Алматыда қоқыс өңдейтін зауыт құрылысының капсуласы салынды
Алматыда электр қуатын өндіретін заманауи қоқыс өңдеу зауытының құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Іс-шараға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, «Junxin Environmental Protection» компаниясының төрағасы Даи Даогуо, мемлекеттік органдар, бизнес және қоғам өкілдері қатысты.

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінен алынды.
Жоба Мемлекет басшысының экологиялық ахуалды жақсарту және экологиялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Дархан Сатыбалды Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бірлескен экологиялық жобаларды жүзеге асыру – екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты.

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінен алынды.
«Бүгін Алматы мен Қазақстан үшін маңызды экологиялық жобалардың бірі бастау алып отыр. Жаңа зауыт қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді өңдеп қана қоймай, қаланың энергиямен жабдықтау жүйесіне электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді», — деді Алматы әкімі.
«Junxin Environmental Protection» компаниясының төрағасы Даи Даогуо бұл жоба Қазақстан мен Қытайдың жасыл экономика және тұрақты даму саласындағы стратегиялық ынтымақтастығының нәтижесі екенін айтты.

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінен алынды.
«Бүгін бастау алып отырған жоба қалдықтарды өңдеу мен электр қуатын өндірудегі озық технологияды енгізудің үлгісіне айналады. Ол Алматыдағы тұрмыстық қалдықтар мәселесін тиімді шешіп қана қоймай, қалдықтарды «жасыл» энергия көзіне айналдыруға мүмкіндік береді. Біз іс жүзінде «қалдықтан — ресурсқа» қағидатын жүзеге асырып отырмыз. Бұл «Жасыл Жібек жолы» бастамасының экологиялық әрі тұрақты даму ұстанымдарына толық сәйкес келеді», — деді Даи Даогуо.
Зауыттың қуаттылығы тәулігіне шамамен 2 мың тонна қалдық өңдеуге және 60 мегаваттқа дейін электр қуатын өндіруге мүмкіндік береді. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 130 млрд теңгеден асады.
Зауыт Сингапур, Копенгаген және Токио секілді әлемнің жетекші қалаларында қолданылатын жоғары халықаралық экологиялық стандарттарға сай болады. Кәсіпорын қоршаған ортаға әсерді барынша азайту қағидатымен және заманауи тазарту технологияларын қолдану арқылы жұмыс істейді.
Айта кетейік, «Junxin Environmental Protection» компаниясының осындай жобаларды жүзеге асыруда халықаралық тәжірибесі бар.
Abai.kz