Қазаққа конструктивтік идея қажет!
Қазіргі қазақ жастары, оның ішінде тіпті қазақ мектептерінің оқушылары, жоғары оқу орнындағы қазақ бөлімдерінің студенттері де бар, ауыз екі сөйлеу тілінде орыс тілін басым қолданады. Осының объективті бір себебін көп азаматтарымыз, ұлттық идеологияны қалыптастыра алмағанымыздан деп топшылайды. Бұл біздің кешегі кеңестік кезеңде қоғамымыздың шектен тыс идеологияландырудың себебінен болса керек. Оның салдарынан біз енді идеологиясыздандыру дертіне ұшырап отырмыз. Қандай қоғам болмасын идеология, белгілі бір тірек идея қажет. Ол – ұлттық идеология мен ұлттық идея болмақ. Оның негізін ұлттық тіл, ұлттық болмыс, ұлттық рух құрамақ.
Ұлттық идеология мен ұлттық идеяның жетімсіздігі ұлтты ұлт ретінде ұйыстыруда, біріктіруде, топтастыруда өзінің салқынын тигізбек. Этнология ілімінде ұлтты ұйыстырып, жасауда, ұлтты түсінуде приморлиалдық (ілкі, әу бастағы) және конструктивтік (жасаушылық, жасампаздық) ұстанымдары бар. Ұлтты танып, түсінуде соңғы кездері конструктивті көзқарастың ұстанымдары басым түседі. Бұл көзқарастың негізгі тегершігі ұлттық идеология, ұлттық идея екені белгілі. Оның ішінде осы идеологияның негізгі өзегі – ұлттық тіл болмақ. Сондықтан да қай кезде болмасын ұлтты ұйыстырып, жаңа сападағы ұлт жасауда лингвист – филологтардың орны ерекше болмақ. Бір кездері Австро-Венгрия империясының құрамында болған батыс славяндары, чех, словак ұлттарын, Ресей құрамында болған поляк ұлтын, Осман империясы құрамында болған оңтүстік славяндары – славян, серб, черногор, македон, хорват, болгар ұлттарын да ұлт ретінде қайта жасап, жаңғыртқан, ұйыстырған, туғызған сол елдерден шыққан лингвист-филологтар болған. Қазіргі жаңа түрік ұлты (жас түрік тілші ғалымдары) мен екі мың жылдай өз төл тілінен айырылып, өлі тілге айналған иврит тілін қайта қалпына келтірген сол елдерден шыққан ұлты үшін жанын аямаған, жаңаша ойлайтын тілші-ғалымдар болатын.
Біздің өткен тарихымызда да конструктивистер болды. Керей мен Жәнібек заманындағы қазақ хандығы дәуіріндегі Дешті-Қыпшақтың барлық көшпелі руларын бір Қазақбайдан тарататын шежірелік-идеология, ХХ ғ.басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар ұстанған алаштық идея болды. Кеңестік кезеңде ұлтты ұйыстыратын конструктивті қызметті қазақтың сол кездегі көркем әдебиет пен қазақ тілдес баспасөздер атқарды. Керей мен Жәнібек хан заманынан бастау алған осы қазақ деген ұлттық сана-түсінікті ХІХ ғ. өмір сүрген қазақ даласының жарқын жұлдыздары Ыбырай, Шоқан, Абайлар жақсы түсініп, сезінді. Америкалық ғалым Гити Роттер: «Шоқан Уәлиханов қазақ зиялыларының бірінші буынымен бірге жерлестерінің ұлттық бірегейлігінің негізін қалады, өз халқының «өзге» екендігін және қоғамды реформалау арқылы білімді қазақ халқын қалыптастырудың қажеттілігін алға қойды» - деп жазады. (Rotter P.Creating the Kazakh nation. The intelligentsias guest for acceptance in the Russin empire, 1905-1920. Univ. of Wisconsin, 2005. P.197). Дара ұлт туралы идеяны туғызудағы Ш.Уәлиханов қызметін автор бұдан әрі бұлайша өрбітеді: «Ш.