Мәжіліс төрағасы Польша Сенатының Маршалымен кездесті
Астана, 19 маусым, Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньскамен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.

Сурет: Ж.Жұмабеков.
Мәртебелі мейманды қарсы алған Мәжіліс спикері екі ел арасындағы ынтымақтастықтың сындарлы сипатын атап өтті.

Сурет: Ж.Жұмабеков.
– Қазақстан мен Польша – маңызды стратегиялық серіктес елдер. Біздің қарым-қатынасымыз жоғары деңгейдегі өзара түсіністікке және сенімге негізделген. Мемлекеттеріміздің басшылары екіжақты ынтымақтастықтың зор әлеуетін тиімді іске асыруға барлық күш-жігерін салуда. Қазақстан-Польша ықпалдастығының қарқынды дамуына екі елдің парламенттері де өз үлесін қосып, барлық деңгейде бірлесіп іс-әрекет етуде, – деді Ерлан Қошанов.

Сурет: Ж.Жұмабеков.
Мәжіліс төрағасы польшалық әріптесін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар туралы мәлімет берді. Бүкілхалықтық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы жаңғырту процесінің маңызды кезеңіне айналды. Конституциялық нормаларды іс жүзіне асыру мақсатымен Парламент аса маңызды заңдарды қабылдады. Олардың қатарында Президент, Құрылтай, Халық кеңесі туралы және басқа да заңнамалық актілер бар. Мәжіліс спикері әріптесін алдағы парламенттік сайлауды байқау жөніндегі миссияларға қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Польша Республикасы Сенатының Маршалы Малгожата Кидава-Блоньска қонақжайлық танытқаны үшін алғысын білдіріп, Польшаның екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті. Ол Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне ерекше әсер алғанын айтты. Польша делегациясының басшысы экономика, мәдениет, білім беру, спорт және өзге де салалардағы әріптестікті кеңейту қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар Қазақстандағы поляктарға өз ана тілін және діни сенімін сақтауға қолайлы жағдай жасағаны үшін ризашылығын білдірді.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне ерекше мән беріп, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, металлургия, тамақ, мұнай-химия және химия салаларындағы өзара байланыстың жоғары әлеуетін атап өтті. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы IT саласындағы ынтымақтастықтың өзектілігіне ерекше тоқталып, Қазақстанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанына назар аударды. Осыған байланысты цифрландыру мен жасанды интеллект салаларында заң шығару ісінде тәжірибесін алмасуды күшейту ұсынылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бұл сапар екі ел арасындағы парламентаралық диалогқа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Мәжілістің Баспасөз қызметі
Abai.kz