Қазақстанның 4 өңірі егістік суынан таршылық көруі мүмкін
Қазақстанның төрт өңірі биыл егістікке қажет судан таршылық көруі мүмкін, деп жазады Азаттық радиосы.
Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, Сырдария, Шу және Талас өзендері бассейндерінде су әдеттегіден аз болуы мүмкін. Әсіресе Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары судан таршылық көруі ықтимал.
Министрлік мәліметінше, биылғы жағдайға 2025 жылғы қуаңшылық әсер етіп отыр. Сырдария бассейніндегі көрші елдердегі су қоймаларында былтырғымен салыстырғанда 1,6 млрд текше метрге аз су жиналған.
Соған қарамастан, министрлік елдің оңтүстігіндегі су қоймаларындағы жалпы жағдай тұрақты деп отыр. 5 мамырдағы дерек бойынша, онда 26,2 млрд текше метр су жиналған.
Су пайдалану лимиті Қызылорда облысы үшін 3,2 млрд, Түркістан облысы үшін 3,8 млрд текше метр болып белгіленген.
Abai.kz