Жұма, 12 Маусым 2026
204 0 пікір 12 Маусым, 2026 сағат 20:17

Бейбіт Исабаев Текелі қаласының әкіміне биыл «Серкесай» экопаркін құру жұмыстарын бастауды тапсырды

Сурет: GOV.KZ сайтынан алынды.

Жетісу облысында үш экопарк ашу жоспарланған. Соның бірі Текелі қаласында құрылады. Осыған байланысты облыс әкімі Бейбіт Исабаев қала әкіміне жалпы аумағы 21 гектарды құрайтын «Серкесай» экопаркін құру жұмыстарын ағымдағы жылы бастауды тапсырды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Текелі қаласының тұрғындарымен кездесуінде айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

– Текелі қаласының табиғи-рекреациялық әлеуеті туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Президент тапсырмаларын орындау аясында біз тарапымыздан барлық қажетті қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, дербес туризм бөлімі ашылды. Енді осы бағытта нақты шаралар қабылдануы тиіс. Заманауи талаптарға сай жаңа қонақ үйлер мен демалыс орындарын салу керек. Сонымен қатар экологиялық туризмді дамыту аясында «Серкесай» экопаркін құрудың жобалық-сметалық құжаттамасын және өзге де қажетті құжаттарды әзірлеп, биыл бастау керек. Жалпы, туристік бағытты жандандыру арқылы қала экономикасының өсімін қамтамасыз етуді тапсырамын, – деген Б. Исабаев Текелі қаласының әкімі А. Әділге туризм саласын дамыту мәселесін жеке бақылауына алуды міндеттеді.

Белгілі болғандай, алдын ала жоспар бойынша экопаркте фотоаймақ, серуендеу аймағы жасалады, орындықтар, бағыттау белгілері, санитарлық тораптар қойылады және басқа да абаттандыру жұмыстары атқарылады. Бұл ретте облыс әкімі паркті абаттандыруда бірыңғай стильдің сақталуына назар аудару қажеттігін айтты.

Атап өтсек, бүгінде Текелі қаласында 22 туристік нысан жұмыс істейді. Өткен жылы ішкі туризм аясында 19,8 мың келушіге жалпы сомасы 570 млн теңгенің туристік қызметтері көрсетілді. Ал биыл қалаға шамамен 24 мың турист келеді деп күтілуде. Жеке инвестициялар есебінен бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 50 коттедждің құрылысы басталып, сақ моншалары, ойын-сауық кешені және бірқатар қонақ үйлер пайдалануға берілді. Сонымен қатар қосымша жоба аясында глэмпингтер мен демалыс аймақтарын орналастыру көзделіп отыр.

Abai.kz

0 пікір