Дүйсенбі, 22 Маусым 2026
Саңлақ 114 0 пікір 22 Маусым, 2026 сағат 14:21

Жаңа заманның жұлдыздары

Коллаж: Abai.kz.

Футболдан әлем чемпионатында ерекше шеберлігімен тәнті еткен таңдаулы ойыншылар жөніндегі әңгімені әрі қарай жалғаймыз.

Мерген

1998 жылдан басталған Роналдоның «жарақат эпопеясынан» соң оның бұрынғы деңгейіне қайта көтеріле алатынына біреу сенді, біреу сенбеді. Бірақ ол оралды! Төрт жыл бойы теңбіл доптан гөрі дәрігер қандауырын жиірек көрген шабуылшы соның бәрін ұмыту үшін, тамаша ойынымен таң қалдыру үшін, жанкүйер қауымға қуаныш сыйлау үшін, ең бастысы, ЖЕҢУ үшін оралыпты!

Сурет: sportsheroes.ru сайтынан алынды.

– Мен үшін әр турнирдің орны бөлек. Соның ішінде 2002 жылғы доданы ерекше бөліп атар едім. Корея мен Жапонияда мен ғана емес, бүкіл команда тамаша ойнады. Менің 8 гол соғуыма әріптестерімнің сіңірген еңбегі басым. Бұл – меніңше, Бразилия тарихындағы ең мықты команданың бірі, – деп еске алды ол кейін.

Роналдо бала кезінен Зикодай футболшы болуды армандапты. «Біріншіден, ондай жан-жақты шабуылшыны содан кейін кездестіргем жоқ. Екіншіден, ол мен өте жақсы көретін «Фламенгода» ойнайтын. Мен де футболшылық кәсібімді осы клубта бастағым келген. Алайда мені қабылдамай қойды. Сосын, амал жоқ, «Сан-Кристоваоның» жасөспірімдер командасына бардым, одан «Крузейроға» ауыстым. Еуропадан оралған соң «Коринтианс» шақырды» дейді ол.

Оның аяғы сынып, ұзақ уақыт алаңға шыға алмастан, емделіп жатқан кезі көп болды. Сондайда моральдық тұрғыдан сынбауға, еңсесін қайтадан тіктеуге ертеңгі күнге деген сенім көмектессе керек. «Мен бәрібір сол қиындықтардың артта қалатынына, жарқын күндердің қайта келетініне, жасыл алаңға қайта шығатыныма, жанкүйерлерімді бұрынғыдай қуанта алатыныма сендім. Мені сол сенім мен үміт жетелеп, кейінгі табыстарға жеткізді» дейді шабуылшы.

Бір сұхбатында ол былай деп сыр ашқан:

– Мен үшін әр турнирдің орны бөлек. Тіпті бірде-бір рет алаңға шықпасам да, 1994 жылы АҚШ-та өткен доданы да керемет сағынышпен еске аламын. Мәселе – біздің алтыннан алқа таққанымызда ғана емес, командамыздағы ахуалдың өте жайлы да жаймашуақтығында. Рас, «тым болмағанда бір матчқа қатыссам ғой!» деген арман көкейімді тесті де тұрды. Дегенмен жаттықтырушымыз Паррейраның негізгі құрам жөнінде өз көзқарасы болды. Оны тіпті БАҚ-тың шу көтеруі де өзгерте алмады. «Роналдоны алаңға шығар» деген өтінішпен бапкерге менің шешем де қоңырау шалыпты. Бір жағынан, Паррейраны да түсінемін. Одан бүкіл Бразилия 24 жыл бойы аңсаған алтын жүлдені талап етті. Сол жолда ол қандай шешім қабылдаса да еркінде еді. Оның үстіне, бұл Бебето мен Ромарионың нағыз бабындағы шағы-тын. Кез келген сәтте оларды алмастыруға әзір боп қосалқы құрамда көпті көрген кәнігі шабуылшы Луис Мюллер отырды. Мұндай жағдайда 17 жасар «балақайға» орын қайда?

