Жұма, 8 Мамыр 2026
Жөн-ақ 87 0 пікір 8 Мамыр, 2026 сағат 14:45

Үкімет бар жұмысын қазақ тілінде жүргізу керек!

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Мен, біздің Қазақстанда үш миллионға жуық орыс этносы бар дегенге сенбеймін!

Неге дейсіз ғой, өйткені солтүстік облыстар мен Павлодар жағын өте жақсы  білемін. Осы солтүстікте он жеті жылға жуық қызмет еткендіктен, бұл жақтағы әрбір аудан мен елдімекеннің қанша тұрғыны бар екенін жатқа айта аламын десем артық кеткендік емес.

Осы өңірлердегі округтерде он-он бес, ең көп дегенде жиырма шақты ғана отбасы тұрады. Бұлардың жартысы қазақтар болса, қалғандары славян  жұрттары.

Еліміз 1991 жылы өз тәуелсіздігін алған кезден бастап, он жылдың аралығында этникалық орыстардың 99 пайызы артынан жау қуғандай, тік көтеріліп, өздерінің тарихи отанына көшіп кетті.

Немістер де солай. Кезінде жүктерін тиеуге контейнер жетіспей, осы екі ұлт перронда қызыл кеңірдек болып, төбелес шығарып жататын. Мен мұны сол жақта жүргенімде талай көріп жүрдім. Ауылдардың жартысынан көбі, қаңырап, бос қалды. Әрбір көшеде екі-уш отбасыдан қалған болатын. Осы жақтағы аудандардың тұрғындары 15-20 мыңнан аспайды.

Бұлардың жартысы қазақтар. Енді, ойлап қараңыз: Әр ауданның тұрғындарының саны осы мөлшерде. Оңтүстік және Батыс облыстармен салыстыруға мүлде келмейді. Мысалы: Есіл, Жақсы, Атбасар аудандарын қосып, бір аудан қылуға әбден болады.

Айтарым - солтүстік облыстарда орыстардың, яғни славяндардың саны  бұрынғыдай емес, қатты кеміп кеткен. Солтүстік облыстар, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан аумақтарында тұратын орыстардың саны көп дегенде, бір миллионға әрең жетуі мүмкін. Сонда деймін-ау, елімізде қайдан алынған үш миллионға жуық орыс бар деген есеп?.. Мен бұған сенбеймін!

Сонымен қатар, тағы бір айтарым – соңғы халық санағы деректеріне сәйкес, халық тығыз орналасқан оңтүстіктегі бес облыста (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстары және Жетісу облысы) және екі республикалық маңызы бар қалада (Алматы мен Шымкент) қазақтардың жалпы саны шамамен 10 миллионға жуық адамға жетеді. Ал батыс өңірлерде (Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары) да қазақтардың саны 3.5 миллионның төңірегінде. Абай мен Ұлытау облыстары негізінен қазақ тілді. Шығыс Қазақстанның біразы – қазақ аудандары. Өзге аймақтарда да қазақ тілділер өте көп. Сондай-ақ, онтүстегі өзбектер, ұйғырлар, күрдтер тағы басқа диаспоралар негізінен қазақ тілділер. Бір жарым миллионға жеткен қандас ағайындарды қосайық. Сонда, Қазақстан бойынша қазақ тілді тұрғындардың саны 17 миллион адамға жуықтап, ел халқының негізгі бөлігін құрайды. Сондықтан өңірлік айырмашылықтарды ескере отырып, біздің үкіметке жұмыс барысын негізінен мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жүргізу керек.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2098
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1602