Жексенбі, 21 Маусым 2026
272 0 пікір 21 Маусым, 2026 сағат 23:00

Осы демалыста отандық спортшылар халықаралық жарыстарда 19 медаль жеңіп алды

Сурет:ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінен алынды.

Бокстан семсерлесуге дейін: Қазақстан спортшылары демалыс күндерін 19 халықаралық медальмен қорытындылады. 

Өткен демалыс күндері отандық спортшылар олимпиадалық спорт түрлерінен ірі халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 19 медаль иеленді.

Сурет:ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінен алынды.

Әлемдік және құрлықтық додаларда ел намысын қорғаған бірнеше ұлттық құрама жоғары нәтиже көрсетіп, ел спортының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Сурет:ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігінен алынды.

Ең табысты нәтиже Қытайдың Гуйян қаласында өткен World Boxing Әлем кубогінің екінші кезеңінде тіркелді. Қазақстан боксшылары қоржынға 5 алтын және 3 қола медаль салып, жалпы сегіз жүлде жеңіп алды. Турнир чемпионы атанғандар: Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов, Айбек Оралбай, Назым Қызайбай және Виктория Графеева.

Индонезияның Бали аралында өткен WKF каратэден Азия чемпионатында да Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Отандастарымыз 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алып, құрлықтың үздік командаларының қатарынан көрінді.
Азия чемпионы атанғандар - Жоламан Биғабыл мен Олжас Алтынбек.

Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы да ел қоржынына алтын медаль салды. Қытайдың Шаосин қаласында өткен Азия эстафеталық чемпионатында ұлттық құрама аралас құрамдағы 4×400 метрлік эстафетада жеңімпаз атанды. Құрама сапынан Эльнор Мұхитдинов, Мария Шувалова, Андрей Соколов және Аделина Земс жүгірді.

Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында отандық семсерлесушілер тарихи жетістікке қол жеткізді. Ирина Бакалдина әйелдер арасындағы жеке шпага сайысында Азия чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы атанды. Ал Руслан Құрбанов ерлер арасындағы жеке шпага бәсекесінде қола медаль иеленді.

Нысана көздеуден де ел қоржынына жүлде түсті. Германияда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Ринат Казаченко 50 метр қашықтықта үш қалыптан кіші калибрлі винтовкамен ату сайысында күміс медаль жеңіп алды. Бұл - Қазақстан құрамасының аталған әлем біріншілігіндегі алғашқы жүлдесі.

Өткен демалыстағы нәтижелер отандық спортшылардың жоғары дайындық деңгейін және елімізде олимпиадалық спорт түрлерін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісті екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Abai.kz

0 пікір