"Сиролли кейсі" бізде қайталануда...
Жетпісінші жылдары африкалық елдерге техникалық көмек көрсету бағдарламасы аясында итальяндық кеңесші, кәсіпкер Эрнесто Сиролли Оңтүстік Замбияға аттанады. Бұл — жай ғана іссапар емес, дамушы елдерге "өркениет әкелеміз" деген өр көкірек Батыстың кезекті талпынысы еді.
Олар Замбези өзенінің бойындағы шұрайлы аңғарға табан тірейді. Табиғаты тамаша, топырағы құнарлы, ауа райы қолайлы.
Бірақ осындай бай жерде жергілікті халық ауыл шаруашылығымен айналыспайтыны оларды таңғалдырады
Бірақ олар бұл сұрақтың жауабын іздеп бас қатырмайды. Ешкімнен сұрамайды да...
Керісінше, өздерімен ала келген итальян қызанақтарының тұқымын сеуіп, замбиялықтарға "нағыз егіншіліктің" не екенін үйрете бастады. Өздері ойлағандай-ақ, қызанақтар жақсы өсіп келе жатқанда. жергілікті халыққа «Міне, қараңыздар, ауыл шаруашылығымен айналысу деген – осындай оңай нәрсе!» – деп мақтана бастайды.
Бірақ табиғаттың ө ережесі бар.
Бір түнде өзеннен екі жүздей сусиыр шығып, пісіп қалған қызанақтарды жеп кетеді.
Итальяндықтар шаштарын жұлып, есеңгіреп жатқанда, жергілікті халық «Неге бұл жерде егін екпейтінімізді түсіндіңдер ме?» - дейді..
— Неге бұны бұрын айтпадыңыздар?
— Сіздер сұрадыңыздар ма?.
Бұл бір оқиға ғана емес. Бұл — ондаған, жүздеген осындай сәтсіз жобалардың бетпердесін ашқан шынайы көрініс. Әлемнің әр түкпірінде дамушы елдерге көмек көрсету деген желеумен сырттан келген сарапшылар сол елдің нақты жағдайына, табиғатына, тарихына, мәдениетіне үңілместен шешім қабылдап жатады. Олар көбіне бір ғана нәрсені ұмытады: жергілікті халық – жай «қабылдаушы» емес, өзінің өмірін, болмысын, тәжірибесін жақсы білетін субъект.
Бұл оқиға – тек Африкадағы оқиға емес. Бұл — кеңес заманындағы орталықтан басқарылатын реформалардың, халықаралық ұйымдардың жобаларының, қазіргі заманғы «әлеуметтік стартаптар» мен донорлық бағдарламалардың да ащы шындығы.
Сұрамай тұрып шешім қабылдау — ең қауіпті қателік. Кеңсе төрінде отырып, картамен жұмыс істеп, PowerPoint көрсетіп, «біздің тәсіл – әмбебап» деу оңай. Бірақ шынайы өмірде әрбір ауылдың, әрбір халықтың, тіпті әрбір өзен аңғарының да өз логикасы, өз даналығы бар.
Сиролли бұл оқиғадан кейін өзінің барлық жұмыс әдісін түбегейлі өзгертеді. Ол «үнсіз тыңдау» принципін негізге алады. Оның айтуынша, кез келген көмек үш сұрақтан басталуы керек: Сендер не қалайсыңдар? Не істегілерің келеді? Біз көмектесе аламыз ба?
Сол секілді, біздің Оқу-ағарту министрінің өзі бар, Орта білім беру комитетінің төрағасы бар, "Өрлеуі" бар, басқасы бар - бәрі мұғалімдерді үйретіп жатыр..
4000 педагог-шеберді онлайн жинағанда министр оларға не үйрете алды?
Дүниежүзілік ұйымдар "Сиролли кейсін" талдап-талқылап сабақ алды.
Олар тәжірибе бүкіл көмек көрсету философиясын қайта ой елегінен өткізіп жатыр..
Сабақ қандай?
Егер шын көмектескің келсе — алдымен тыңда.
Егер өзгерткің келсе — түсін.
Ал егер тек үйреткің келсе "сусиырлар жеп кетпейтініне" сенімді бол.
Өмір Шыныбекұлы,
ҚР Білім саласының құрметті қызметкері
Abai.kz