Сәрсенбі, 3 Маусым 2026
Ғибырат 115 0 пікір 3 Маусым, 2026 сағат 14:51

“Құдай мекендеген” тау

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Жапонияға сапар барысында алыстан асқақ көрінген Фудзияма тауын алғаш көрген сәтте ерекше әсерге бөлендім. “Құдай мекендейтін” киелі тау саналатын Фудзи шыңын үнемі бұлт көмкеріп тұрады. Алақандағыдай мұндай әдемі көрініс өте сирек екен. Фудзияма – жай ғана биік тау емес. Бұл – тұтас бір халықтың рухани болмысы, ұлттық мінезі мен тарихи жадын бойына сіңірген табиғаттың ғажайып туындысы.

Кейде белгілі бір елді таныту үшін ұзақ түсіндірудің қажеті жоқ. Бір ғана символ жеткілікті. Францияны – Эйфель мұнарасы, Мысырды – пирамидалар, Қазақстанды – Ұлы Дала мен қасиетті Түркістан танытса, Жапонияны әлемге әйгілеп тұрған ең ұлы белгілердің бірі – Фудзияма.

Биіктігі 3776 метр болатын бұл тау мыңдаған жылдар бойы жапон халқының мәдениетінде, әдебиетінде, сурет өнерінде және дүниетанымында ерекше орын алып келеді. Оның бейнесі миллиондаған суретте, жүздеген поэмада, мыңдаған фотосуретте көрініс тапқан. Бірақ Фудзияманың құдіреті оның сыртқы келбетінде ғана емес.

Мен үшін Фудзияма – тұрақтылықтың символы. Жапония жер сілкінісі жиі болатын, тайфун соғатын, табиғи сынақтар көп кездесетін мемлекет. Соған қарамастан бұл ел әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің қатарына көтерілді. Оның сыры неде?

Жауабын Фудзиямаға қарап сезіндім. Тау мыңдаған жыл бойы орнынан қозғалмай тұр. Оның айналасында ұрпақтар ауысты, императорлар өзгерді, соғыстар өтті, қалалар бой көтерді. Бірақ тау өз биігін сақтап қалды.

Мемлекет те дәл солай болуы керек шығар. Даму дегеніміз – тамырдан ажырау емес. Керісінше, ұлттық негізді сақтай отырып жаңару. Жапондар технологиялық прогресті де, жасанды интеллектіні де, цифрландыруды да ұлттық болмысымен ұштастыра білді. Олар әлемнің ең заманауи елдерінің бірі бола тұра, өз дәстүрін жоғалтқан жоқ.

Бұл біз үшін де маңызды сабақ. Қазақстан да бүгін үлкен тарихи жаңғыру кезеңін бастан өткеруде. Конституциялық реформалар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі қалыптасып келеді. Қоғамдық диалогтың жаңа институттары пайда болды. Бірақ осы өзгерістердің барлығы ұлттық құндылықтарымызға сүйенгенде ғана баянды болмақ.

Фудзияма маған тағы бір ақиқатты еске салды. Нағыз биіктік – сыртқы салтанатта емес, ішкі мазмұнда.

Жапон халқы табиғатты бағындыруға емес, онымен үндес өмір сүруге ұмтылған. Сондықтан Фудзи олардың мәдениетінде күштің емес, үйлесімнің белгісі ретінде қабылданады.

Бүгінгі әлемге дәл осындай ұстаным жетіспейтіндей көрінеді. Технология дамыған сайын адамзаттың рухани жауапкершілігі де артуы тиіс. Экономикалық өсім табиғатқа қамқорлықпен, инновация ұлттық мәдениетпен, жаһандану ұлттық ерекшелікпен қатар жүруі қажет.

Фудзияма шыңына қараған сайын адамның көзі биіктікке ұмтылады. Ал жүрегі тереңдік туралы ойланады.

Сондықтан бұл тау маған табиғат ескерткіші ретінде ғана емес, өмірдің өзінен сыр шертетін үнсіз ұстаздай әсер етті. Бәлкім, халықтардың ұлылығы да дәл осындай болар. Өзіңді өзгеден жоғары қою емес, өз биігіңді сақтап қалу, өткеніңді ұмытпай, болашаққа қадам басу, тамырыңды тереңге жіберіп, шыңыңды көкке көтеру ұлт ұлылығының көрсетікіші ме дерсің. Фудзияма маған осындай ой салды.

Ал Қазақстанның да өз Фудзиямасы бар. Ол – халқымыздың рухы.

Бибігүл Жексенбай, сенатор

Abai.kz

 

0 пікір