды түбегейлі трансформациялап жатыр. Елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы мен «Қазақстанның цифрлық елге айналу» стратегиясы жаһандық технологиялық дамуға тең дәрежеде қатысуға деген нақты қадамды білдіреді. Көлемді цифрлық дерекқорлар кез келген саланы қайта жаңғыртып жатқанда, ЖИ-дің әдебиет әлеміне енуі қаламгер қауымды терең ойға батырып, техно-әдеби синтез тәсілін тудыру мүмкіндіктеріне үңілуге мәжбүрлейді. Сондықтан, бұл мақалада ЖИ-ді әдеби үдеріске интеграциялаудың технологиялық әлеуеті мен соның негізінде туындайтын авторлық құқық пен кейбір қатерлерді саралаймыз.
Әдебиет эволюциясы: кейіпкерден – интеллектуалды бірлескен авторлыққа ауысу
Осыдан үш-төрт жыл бұрын авторларымыз «робот түс көрмесе, сезіне алмаса қалай жаңа шығарма тудырады?» деп әдеби мұраның болашағына алаңдаған еді. Ділдар Мамырбаева, Манарбек Қарекенов, Досхан Жылқыбай сынды авторларымыз роботтарды шығарма кейіпкері етіп суреттеді. Бұл үрдіс қазақ қаламгерлері уақыт көшінен қалмай, технологиялық тәсіл мен тілдік эстетиканы синтездеп, ұлттық әдебиеттегі кейіпкерлер әлемі мен сюжеттер шоғырын жаңа қырынан толықтыра түскені анық. Ал енді кейіпкерлер емес, ЖИ-дің өзі шынайы автормен бірге әдеби мәтін жазуға тікелей қатысатын уақытқа жеттік. Бұл жаңа технология дәуірінде авторлық институттың өзгеріске ұшырап жатқанын көрсетеді. Оған қоса, қазіргі шығармашыл тұлғалар, оның ішінде жазушылар мен ақындар, әсіресе, жас авторлар буыны ЖИ платформасының қызметіне жүгінбейді деу қиын. Сонда да кейде ЖИ-дің артықшылығынан бейхабар болғандықтан немесе авторлық құқықты дөрекі түрде бұзады деп есептейтіндіктен қаламгерлеріміздің бір бөлігі ЖИ қызметіне сенімсіздік танытатыны рас. Алгоритм кез келген қалам иесінің потенциалын аша алады, бірақ ол үшін автордың ЖИ-ге бағыт беру шеберлігі болуы тиіс.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
ЖИ-ге промпт жасау (бағыт беру) өнері: шығармашылық потенциал көкжиегі
ЖИ-ді әдебиетте қолданудың басты кілті – «промпт» (prompt), яғни автордың ЖИ-ге бағыт беру шеберлігі. Бұл алгоритм кез келген қалам иесінің потенциалын кең ауқымда аша алады. ЖИ қаламгердің интеллектуалды серіктесіне айналып, секундтар ішінде сюжеттік модельдердің бірнеше нұсқасын жасап бере алады. Мысалы, «Отыз жылдан кейінгі Алматы климатының трансформациясы» туралы футуристік әңгіме жазу туралы сұранысқа ЖИ келесідей төрт түрлі концепция ұсынды: «Жасыл ренессанс» сценарийінде – қала билігі мен тұрғындардың экологиялық тұрғыда белсенділігінің арқасында Алматының орман-қалаға айналуы; «Түнгі қала» нұсқасында – күндізгі аптап ыстыққа байланысты мегаполис өмірінің түнгі уақытқа ауысуы; «Мұздықтардан айырылу» жобасында – 2050 жылдарға қарай Іле Алатауы мұздықтарының толық жойылып, таулардың шөлейтті ландшафтқа ауысуы; ал «Мәңгілік күз» нұсқасында климаттың тропикалық ылғалды белдеуге ауысып, бойы жылы жаңбыр жауатыны бейнеленеді. Бұл – ЖИ-ге бір ғана пәрмен беру нәтижесінде жасалған нұсқалар. Келесі алгоритмдік қадамда ЖИ мүлдем басқа – жаңа интерпретациялар ұсынуы мүмкін. ЖИ-дің мұндай қызметі әдеби автордың шығармашылық ізденісіне тың идеялар беретіні анық. Бұл қызметіне қарай ЖИ мәтінін дайын өнім емес, автордың қиялына қозғау салып, шабытын оятатын интеллектуалды серіктес деп бағалауға болады. Жауаптардың ұтымды ұсынылуы ЖИ-ге қалай бағыт беретінімізге тікелей байланысты. Автор сол идеялардың ішінен ең үздігін таңдап алып, өз қаламымен өңдегенде нағыз шығарма туады.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Digital Humanities: әдеби сын мен талдаудың цифрлық лабораториясы
