Жұма, 19 Маусым 2026
Бетбұрыс 477 0 пікір 19 Маусым, 2026 сағат 16:11

Мейірімді қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар болмайды

Сурет: nur.kz сайтынан алынды.

Әрине, барлық елдерде туа дертті, ауру, науқас немесе төтенше жағдайға ұшырап, мүгедектікке душар болған тағдырлы адамдар бар. Біз оларды мүмкіндігі шектеулі жандар дейміз.

Иә, мүмкіндігі шектеулі жандар біздің елімізде де бар және оларды күнделікті өмірімізде көріп те жүрміз. Көңілге медет тұтарымыз – Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттің, қоғамдық ортаның, қала берді, қайырымды адамдардың қамқорлығында, әрі олар қоғамның толық мүшесі болып саналады. Шетелдерге шыққан іс-сапарларымызда байқап жүрміз: ең дамыған, өркениетті елдер деп аталатын мемлекеттерде рухты, жігерлі жандар болмаса, мүмкіндігі шектелген қаріп-қасірлердің көбі қатарға қосыла алмай, өмірін азапта өткереді екен. Бізде көмек пен жәрдемге мұқтаж жандардың мүддесі әрқашан Үкіметтің назарында. Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға, өмір сапасын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыратынын еске алуымыз керек. Президент бірнеше рет Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға инклюзивті қоғам қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын.

Инклюзивті дамыту әне-міне қолданысқа енгелі тұрған жаңа Конституциямызда да қамтылған.

Конституцияда инклюзивті даму бойынша азаматтарды жасына, ауруына, мүгедектігіне немесе басқа да заңды негіздерге байланысты әлеуметтік қамтамасыз етудің құқықтық негіздері бекітілген. Соның ішінде  мемлекет барлық деңгейдегі білім беру жүйесінде, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арнайы жағдай жасауға кепілдік берген. Қоғамдағы барлық адамға (әсіресе мүгедектігі бар азаматтар мен көру қабілеті шектеулі жандар үшін) тең мүмкіндіктер мен кедергісіз инфрақұрылым ұсыну мәселесі де бар. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған 2025 –2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасының негізі болып табылады.

Президенттің Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға инклюзивті қоғам қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар бергенін жоғарыда жаздық. Инклюзивті қоғам қалыптастыру барысында игілікті іс-шаралар ұйымдастырып, нақты істерімен көш бастап  келе жатқан облыс – Жетісу облысы.

Этнокөрме – адамдар арасындағы алтын көпір

Ілгеріде жолым түсіп, Жетісу облысының орталығы – Талдықорғанға барғанымда, жасыл желекті қалада өтіп жатқан халықаралық көрменің үстінен шықпасым бар ма! Көрме – қолөнер шеберлерінің қолынан жасалған түрлі бұйымдардың көрмесі екен. Көрмеге сонау Түркиядан, Өзбекстаннан, Ресейден шеберлер арнайы келіп қатысып жатыр екен.

Жәрмеңке – көрменің сөрелері мен ләпкелері түрлі заттарға толып қалған. Шетінен көздің жауын алады.

– Осының бәрін жасап, көрмеге әкеліп қойған жандар – мүмкіндігі шектеулі жандар, – деп түсінік берді менің жолбастаушым. Мен мұны жәрмеңке – көрменің базарына кіргенде-ақ аңлағанмын. Жәрмеңкенің ләпкесіне түрлі бұйымдарын  жайып тастап отырғандардың дені қоларбаға таңылған, балдаққа сүйенген, зағиптардың арнаулы көзілдірігін таққан жандар екен. Мен сонда осы бір аяулы адамдардың шеберлігіне, өмірге құштарлығына, өздерін ешкімнен кем санамайтын қайсар рухына сүйсініп, ішімнен, «мына адамдар шындап кіріссе, сән-салтанаты келіскен қала да салып тастайтын шығар» деп ойлағанмын. Ең бастысы – қалалық әкімшіліктің қолдауымен ұйымдастырлған бұл этнокөрме – адамның өзіне деген сенімін еселеп, адамдардың арасын алтын көпір болып жалғап жатқан еді. Менің дәл осы ойымды құптағандай жергілікті басылымдардың бірінен  «Мейірім» МҚБ төрағасы Гүлвира Таубалдинованың: «Біз жай ғана көрме емес, қарым-қатынас орнататын, шабыт алатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын алаң құруға тырыстық. Көптеген қатысушылар іс-шара барысында жаңа тұтынушылар мен серіктестер тапты», – деген сөзін оқып, риза болдым.

Жетісу – тек этнокөрме ұйымдастырып қана отыратын облыс емес. Мысалы, облыс орталығы Талдықорған қаласында  «Мүгедектігі бар адамдарды квотамен жұмысқа орналастыру» бойынша 2025 жылы 48 адамды жұмыспен қамту көзделсе, бұл жоспар өткен жылы 100 пайыз орындалып, яғни, мүгедектігі бар 48 адам жұмысқа орналасып, қатарға ілігіпті.

