Жұма, 19 Маусым 2026
Әне, көрдің бе? 4337 0 пікір 15 Маусым, 2026 сағат 12:50

Константин Боровой: КСРО-ны ешқашан қайта құра алмайсыңдар!

Сурет: region.expert сайтынан алынды.

Достарым, бүкіл жан-дүниеммен сіздерге айтар сөзім бар.

Қысқасы былай. Жекеме келіп, Путинді қорғап әлек болатын әртүрлі "жанашырлар", сол баяғы 85% жүйешілдер мен билікті қолпаштаушылар әбден зықымды шығарды, сондықтан тағы бір мәрте бірнеше сөйлеммен анықтап айтып өтейін.

1. Ресей — басқыншы ел. Ол Иван Грозный заманынан бері өзінің бүкіл тарихында сондай болып келді.

2. КСРО тарап кетті, өйткені ешкім Мәскеудің билігі астында отыруға сенбеді де, қаламады да. Оларды күшпен ұстап тұрды. Күш жойылған сәтте, әлгі қарғыс атқан "халықтар достығының" ешқашан болмағаны белгілі болды.

3. КСРО-ны ешқандай жағдайда да қайта құра алмайсыңдар. Сондықтан бұл туралы ұмытыңдар, тіпті бастаудың да қажеті жоқ. Кез келген бұрынғы республика немесе кеңестік сателлит НАТО-ға жанұшыра қашып жатқан болса, ол сіздер сияқты "мейірімділерден" қандай қорғанмен қоршауды білмей жатқандықтан. Кремльден соңғы 100 жыл бойы аңқып тұрған сасық иістен әбден мезі болды.

4. Ресейдің ядролық қаруынан және оның "поцреоттарының" (жалған патриоттарының) біреулерге "көкесін көрсеткіміз келеді" деген байбаламынан ешкім қорықпайды. Естеріңізге сала кетейін: ядролық батырмаға қарай жасалған кез келген әрекет үшін — Ресей 30 минуттың ішінде жер бетінен жойылады. Ешқандай сөйлесусіз, анықтаусыз және сыпайылық танытпай-ақ. Бәрі түсінікті ме? Бүкіл әлемді құртудан басқа ештеңе қолдарыңыздан келмейді және ештеңе ұсына да алмайсыңдар. Сондықтан өз-өздеріңізге мақтау өлеңдерін айта беріңіздер. Бүкіл әлем сіздердің іс жүзінде кім екендеріңізді өте жақсы біледі: ұлылыққа дәмесі бар, үшінші әлемнің артта қалған, жабайы папуасиясысыздар. Сіздердің қатысуларыңызбен өтетін мамыражай кештер әлемде баяғыда аяқталған.

5. Украина өз жерінің тұтастығы, абыройы мен өзін-өзі анықтау құқығы үшін мүлдем заңды әрі әділетті соғыс жүргізіп жатыр. Украина мықты экономикасы бар үлгілі батыс еліне айнала ма, жоқ па білмеймін, бірақ ол тәуелсіз мемлекет болады. Ал Қырымды ешкім қайтадан соғыспен тартып ала алмайды. Неге екенін білесіздер ме — өйткені, ерте ме, кеш пе, Қырымды бәрібір кері қайтарады немесе бұл дауды өтемақы есебінен қалайда реттейді. Ресей оны ұстап тұра алмайды. Әзірге ойнай тұрсын, бұл түпсіз тесікке 200 миллиард доллар құртып, кеудесін маңызды етіп керіп жүре берсін — ақыр соңы бәрібір бірдей. Уақыт еншісіндегі мәселе.

6. Путин мен оның сыбайластары — жеткілікті деңгейдегі пысық интригандар, КГБ-шниктер, бұрынғы коммунистер, өзгенің мүлкін тартып алушылар және әлі күнге дейін нағыз жендеттер мен қанішерлер. Бірақ олардың ешқашан кім болмағанын және болмайтынын айтайын — олар қалыпты ел мен экономика құрушылар емес. Путиннің бүкіл жетістігі — оның артта қалған экономикасы үшін мұнай мен газды тұтынудың әлемдік нарықтағы сәтті конъюнктурасы ғана болды. Қазір ол көз алдымызда анық өзгеріп жатыр. Сондықтан ғажайыптар аяқталды немесе аяқталуға жақын. Қашан және қалай жарылатынын білмеймін, бірақ міндетті түрде жарылады. Күмәніңіз бар ма? Тарихты тез арада парақтап, келмеске кеткен КСРО-ны еске түсіріңіздер.

