Сәрсенбі, 13 Мамыр 2026
Тарих 191 0 пікір 13 Мамыр, 2026 сағат 14:29

Қазақ атауы арбаға байланысты ма?

Суреттер: Автордың жеке архивінен алынды.

Әр қандай халық өз ұлтының атауының не мағына беретінінбілуге міндетті. Сол қатарда қазақ халқы да бар, ұлттық атауымыз қазақ атауы қолданыста болғалы 600 жылға таяды, алайда қазақ не деген сөз?

Белгілі түрколог, моңғол танушы Нәпіл Бәзілқан өз сұхбатында қазақ сөзін арбамен байланыстырған екен, әрине келісетін жері де бар, бірақ қоса кетеріміз де бар.

Көшпенділер үшін арба өте маңызды рөл атқарады, дүние-мүлкін арбаға басып алып, көшіп жүреді, соғыс олжаларын тасығанда да үлкен рөл атқарады. Ежелгі қаңғар (Қаңлы) тайпасының елдік атауы да осы арба сөзінен шыққан, ол туралы «Оғызнамада» баяндалады (Әбілғазы Баһадүр хан. Түрік шежіресі). Демек қаңға - арба деген сөз, арба сөзі қазақ тіліне парсы тілінен кірген кірме сөз. Кейінгі тарихта Моңғолия, Сібірия, Қазақ даласындағы көшпенді түрік тайпалары телек (铁勒 te r lek), терлік деп аталады, терлік сянби тілінде арба деген сөз, түрік тілдес көшпенділер арбалылар атанды (кейінгі Хань әулетінің кітабы, 90-тарау, «Ухуань мен Сяньбэйдің баяны»). Ал олардың арбасының доңғалағы биік болғандықтан Хандіктер оларды 高车(gaoche) яғни, биік арбалылар деп атады. Олар 545 жылы Бумын қаған бастаған түріктерге бағынды, түрік соғды тілінде дулыға деген сөз, ал олардың ақсүйек тайпасы Ашына ( А қытайша құрмет сөзі, оған қосарланған шына немесе шыно сөзі моңғолша қасқыр немесе бөрі деген сөз) болатын. Онан кейінгі қағанат атауы ұйғұр ол болса бірігу, ұйысу деген сөз.

Қазақ сөзіне төркіндес көне түрік сөзі болса ол қазқану деген сөз, Төныкөк бітіктасында былай жазылған: «Елтеріс қаған қазғанмасар иоқ ерті, есіре бен өзүм білге Тұй-Ұқұқ қазғанмасар бен иоқ ертім» (Қаржаубай Сартқожа. Орхон ескеріткіштерінің толық атласы. 451 бет.). Бұндағы қазғану сөзін бұрынғы түркологтар күресу деп аударса, Қаржаубай Сартқожаұлы иелік ету деп аударыпты, алайда ол заманда қазақ этнос ретінде де, саяси-әлеуметтік топ ретінде де жарыққа шықпаған. Түрік қағанаты заманында белгілі қазақ рулары болса олар: Байырқы (Барқы), Төлеңгіт, Беріш, Себек, Чек (Шекті), Чумукен (Шөмекей?), Адайз (Адай). Одан өзге тайпалар тегі ол кезде өмір сүргенімен, қазіргі атауымен аты шықпаған.

Ал 13-14 ғасырларда қазақ атауы саяси-әлеуметтік топтың аты ретінде шыға бастаған. Моңғол дәуірінде Шыңғыс қағанның маңында көптеген қазақ рулары қазіргі атауымен тарихта қалды. Алайда олар 1206 жылы моңғол империясының құрылуына ілесе моңғол атанды, анығын айтсақ моңғол мен моғол сөзі бір сөз, 16 ғасырға дейін Моғолстанда қазақтың бір бөлім тайпалары моңғол яғни, моғол атанып келді. Осы Моғолстанда мемлекетік қызметкерлерді албан атағаны белгілі, албан деген тайпа аты осыдан шыққан болуы мүмкін.

