Бейсенбі, 23 Сәуір 2026
Қағазстан 91 0 пікір 23 Сәуір, 2026 сағат 13:10

Мұғалім мәртебесі және марапат: Не өзгереді?

Сурет: mektep.edus.kz сайтынан алынды.

ҚР Оқу-ағарту министрінің биылғы 15 сәуірдегі бұйрығымен салалық «поощрения» (көтермелеу) жүйесіне елеулі өзгерістер енгізілді. Бұл жаңашылдықтардың басты мақсаты – марапаттау процесін толық цифрландыру және ашықтықты қамтамасыз ету. Енді ұстаздарды ұлықтау ісі «Марапат» модулі арқылы жүзеге аспақ. Сараптап көрейік.

Цифрлы «Марапат»: Қағазбастылықтан арылу ма?

Жаңа ережеге сәйкес, бұдан былай ведомстволық марапаттарға құжат қабылдау мерзімі мен квота мөлшері Ұлттық білім беру деректер қорының (ҰБДҚ) «Марапат» модулі арқылы хабарланады. Министрліктің кадр қызметі тиісті хабарламаны мерекелік датаға дейін кемінде 70 күнтізбелік күн қалғанда жолдауы тиіс.

Бұл қадам марапаттау процесінің «жабық есік жағдайында» өтуіне тосқауыл қоймақ. Енді әрбір білім беру ұйымы – мейлі ол мемлекеттік болсын, мейлі жекеменшік болсын – лайықты кадрларын жүйе арқылы тікелей ұсына алады.

Өтінім беру кестесі: Нақтылық пен мерзім

Марапаттау процесі бірнеше кезеңнен тұрады және әр деңгейдің өз жауапкершілігі мен мерзімі бекітілген:

Білім беру ұйымдары: Мерекеге 50 күн қалғанда аудандық/қалалық білім бөлімдеріне ұсыныс пен марапаттау парағын жолдайды.

Аудандық/қалалық деңгей: Үздік педагогтер мен сала үздіктерінің тізімін жасақтап, квотаға сай облыстық басқармаға мерекеге 40 күн қалғанда өткізеді.

Облыстық/республикалық маңызы бар қалалар: Рейтингі жоғары педагогтер тізімін бекітіп, Министрлікке мерекеге 30 күн қалғанда жолдайды.

Маңызды: Егер ҰБДҚ жүйесінде техникалық ақау орын алса немесе интернет байланысы болмаса, құжаттарды электронды құжат айналымы (e-Ozed) арқылы жолдауға рұқсат берілген.

Рейтинг – негізгі өлшем

Тек құжат өткізу жеткіліксіз. Жаңа өзгерістер аясында педагогтер мен білім беру ұйымдары басшыларының қызмет тиімділігін бағалайтын рейтинг әдістемесі де қайта қаралды. Бұл дегеніміз, марапат «кезекпен» емес, нақты көрсеткіштер мен жетістіктер негізінде берілетін болады. Ең жоғары балл жинаған ұстаздардың тізімі автоматты түрде іріктеуден өтеді.

Түйін. Бұл өзгерістердің күшіне ену мерзімі – 2026 жылдың 12 шілдесі. Демек, келесі оқу жылынан бастап мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтау жаңа форматта өтеді. Сарапшылардың пікірінше, «Марапат» модулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, еңбегі еленбеген нағыз майталман мамандардың көзге түсуіне мүмкіндік береді.

Abai.kz

0 пікір