Жалпы алғанда жаман өтпеген 1998 жылғы турнирдің соңғы ойынын ғана еске алғым келмейді. Финал күні оңбай ауырдым, қызуым көтеріліп, басым айналды, тіпті не болғанын түсіне алмадым. Бөлмелес әріптесім Роберто Карлос шошып кетіп, дереу дәрігерімізді шақырды. Оның ем-домынан соң сәл тәуір болғаныммен, бәрібір өзімді жайсыз сезіндім. Бапкеріміз Марио Загалло «нәтиженің аса маңызды екені рас, бірақ ол адам денсаулығынан қымбат емес» деп, менің орныма алаңға Эдмундоны шығармақ болды. Бірақ мен шыдамадым, қалайда финалға қатысқым келді. Кешке таман бапкердің көзінше дәрігерге тағы қаралып, ойнауға рұқсат алдым. Алайда бәрі біз ойлағандай болмады: жанкүйерлерінің қызу қолдауына сүйенген француздар барын салып ойнады, ал біз өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық...

Жұрт ойлағандай, мен спортшылар отбасынан емеспін. Әкем Нелио телефон компаниясында істеді, анам Сонни шағын кафенің еденін жуатын. Мен 3 жасыма дейін сөйлемеген баламын. Өзіммен-өзім ойнап жүре беретінмін, ертелі-кеш ағам Нелиньомен және оның достарымен бірге ескі резеңке допты ортаға алып, жұлым-жұлымын шығаратынбыз. 4 жасымда әкем менің туған күніме нағыз былғары доп сыйлады. Қуанғанымды көрсеңіз! Бәрі содан басталды...

Роналдоның финалдық сындардағы доп саны жөнінен өзінің даңқты отандасы Пелені 2002 жылы-ақ қуып жетуі мүмкін екені жан-жақты сөз болған-ды. Шынымен-ақ солай болды. Ал 2006 жылы Роналдо неміс Герд Мюллер (14 гол) мен француз Жюст Фонтэнді де (13) басып озды. 2014 жылы одан Мирослав Клозе (Германия) асып түсті (16 гол).

Нағыз қорғаушы

Италия – әлем футболының тарихына талай тамаша ұлдарын ұсынған ел. Солардың бірі – 2006 жылғы әлемдік доданың басты қаһармандарының бірі, қырағы қорғаушы Фабио Каннаваро.

Сурет: championat.com сайтынан алынды.

1973 жылы Неапольде дүниеге келген Каннаваро өз елінің «Наполи» (1992-1995), «Парма» (1995-2002), «Интер» (2002-2004), «Ювентус» (2004-2006, 2009-2010) және Испанияның «Реал» (2006-2009) командаларында ойнады. Италия кубогы мен суперкубогының, УЕФА кубогының иегері болды, екі дүркін Испания чемпионы атанды. Ұлттық құрама жейдесін алғаш рет 1997 жылы киген Фабио 14 жыл бойы «Скуадра адзурраның» негізгі ойыншыларының бірі болды. Құрама сапында 136 ойын өткізіп (ұлттық рекорд), 2 гол соқты.

Төрт әлем чемпионатының, екі Еуропа біріншілігінің дәм-тұзын татқан Ф.Каннаваро екі рет медальға қол жеткізді. Euro-2000 финалында қолда тұрған алтыннан абайсызда айрылып қалып, француздарға жол берді, күмісті қанағат тұтуға мәжбүр болды. Сол додада Фабио сенімді серігі – Алессандро Неста екеуі ғажап ойын көрсетіп, үздік қорғаушылар атанды. Бойы 176 см болса да, Каннаваро өте биік секіре алатын. Мұнымен қатар, қарсыластың әр қадамын алдын ала сезе білгіш түйсігі де ғаламат еді, соның арқасында қашанда қажет тұстан табылып, өз қақпасына төнер қауіпті дер кезінде сейілтіп отыратын.

Ол нағыз майталман қорғаушы екенін 2006 жылы толығымен дәлелдеді. Даңқты Паоло Мальдиниден капитандық міндетті еншілеп алған футболшы шын мәнінде өз командасының жол бастар серкесі екенін танытты. Әлем чемпионы атағымен қоса, «Алтын допты» да иеленді, «Жыл футболшысы» байқауында да жеңіп шықты.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір