Қазақстан 2026 жылы қоныс аударуға ең қолайлы ТМД елі деп танылды
Қазақстан америкалық Remitly компаниясы дайындаған Immigration Index 2026 халықаралық рейтингінде ТМД елдері арасында бірінші орынға ие болды.
82 мемлекетті қамтыған әлемдік рейтингте Қазақстан 53-орынға жайғасып, зерттеуге енгізілген өңірдегі барлық басқа елдерді басып озды.
Салыстыру үшін, посткеңестік кеңістіктегі өзге мемлекеттердің рейтингтегі орындары төмендегідей болды:
Молдова — 56-орын;
Әзербайжан — 66-орын;
Армения — 74-орын;
Өзбекстан — 75-орын.
Ал Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Украина зерттеуге енгізілмеген.
Рейтинг авторлары елдерді 16 санатқа біріктірілген 34 көрсеткіш бойынша бағалаған. Олардың қатарында қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау мен білім беру сапасы, экологиялық жағдай, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, өмір сүру құны, тұрғын үйдің қолжетімділігі, қоғамдық көліктің дамуы, отбасыларды қолдау және ірі мигранттық қауымдастықтардың болуы сияқты факторлар бар.
Әлемдік рейтингтің көшбасшысы Швейцария болды.
Remitly компаниясының мәліметінше, индексті әзірлеу кезінде тек экономикалық көрсеткіштер ғана емес, сондай-ақ өмір сапасы, қауіпсіздік деңгейі, отбасылар үшін қолайлылық және мигранттардың ұзақ мерзімді бейімделу мүмкіндіктері де ескерілген.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазіргі мигранттар үшін негізгі өлшемдер ретінде өмір сапасы, қауіпсіздік, медициналық қызметтердің қолжетімділігі және ұзақ мерзімді болашақ құру мүмкіндігі қарастырылады. Осы факторлардың жиынтығы бойынша Қазақстан 2026 жылғы рейтингте ТМД елдері арасындағы ең үздік мемлекет атанды.
Abai.kz