Формальды білімнен - нақты құқыққа: медицина студенттерімен ашық әңгіме
Астанада болашақ дәрігерлердің құқықтық сауатын арттыруға бағытталған кездесу өтті. Студенттерге Конституция талаптары түсіндіріліп, заңды білу тек теория емес, кәсіби қажеттілік екені айтылды.
Іс-шара Астана Медицина университеті базасында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат - студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру және Ата Заң нормаларын күнделікті тәжірибемен ұштастыру.
Гүлмира Базарова, Астана Медицина университеті Сот медицинасы және құқық кафедрасының аға оқытушысы: "Соңғы жылдары біздің университетте Сот медицинасы және құқық кафедрасы жұмыс істеп келеді. Бұл кафедраның маңызы өте жоғары. Себебі медицина қызметкерлері тек емдеу ісін ғана емес, заңды да жақсы білуі керек.
Өкінішке қарай, мектептен келген құқықтық білім көбіне формальды деңгейде болады. Сол себепті біз студенттермен тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз.
Біздің мақсат - тек Конституция нормаларын түсіндіру емес, құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар "Заң мен тәртіп" жобасы аясында арнайы кеңес беру кабинеті ашылды. Онда студенттер кез келген құқықтық мәселе бойынша көмек ала алады.
Сонымен қатар, ол студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тұрақты түрде кездесулер, ашық дәрістер және түсіндіру сабақтарының ұйымдастырылатынын айтты. Бұл жұмыстар мектептен кейін университетке келген жастардың құқықтық біліміндегі олқылықтарды толықтыруға бағытталған", - дейді ол.
Кездесуге студенттік ұйым жетекшілері де қатысып, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша ұсыныстарын білдірді. Олар мұндай ашық форматтағы кездесулердің тұрақты өтуі қажет екенін айтады.
"Кейбір құқықтық нормаларды бұрын тек теория ретінде қабылдайтынбыз. Бүгін нақты мысалдар арқылы түсіндіру әлдеқайда түсінікті болды", - дейді студенттер.
Мәселен, Астана медицина университетінің 3-курс студенті Нафиса Сайдақбарованың айтуынша, заңды білу - тек емтихан үшін емес, күнделікті өмір үшін де өте маңызды. "Осындай кездесулер жиі өтсе, құқықтық түсінігіміз одан әрі тереңдейді", - дейді ол.
Мамандардың айтуынша, құқықтық сауат тек дәрісте емес, тәжірибеде қалыптасады. Сондықтан мұндай ашық форматтағы кездесулер болашақ дәрігерлердің құқықтық мәдениетін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар мұндай форматтағы талқылаулардың оқу ордасында бір реттік шара емес, соңғы жылдары тұрақты жүргізілетін жүйелі жұмыс екенін ескерсек, тәжірибені тек бір университетпен шектемей, өзге оқу орындары да енгізсе - студенттердің құқықтық сауаты артып, құқықтық мәдениет жүйелі түрде қалыптасар еді. Мемлекеттің дамуы әр азаматының өз құқығының қорғалып, жауапкершілігін сезіне білуінде емес пе?!
Abai.kz