«Мүгедектігі бар адамдарға жұмыс орындарын құру» бағдарламасы да Талдықорғанда орайын тауып, жақсы жолға қойылған. 2026 жылғы жоспарда 1 адам болса, жыл басынан мүгедектігі бар 2  адамға жұмыс орыны құрылыпты. «Мұндағы біздің жоспарымыз орындалып, жоба 200%-ға жетті», – дейді Талдықорған қаласы мансап орталығының мамандары.

Баланың бәрі – бала

19 мекеме. Бұл аз ба, көп пе? Тегі, осындай мекемелердің болмай-ақ қойғаны жөн еді. Бірақ амал кем, ерекше күтімді, ерекше назар аударуды қажет ететін балалар бар да, мұндай мекемелердің қызметін жоққа шығара алмайсыз. Айтып отырғанымыз, Жетісу облысындағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолдау көрсететін мекемелер жайында. Әлгіндей мекемелердің саны Жетісу облысында 19 екен. Соның ішінде арнаулы интернаттар, облыстық педагогикалық-психологиялық консультациялар, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері де қызмет көрсетеді.

Баланың бәрі – бала. Кез келген бала өз қатарластарымен бірдей білім алып, ойнап-күліп өсуге, мемлекет тарапынан жасалып отырған барлық  мүмкіндіктерді пайдалануға құқылы. Әйтсе де, барлық мүмкіндікті пайдалану барлық баланың маңдайына жазылмапты. Мысалы, денсаулығы нашар балалар мектептерге бара алмайды. Спорт алаңдары мен залдарда жүгіре алмайды. Суда жүзе алмайды. Тіпті өзі қатарлы баламен тең отырып сөйлесе де алмайды. Алайда олар ешкімнен кем емес. Мемлекет пен ата-ана үзбей қамқорлық жасаса ерекше балалардың ортасынан ертең ерекше тұлғалар да шығуы мүмкін. Өмірде мұндай мысалдар аз ба?

Тақырыбымызға орлайық. Мүгедектігі бар балалардың жағдайын ескеріп,   облыстық білім басқармасы жалпы білім беретін мектептерде 203 педагог-дефектологтің, 165 логопедтің, 1 тифлопедагогтің, 108 педагог-ассистенттің  жұмыс істеуіне пәрмен беріпті. Ағымдағы жылы Жетісу облысы Көксу ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашыпты. Сол сияқты Панфилов ауданы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте, Талдықорғандағы Ушинский атындағы №7, №27 орта мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді екен. Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп базасында ресурстық кабинет те бар көрінеді.

Осы арада айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар балаларды ортаға бейімдеу, олардың көпшілік балалар оқитын мектептерге баруы және оларды сыныптастары мен ата-аналардың қабылдауы әуел баста қиын болды. Есімізде, осыдан 4-5 жыл бұрын, ерекше қажеттілігі бар балаларды өзге балалармен қатар оқытуға мектеп ұжымындағы мұғалімдердің өзі (бәрі емес, ішінара) қарсы болған еді. Алайда, Президент Тоқаевтың тапсырымасымен, қоғамның талап етуімен бұл мәселе қазір шешімін тауып, қатардағы мәселелердің бірі болып қалды. Осы жайды Талдықорғандағы № 7 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бахтихан Сейітова былай деп еске алады:

– Біздің мектепте инклюзияны қолдау кабинеті 2019 жылдың қыркүйегінде ашылды. Мектебімізге ерекше қажеттілігі бар 10 бала келді. Сол 10 баланың 3-еуін қоғамдық ортаға бейімдеп, өз бетімен оқи алатын деңгейге жеткізіп шығардық. Қазір де 10 бала инклюзивті білім алып жүр. Олар сыныпта басқа балалармен бірге отырып оқиды. Әрқайсының жанында бір-бір педагог-ассистент бар. Бұл іске алғаш кіріскенімізде ата-аналар тарапынан да, оқушылар тарапынан да, тіпті мұғалімдердің арасында да қарсылық болды. Дегенмен, ерекше қажеттілігі бар балаларды ортаға бейімдеу мәселесін біз ептеп жолға қойдық. Яғни, инклюзивті білім берудің тиімділігін бізге уақыттың өзі көрсетіп берді.

Деректер не дейді?

Жетісу облысы әкімшілігінің баспасөз орталығы берген деректерге сүйенсек,

инклюзивті біліммен қамтылғандар саны  Жетісу облысында – 6 278 бала екен.  Олардың мектеп жасына дейінгілері  – 1550 бала, 4500-ден астамы мектеп оқушылары, 231-і колледж студенттері.

Мектептерде дефектологтар, логопедтер, сурдопедагогтар, жиыны – 406 арнайы педагог қызмет істейді.

535 психолог балаларға қолдау көрсетуде.

Облыста 19 арнайы білім беру мекемесі бар.

Бұл, әрине, деректер. Деректер, бірақ, көп нәрсені айтады. Бұл деректер біздің қоғамда мейірім бар екендігін әйгілеп тұр. Ал, мейірімді қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар болмайды. Олардың бәрі – қатардағы жандар, қоғамның толыққанды мүшесі.

Ілияс Ақабай

Abai.kz 

0 пікір