ЖИ – адам мүмкіндігі жетпейтін ауқымды ақпаратты секундтарда жүйелейтін бірегей құрал. Әуезов, Мүсірепов, Есенберлин томдықтарын секундтар ішінде «сүзіп шығып», ондағы ең жиі қолданылатын метафоралар мен сөз таптарын есептеп беруге қатысты қызметін отандық гуманитария ғылымындағы цифрлық жетістік деп балауға болады. Бұрын лингвистер жазушының жиілік сөздігін жасау үшін көп уақыт жұмсаса, бүгінгі уақытта ЖИ автордың стилін ғылыми тұрғыдан математикалық дәлдікпен есептей алады. Бұрын отандық лингвистикада математикалық әдістер арқылы тілтанушы ғалымдар «Абай жолындағы» Әуезовтің жиілік сөздігін, яғни, сөз таптарын қаншалықты жиі қолданғанын есептеп шығып, ғылыми жұмыстар қорғағанынан жақсы хабардармыз. Сондай-ақ, Алтын Орда кезеңі сияқты бұрынғы дәуірлер жайлы тарихи романдар жазу үшін мыңдаған жылдық деректерді жүйелеуде ЖИ таптырмас цифрлық, интеллектуалды архив қызметін атқарады. Мысалы, жазушыға Алтын Орда кезеңі туралы тарихи роман жазу үшін сол дәуірге қатысты егжей-тегжейлі деректер қажет болды делік. ЖИ-ге «Маған Алтын Орда дәуіріндегі жыл мезгілдерінің ерекшелігін, жағрафиялық көрінісін, халықтың тұрмыс-жағдайын, салт-дәстүрін бейнелеп бер» деген тапсырма бойынша ЖИ мыңдаған жазбаларды сүзіп шығып, дайын әдеби мәтін жазып береді.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Эксперимент: Абай мен Мұқағали стиліндегі мәтіндер
Тәжірибе ретінде ЖИ-ге Абай мен Мұқағали стилінде төмендегі мәтінді жаздырып көрдік. ЖИ Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңінің сыртқы формасын және ғылым-білімді насихаттайтын дидактикалық сарынын сәтті жаңғырта алатыны байқалды. Мәтінде Абайға тән «жалқаулық жайлап», «ғылым қумай» сынды төл тіркестері көрініс тапқанымен, ЖИ мәтінінде ақынға тән терең философиялық қабаттар жетіспейді. ЖИ тек белгілі бір поэтикалық әуен мен формаға еліктеумен шектелген. Мұқағали поэзиясына жақын келетін асқақ пафос пен экспрессивті қаратпа сөздерді («Уа, жүрек!», «Ей, Өмір!») қолдану арқылы ЖИ еркін ырғақ пен эмоционалды бояу бере алған. Дегенмен, бұл мәтінде Мұқағалидың қолтаңбасы саналатын экзистенциялық мұң мен ішкі сырласу тәсілі әлсіз көрініс тапқан. ЖИ Мұқағаи өлеңдеріне тән ырғақты сақтағанымен, бейнелі астар мен шынайы сезім иірімдеріне бойлай алмаған. ЖИ екі ақынның лексикасымен үйлеспейтін технологиялық терминдерді араластырып, мәтіннің көркемдік тұтастығын бұзған. Сонымен қатар, шынайы поэзияның орнын технологияның зияны туралы құрғақ дидактикалық сарын басқан. Бұл эксперимент ЖИ-дің еліктеу күші жоғары болғанымен, шығармашылық демиургтік (жаратушылық) қабілеті әлсіз екенін көрсетті.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Негізгі қатерлер: эстетиканың құнарсыздануы және авторлық құқық дауы
ЖИ-ді әдеби үдеріс саласында қолданудың негізгі қатерлеріне тоқталар болсақ, ЖИ әдеби туындының ішкі мазмұны мен құндылығына тигізетін зардабын басты қатердің бірі деп есептеуге болады. ЖИ тілдің қарапайым қабаттарын қолдану арқылы қазақ тілінің бейнелі, метафораға бай әлеуетін шектеп тастауы ықтимал. Бұл – әдеби эстетиканың құнарсызданатынын білдіреді. Егер авторлар ЖИ-дің дайын өнімін тұтына берсе, ұлттық әдебиетте ортақол, рухсыз, бірсарынды шығармалар қаптауы мүмкін.
