Сенбі, 6 Маусым 2026
120 0 пікір 6 Маусым, 2026 сағат 10:30

Қарағандыда Қазақстан нейрохирургтарының VI Конгресі өз жұмысын бастады

Сурет: шара ұйымдастырушыларынан алынды.

2026 жылғы 5 маусымда Қарағанды медицина университетінің базасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған Қазақстан нейрохирургтарының VI Конгресі өз жұмысын бастады.

Сурет: шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Конгресс нейрохирургия саласындағы еліміздегі ең ірі кәсіби алаңдардың бірі болып табылады және жетекші отандық мамандарды, Ұлттық нейрохирургия орталығының өкілдерін, өңірлерден келген дәрігерлерді, сондай-ақ жас мамандарды біріктірді. Форум жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен 200-ге жуық делегат қатысуда.

Конгресс қатысушыларына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың құттықтау хаты жолданып, ол ашылу салтанатында оқылды.

Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімов, Қарағанды облысы әкімінің денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Ораз Таурбеков, сондай-ақ медициналық қауымдастық өкілдері қатысты.

Конгрестің ашылуында Қазақстан нейрохирургтар қауымдастығының президенті, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, академик Серік Ақшолақов құттықтау сөз сөйледі.

5–6 маусым аралығында өтетін Конгресс барысында қатысушылар Қазақстандағы нейрохирургиялық қызметті дамытудың өзекті мәселелерін, нейрохирургиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін, күрделі клиникалық жағдайларды және өңірлік нейрохирургияны одан әрі дамыту перспективаларын талқылайды. Сонымен қатар практикалық денсаулық сақтауға жаңа технологиялар мен инновациялық емдеу әдістерін енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Конгрестің екі күндік бағдарламасына 53-тен астам ғылыми баяндама, пленарлық және секциялық отырыстар, кәсіби пікірталастар, шеберлік сабақтары, симуляциялық тренингтер мен практикалық сабақтар енгізілген. Қатысушылар инновациялық нейрохирургиялық тәсілдерді, жоғары технологияларды қолдану мәселелерін, күрделі қан тамырлары және онкологиялық ауруларды, ересектер мен балалардағы эпилепсияны емдеу жолдарын, сондай-ақ функционалдық және балалар нейрохирургиясының жаңа бағыттарын талқылауда.

Конгрестің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында өтуінің маңызы ерекше. Тәуелсіздік жылдары елімізде заманауи нейрохирургиялық қызмет қалыптасты, мамандандырылған орталықтар ашылды, жоғары технологиялық диагностика мен емдеудің ондаған әдістері енгізілді, ал қазақстандық мамандар халықаралық деңгейде мойындалды.

«Тәуелсіздіктің 35 жылы – бұл мемлекеттің ғана емес, қазақстандық нейрохирургияның қалыптасуы мен дамуының тарихы. Осы уақыт ішінде сала мамандандырылған қызметті қалыптастырудан бастап жоғары технологиялық медициналық көмекті енгізуге және халықаралық деңгейге шығуға дейінгі үлкен жолдан өтті», – деді Серік Ақшолақов.

Академик Серік Ақшолақовтың айтуынша, отандық денсаулық сақтау саласының жетістіктерінің жарқын мысалдарының бірі – Тәуелсіздік жылдары құрылған Ұлттық нейрохирургия орталығы.

«Бүгінде Ұлттық нейрохирургия орталығы Қазақстаннан тыс жерлерде де жоғары технологиялар, ғылыми зерттеулер мен білікті мамандар даярлау үйлесім тапқан жетекші орталық ретінде танымал», – деп атап өтті ол.

Қазіргі таңда қазақстандық нейрохирургтар халықаралық ғылыми жобаларға белсенді қатысып, жетекші мамандандырылған басылымдарда зерттеу нәтижелерін жариялап, еліміздің атын әлемдік кәсіби алаңдарда танытып келеді. Соңғы жылдары Қазақстанда халықаралық деңгейдегі ірі ғылыми және білім беру іс-шараларының өткізілуі де отандық нейрохирургияның жоғары деңгейін және қазақстандық мамандардың әлемдік кәсіби қауымдастықтағы беделін көрсетеді.

Конгресс аясында жас ғалымдар байқауы өтуде. Байқауда резиденттер мен жас нейрохирург дәрігерлер өздерінің ғылыми жұмыстары мен клиникалық зерттеулерін таныстыруда. Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар академик Серік Ақшолақов атындағы сыйлықпен марапатталады.

Сонымен қатар форум аясында еліміздің әр өңірінен келген 18 нейрохирург Қазақстанның нейрохирургиялық қызметін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін марапатталады.

Қазақстан нейрохирургтарының VI Конгресі кәсіби диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға және еліміздің әр өңіріндегі мамандар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды. Осындай ғылыми-практикалық іс-шараларды өткізу отандық нейрохирургияның одан әрі дамуына, медициналық көмектің сапасын арттыруға және жас мамандарды даярлауға ықпал етеді.

«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ баспасөз қызметі,

87779995229 Мирамгуль Жубаниязова

Abai.kz

0 пікір