Ал енді моңғол тілінде қазақ не мағына береді? Жауап - арба, арба болғанда үстіне киіз үй тігілген, 10-40 өгіз сүйреп жүретін жылжымалы үй, оны моңғолдар қасақ тергүн яғни, қазақ арба деген. Айта кетерлігі қоңырат, қоралас, үйсін, жалайырларды дәрлекин моғолдар деген, ол арбалы моғол деген сөздің басқаша айтылуы болуы мүмкін. Шыңғыс қағанның тоғыз жасында әкесі Иесукей оны нағашы жұртын аралатып қалыңдық іздеген кезде қоңырат Дай шешен жолығып былай деген екен:

Ба қоңырат ирген, (Бар қоңырат елінде)

Ертеу дұрыс жигеиін. (Ертеден дұрыс жиені)

Жесун, өкін,өңгіден (Келісті қызы өңді)

Ұлысы өле темісет,(Ұлыста талас жоқ)

Қаса өңгі өкіинді, (Қас өңді қыздарды)

Қаған болықсан тани,( Қаған болған сізге)

Қасақ тергүн дүр,ұнаунлыжу ( Қасақ арбаға отырғызып)

Қара бура келгіжу, (Қара бура келтіріп)

Қатарлауынлы өтижу.(Қатарлата өткізіп)

Қатұн сәулең қанту саулумо (Қатұн орынында бірге қамтимыз)(Моңғолдың құпия шежіресі. 1- тарау. 64 бөлік). Моңғолдың құпия шежіресінің бізге жеткен нұсқасы қытай иероглифімен көне моңғол тілінде жазылған, онда қасақ деген сөзді 合撒黑( ha sa hei) деп таңбалаған. Моңғол империясы дәуірінде де осы күймелі арба жиі айтылады. Плано Карпини де моңғол-татарлардың баспанасы туралы айтқанда: «Кейбір шатырды арбаға тігеді, кішілеуін бір өгіз, ал кейбіреуін бірнеше өгіз тіпті оданда көп өгіз сүйрейді, соғыста да осы баспаналарын алып жүреді»( Карпинидің шығысқа сапар естелігі. 1- тарау) - дейді.

14 ғасырда Жошы ұлысының гүлденген кезінде қасақ арба салтанаты тіпті, айырықша болған. 1334 жылы Қырымда жане Еділ-Жәйіқта болған Ибн бәтутә қасақ арба туралы былай дейді: «Орда деп аталатын ставка келді, біз тұрғындарымен бірге жылжып бара жатқан үлкен қаланы көрдік. Мұнда базарлар, мешіттер бар екен, дала асханасының түтіні аспанға көтеріліп, ауамен ұласып жатыр. Олар арнайы дала асханасын таситын арбаларда жол жүріп бара жатып ас пісіре береді. Аялдайтын жерге келгенде оны (үйді) арбадан оңай түсірілетін болғандықтан жерге түсіріп қояды» (Ибн Бәтутә).

Ал 15-16 ғасыр деректерінде қазақылық деген сөз жапан далаға кетіп қиындық көруді айтқан. Мысалы Бабыр өзінің Ферғанадан айырылып неше жылдар бойы иеліксіз, жеке қаласы жоқ болып тентіреп жүрген күндері туралы былай айтады: «Жүніс ханның екінші қызы менің шешем - Құтылық Нигар ханым еді, қазақылық жане сергелдең күндерде негізінен менімен бірге болды»( Бабырнама. 18- бет).

Қазақ атауының этностық атауға айналуы 15 ғасырдың ортасы, ол туралы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. Әр кім өз мүмкіндіктеріне қарай хауыпсыз әрі дұрыс өмір сүру үшін Керей хан мен Жәнібек ханды паналады, олар осылайша күшін нығайтты. Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп- жарылып қалып, біраз уақыт сергелдеңде болғандықтан оларды «қазақ» - деп атады, бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды (Тарихи Рашиди. 515 бет).