Авторлық құқық та әлемде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. Авторлық туындының ЖИ-ді қолдану салдарынан туындайтын плагиаттан қауіптеніп, оқырманнан, жалпы шығарма оқылатын, талқылайтын сыртқы әлемнен қол үзуі қиын. Оның үстіне жарық көрген шығармалар қазір интернет кеңістігіне орналастырылмаса да, ерте ме, кеш пе онлайн кеңістікке шығатыны анық. Осыған қатысты жапон әдебиетінде 1-2 жыл бұрынғы мына бір жағдайда еске түсіруге тура келеді. Риэ Кудан есімді жапон жазушысы Акутагава атындағы беделді сыйлыққа ие болғанда жазушы сахнада күміс статуэтканы ұстап тұрып сыйлық алған романының 5% (кейбір деректерде 11% деп көрсетілген) нейрондық желімен жазғанын мойындайды. Сол сәтте кейбір оқырмандар наразылық көрсетіп, кітапты сатып алғандары кері қайтарып бергісі келеді. Сондықтан, авторлық туындылардың әрбір қырын: ұсақ деталінен бастап ауқымды сюжеттері мен басты қаһарманына дейін ЖИ модельдерінен тікелей қорғайтын әдеби жобалар жасалуы қажет деп есептейміз. Ал мамандар визуалды өнер салаларында мұндай жобаларды қолға алуға болатынын талқылап жатыр. Ал шығарма жазуға шынайы автормен бірге ЖИ де қатысатын болса, олардың мәтін жазудағы үлесі нақты көрсетіліп, белгі таңбасы қойылуы тиіс екені сөзсіз.
Редакция және жаһандық аударма
Келесі кезекте ЖИ-дің қолданбалы қызметі туралы қысқаша айтар болсақ, біріншіден, ЖИ – мәтіннің құрылымдық тұтастығы мен сауатты жазылу жағын қамтамасыз ететін жоғары технологиялық құрал. ЖИ грамматикалық және стилистикалық қабаттарды секундтар ішінде өңдеп, қазақ тілінің ішкі заңдылығына сай түзету жұмыстарын іске асырады. Бұл автор назарын толықтай шығармашылыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, ЖИ әдебиеттер арасында мәдени көпір орнатып, қазақ сөз өнерін әлемдік интеллектуалды кеңістікке таныстыруда бірегей механизм қызметін атқарады. Әдеби ортадағы ескі тәжірибені еске түсірер болсақ, әдеби шығармалары халықаралық тілдерге аударылған қазақ қаламгерлері туындының түпнұсқасындағы контекст пен әдеби бояу шет тіліне сапалы деңгейде қотарылмайтынын айтып, аударма нұсқаларға көңілі толмайтын еді. Соңғы уақытта нейрондық желілер қазақ тіліндегі көркем мәтіндерді халықаралық негізгі тілдерге стилистикалық тепе-теңдікті сақтап аударуға бейімделіп келе жатқанын және қазірдің өзінде мәтін бөліктерін сауатты аудара бастағанын айтуға болады.
Қорыта айтқанда, әдеби шығармашылық пен сын саласында ЖИ-ді қолдану үрдісі келесідей қорытынды жасауға мүмкіндік береді: техникалық шеберлік жағынан алғанда ЖИ дарынды ақындардың стилін, сөздік қорын және ұйқас өлшемдерін жоғары пайыздық көрсеткішпен алғанның өзінде дәлме дәл қайталай алатыны байқалды. Бұл ЖИ-дің әдебиеттегі редакторлық немесе стильге еліктеу қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар, ЖИ жазған өлеңдерде табиғи сезім мен эмоция жоғалады. Адам-автордың қаламынан туған әр сөздің тасасында адамның шынайы тағдыры, мұңы, реніші, махаббат сезімдері жататыны анық. Жоғарыда келтірілген Абай мен Мұқағали стилінде ЖИ жазған шумақтарда ЖИ-дің әдеби стильге еліктеу күші жоғары, алайда демиургтік (жаратушылық) қыры әлсіз екені байқалды. ЖИ әдебиетке бәсекелес немесе қаламгер орнын алмастыратын құрал емес, керісінше ұлттық әдеби үдеріске жаңа серпін беретін, жандандыратын, көкжиегін кеңейтетін интеллектуалды платформа ретінде септесуі қажет. Әдебиеттің басты предметі қашанда адам жаны екені даусыз. ЖИ дәуірінде де әдебиеттің түпнұсқасы мен табиғи қалпын сақтау – қаламгер атаулының басты миссиясы болып қала бермек.
Ескерту: жоғарыда қала климатының болашақтағы өзгерісі мен Алтын Орданың тарихи бейнесі көрініс тапқан суреттер ЖИ арқылы жасалды.
Айнұр Ахметова,
әдебиеттанушы, PhD, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері
Abai.kz