7. Жоқ, Ресейге ешкім қызықпайды. Ол қалыпты адамдардың қызығушылықтарының ең соңғы қатарында. Неге? Өйткені бұл ел әлемге ештеңе ұсына алмайды. Ол — қиыр солтүстіктегі аюлары мен арағы бар қандай-да бір үлкен бос кеңістік.

8. Ресейде, оның мәдениетінде, экономикасында, жетістіктерінде, халқында ешқандай ұлылық жоқ. Сұмдық құрбандықтармен келген жекелеген кезеңдер мен серпілістер болды, жекелеген жазушылар мен музыканттар, ғалымдар мен жаңалықтар болды. Бірақ бұл өте ұзақ әрі сұрықсыз тарихтың тек жекелеген үзінділері ғана. Өмір бойы Ю.Гагаринмен, Л.Толстоймен, Василий Блаженный соборының архитектурасымен және "Националь" ресторанының киевтік котлетімен мақтануға болады. Бірақ бұл — өткен шақ. Өте алыс өткен шақ. Ал әлемге ұлылық үшін күн сайын, дәл қазір жаңа серпін керек. Сондықтан, біздің заманымызда елдің ұлылығы Селигер көліндегі руханилық туралы айғаймен емес, айфондар мен автомобильдердің озықтығымен өлшенетініне ешкім кінәлі емес.

9. Анықтама үшін — Сталин Гитлерден әлдеқайда сорақы болған. Ол адамзат тарихындағы ең қанішер диктатор шығар. Ол өз жетістіктерін тұтас бір елді, оның ең жақсы адамдарын құрту арқылы жасады және соған қол жеткізді. Сондықтан қолдары шынтағынан қанға малынған осы "тиімді менеджермен" мақтануды жалғастыра беріңіздер. Бұдан асқан ақымақтық болуы мүмкін емес. Тек кейін сіздерді құл санатына жатқызатынына таңғалмаңыздар.

10. Жоқ, Ресейде мен үшін де, басқа мыңдаған адамдар үшін де қызықты ештеңе жоқ және болмайды. Неге? Өйткені санада ештеңе өзгерген жоқ. Бірнеше зәулім үй салдыңыздар, кір денелеріңізге сәнді киімдер ілдіңіздер, заманауи көліктерге міндіңіздер, тіпті үйлеріңізге компьютер қойдыңыздар. Ал миларыңызда баяғы сол "совок" қалпында қалдыңыздар. Маған бұған қарау мүлдем қызық емес.

11. Иә, ішінде голландтықтар бар малайзиялық ұшақты атып түсірген — ресейлік әскерилер мен олардың қолшоқпар бандиттері. Иә, Немцовты және басқа да оппозиционерлерді, тілшілерді, банкирлерді, жай ғана азат Ресейді армандаған адамдарды өлтірген — Кремль мен оның сыбайластары. Сіздер және сіздердің сүйікті биліктеріңіз адамдарды улайды, атады, асады. Мас күйінде жолаушылар ұшағын атып түсіріп, содан кейін екі-үш апта бойы қаза тапқандардың шіріп жатқан денелерін жинауға да мұрсат бермейді. Иә, Донецкідегі алқаштар мен бандиттерге көмек болсын деп, өлген жолаушылардың сынып қалмаған айфонын немесе саусағындағы жүзігін іздеп, оларды тонайтын да — сіздерсіздер.

12. Сіздердің өтіріктеріңіз бүкіл әлемге белгілі және түсінікті, сондықтан сіздерге ештеңе дәлелдеудің қажеті жоқ. Өйткені дәлелді сол дәлелдерді түсінуге және қателігін мойындауға қабілетті адамдарға көрсетеді. Сіздердің интеллектуалдық деңгейлеріңіз мұны түсінетіндей дәрежеде емес. Сондықтан уақыт шығындаудың қажеті жоқ.

Константин Боровой

Қазақшаға аударған - Қуаныш Еділхантегі

Abai.kz

0 пікір