Бұл дерек бойынша да қазақ сөзі сергелдең өмір сүру туралы болып тұр. Ол туралы Шәйбән әулеттері туралы кітаптарда да осылай айтылады: «Қазақылық заманда ханмен (Әбілқайыр хан) бірге қылыш шапқандар: Яхуп Қожа, Иусуф қожа, Қарақамшы Бахырам Қожа, түмен мыңбегілерінен Қылышбай баһадүр, Бөржі қарадәулет қожа баһадүр, ұйғыр Ябғу мен Яхшы қожа, дүрмен Инка қожа мен Имадұқ. Тубей түменнен Дәруіш баһадүр, үйшуннен (үйсіннен) Шейх Мұхаммед баһадүр, Құдағай, Осман баһадүр, қоңыраттан Ианақ Алғы Қожа, оның інісі Ұрұш баһадүр». (Тарих- И- Гузидай- И- Нүсіратнаме).

Демек қазақ сөзі қалаларда емес, сахарада жүріп өмір сүру, көшпенді өмір сүру дегенмен қатысты, түбірі – қас, қас деген қасарысу, қайтпау, шыдау дегенге келеді.

Бізбен қатар Алтын Орданың батыс тарапында да қазақ аталған әлеуметтік-әскери топ болған, оларда қазақтар сияқты далада өмір сүретіндер болған.

Казактар туралы алғашқы халықаралық деректің бірі 1492 жылы Қырым ханы I Меңлігерей Литваның Ұлы Герцогі Александр Ягеллонға Киев пен Черкасскийден келген казактар Қырым татарларының кемесін тонады деп хабарлаған кезде айтылады: «Герцог өзінің «украиндік» (шекара жерін білдіреді) деп айтады, шенеуніктер оларды тергеп, кінәлілерді жазалап, ханға лайықты жауап берді) - дейді (Hrushevsky, M. (2003). Illustrated History of Ukraine. Donetsk: BAO. ISBN 966-548-571-7.). Бір кездері яғни ХҮІ ғасырда Килия маңындағы казактар туралы айтылымдар бар ескі украиналық Холота туралы баллада пайда болды (21. Plokhy, Serhii (2015). The gates of Europe: a history of Ukraine. Basic. ISBN 978-1-5416-7564-3. OCLC 1333156632).

Зерттеуші Путков өзінің «казак» атауы атты мақаласында: «Грузия аймағында 1480 жылдардан бері көшіп жүргендер бізге казак атымен белгілі», - дейді.

Орыс тарихшысы Карамзин: «1480 жылы Алтын Орданың соңғы ханы Ахметке Шибандық Ибақ 100 мың казакпен шабуыл жасады, ноғайлық Жаңбыршы мырза 15 мың казакпен шабуыл жасап Ахмет ханды өлтірді», - дейді. Бұндағы казак кімдер? Көшпенді еркін халықтарды айтып отырғаны анық, бұған кейінгі біздің қазақ пен казактардың да қатысы бар екенін жоққа шығаруға болмайды (22. Дума про козака Голоту – Народні думи (Ballad about Cossack Holota). ukrlib.com.ua. National ballads (in Ukrainian). Archived from the original on 5 October 2015. Retrieved 23 August 2015.).

16 ғасырдың басында қазақтардың өмірі мен тіршілігі туралы жақсы мәліметтер қалдырған Розбихан Исфахани былай деп жазады:

