Дүйсенбі, 20 Сәуір 2026
Жаңалықтар 90 0 пікір 20 Сәуір, 2026 сағат 13:46

БАҚ: Қапеновтің миллиардтық былығы ашылды...

Сурет: ertenmedia.kz сайтынан алынды.

Қаржы мониторинг халықаралық іздеу жарияланған «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапеновке қатысты тергеудің мән-жайын жария етті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Тергеу дерегі бойынша, Азамат Қапенов қызмет бабын пайдаланып, жүк вагондарына операторлық қызмет көрсетуде жақын компанияларға заңсыз жеңілдіктер жасаған. Соның салдарынан мемлекеттік тасымалдаушыға 5,2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген.

«Қазір Қапеновке халықаралық іздеу жарияланған. Сот сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын бекітті. Келтірілген залалды өтеу мақсатында Достық станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш берілген», – делінген ҚМА хабарламасында.

Астана қаласының соты өтінішті қанағаттандырып, аталған терминал мемлекет меншігіне өтті. Агенттіктің хабарлауынша, қайтарылған активтер Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін дамытуға жұмсалмақ.

1978 жылы туған Азамат Қапенов Ресей азаматы, бұрынғы ҰҚК басшысы, сотталған Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде белгілі. Ол Мәсімовтің қызы Тәмила Кәрімге үйленгенімен, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін ажырасып кеткен.

Бұған дейін Қапенов БАӘ-де ұсталып, кейін босатылған еді. Біріккен Араб Әмірліктерінің билігі Қазақстанның оны экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Адвокаттарының айтуынша, қазір ол Дубайда тұрып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеп, өзге ақпараттарды әзірге құпия ұстап отыр.

Abai.kz

0 пікір