Уәлиханов тарихты қазақ қоғамының артта қалу себебін дамудың монғолдық жолына түсуіне байланысты екендігін дәлелдеу үшін пайдаланады; қазақ интелегенциясы бірінші ұрпағының өзгерістердің қажеттілігі жөніндегі іс-әрекеттері қазақтардың лингвистикалық, мәдени, әлеуметтік және тарихи атрибуттарын айқындай түсті; бұл жағдай өз кезегінде тарихы, тілі және жазба әдебиеті бар дара ұлт туралы идеяны туғызды» (Jbid. P.198). Автор Ш.Уәлихановтың және басқа да зиялылардың қазақ қоғамын реформалау қажеттігі туралы қызметі ұлттық қалыптасудың негізін қалады деген тұжырым жасайды. Италияда итальян ұлтының қалыптасуына атақты Гарибалди қозғалысы себебші болса, бірегей неміс ұлтының пайда болуына, біртұтас Германияны біріктіріп, құрушы ұлы реформатор Бисмарктың зор еңбегі ықпал етті. Біздің алты алаш, қазақ деген ұғым-түсінігіміз сонау ХV ғасырлардан бастау алса, ал Орта Азияның басқа түркі тілдес халықтарына қатысты олай айта алмаймыз. Оларды орыс отаршылдары сарттар, не болмаса түркістандықтар деп атағаны тарихтан мәлім. Орта Азия тұрғындары өз ішінен бұқарлықтар, хиуалықтар, самарқандықтар, ташкендіктер, андижандықтар, намагандықтар, ферғаналалықтар, құрамалар, көшпелі өзбектер т.б. болып бөлінді. Этникалық құрамы өте күрделі, суперэтнос болып табылатын өзбек ұлты қалай құрылды? Оған жауапты тікелей кеңес өкіметінің саясатынан табамыз. Бір кезде осы Орта Азия халықтарын қазақтарды да қоса отырып, түркістандық ұлы ұлт жасау идеясының басында қазақ халқының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай тұрған болатын. Қазақ коммунистерінің ішінде бұл идеяны жан-жүрегімен қабылдаған Тұрар Рысқұлов болатын. Кеңес өкіметі осындай ірі ұлт идеясынан шошыған болатын.
Олар орта Азия халықтарын өз қалаулары бойынша жаңа ұлттарға бөліп, жіктеуде кеңес өкіметіне қызымет ете бастаған бір кездегі ресейлік шығыстанушы, түркологтарды жұмылдырып, ала-құла этникалық топтарды диалектілік, тілдік ерекшеліктеріне орай, жаңа ұлттар жасауға көшті. Оларға бір кездегі билеуші, күшті этникалық топ өзбектердің атауын этноним ғып берді. Олардың ортақ әдеби тілін сол кездегі өзбек ғалымдарының көпшілігі қыпшық диалектісінің негізінде жасамақшы болған. Бірақ Кремльдік саясаттың ықпалындағы еуроцентристік көзқарасты ұстанған ғалымдардың бір тобы фарси диалектісіндегі тілді таңдап, бекіттіріп жіберген. Осыдан келіп, бүгінгі өзбек тілі түркі тіліне тән бояу-нақышынан айырылған. Түркі тілдеріне тән сингарманизм заңдылығы жоққа тән. Сондықтан әлі де кеш емес, Қазақстан халықтарын, оның ішінде пайыздық үлесі басым қазақ ұлтын жаңа сапаға көтеріп, ұйыстырудағы конструктивистік ұстанымдарды басшылыққа алатын кез жетті. Конструктивті ұстаным дегенде біз қазақ ұлтын, қазақ тілін қайта жасау деген сөз, ұғым тумау керек. Бұл жерде біз конструктивтік ұстанымдар арқылы регенерациялау (түлету, жаңғырту) ұлттық, саяси, мәдени тұрғыда модернизациялау арқылы әлсіреген тіл мен рухқа, ұлттық күш-қайратқа жаңаша нәр дарытып, қан құюуымыз қажет дегенді айтып отырмыз.
Сәбит Жәмбек
Abai.kz