«Осы рулардын бәрінде қадірлі хандар өте көп: Шыңғыс-хан ұрпақтарының ұлы және атақты адамдарын әрбір ру сұлтан деп атайды, яғни олар бағынатын ең ұлы басшысын хан деп атайды. Бір сөзбен, барлық қазақтар Шыңғысанның ұлысы болып табылады. Олардың хандары мен сұлтандары Шыңғыс-ханның ұрпақтары немесе хан әміршінің арғы аталары болып келетін Шибан ұрпағынан және олардың арасында туыстық бар... Келесі күні ұлы мәртебелі хан (Мұхаммед Шәйбәни) Мәуераннахр мен Хорасан үлемдеріне бұйрық берді. Ол қазақтар бұдқа табынушылар деді. Үлемдер қазақтардан дінге сенбеушілік шығатынын біліп, мынандай нұсқау шығарды: «Белгілі болғандай қазақтар дінсіз болса, онда олармен соғысушылардың әр қайыссын діннен безгендермен соғысқаны үшін си- құрметке ие болады», - деді... Сенімді адамдардың айтуынша олардың үйлері арба формасында жасалған, үлкен аспан тәрізді үйлер үлкен арбаларға қойылған. Түйелер мен жылқылар осы арбаларды бір тұрақтан екінші тұраққа сүйреп жеткізеді... Әрбір осындай үй арбада бір жанұя тұрады. Үйткені қазақтардың кедейінің өзінде мыңдаған жылқы, түйе, қой бар... Олардың әрқайыссысы сыналған жаужүректер, шәйқас кезінде олардың бірі жаудың онын жояды» (Розбихан Исфахани. Бұхара қонағының естелігі).

Бұнда қазақтардың көшпенді өмір сүріп, қасақ арбамен жүргені айтылған, бір ғажабы осы қазақ халқының салт-санасы 13 ғасырдағы моңғол-татарлармен бүкілдей ұқсастығында, кейінгі кірген исламға байланысты аздаған өзгерістерге қарамастан 20 ғасырдың басына дейін сол түркі-моңғолдың салтын сақтап келді. Осы дерекке негізделіп қазақ сөзінің қасақ арбамен қатысы бар ма деп болжауға да болады, өйткені Әбілқайырдан бөлінген Керей мен Жәнібек ешқандай қаласыз өмір сүрді, олар қасақ арбамен өмір сүргенінде дау жоқ! Олар қассақ арбамен жүретін болғандықтан қасақ атын алды десек қателеспейміз, өйткені қасақ сөзі бастапта қазақ хандығының билеушілеріне таңылған лақап, онан кейін барып бірте-бірте олардың төңірегіне топталған елдің ортақ атауына айналған сияқты.

Бұған қосымша қазақпен көрші ойрат моңғолдары қазақтарды - Хасаг деп атаған, көпшесі хасагуд. 18 ғасырда Манчжур империясы қазақтар туралы осы ойрат-жоңғар мемлекеті арқылы біліп олардың атауы бойынша оларда бізді хасаг деп хаттады. Оны қытай иероглифымен 哈萨克 Ha sa ke деп жазды, қазірге дейін қытайлар қазақты осылай атауда. Ол ғана емес Еуропа карталарындада кассак татар аталғамыз.

Тағы бір түйін:

Жошы, Шағатай ұлыстарының билеушілері 13 ғасырдың ортасынан бастап көбінде қалаларда тұрды, әрине жазда жайлауға да шыққандарын жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан олар таза көшпенді әрі әскери құрлымдарды қазақ атаған, орыс казактарының да, біздің де атауымыз содан! Өйткені қазақ хандығы құрылған алғашқы кездерде миллионнан аса халықта 300 мың жауынгердің болуы жоғары дәрежеде әскериленген әлеуметтік құрлым екенін көруге болады. Салық тапсырмай, тек әскери міндет өтейтін халық 17 ғасырға дейін осы қазақ арбамен жүрген сияқты. Ал қалада тұратын ақсүйектер оның өзін қиындық көріп түзде жүру, қазақ арбада тұрып қазақылық өмір сүру деп қараған десек дұрыс сияқты.

Ал қасақ сөзі көне моңғол сөзі, ал 15 ғасырдағы Шәйбән әулетінде моңғол тілі әлі ұмытылмағанын Әбілғазы да жазды, онда қос тілді Жошы әулетінің Шәйбән тармағы Тоқайтемір әулетін арбамен көшетіндер деп моғолша қасақ атауы табиғи.

Ерзат Кәрібай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2669
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1800