Жұма, 26 Маусым 2026
Саңлақ 147 0 пікір 26 Маусым, 2026 сағат 14:08

Қазіргі уақыттың қаһармандары

Сурет: isport.ua сайтынан алынды.

Футболдан әлем чемпионатында ерекше шеберлігімен тәнті еткен таңдаулы ойыншылар жөніндегі әңгімені түйіндейміз.

Жасыл алаңдағы бапкер

2018 жылы Ресей жерінде өткен турнирде Хорватия құрамасының капитаны Лука Модричке жетер ойыншы болған жоқ. Бала күнінде Балқандағы қырғын соғыстың зардабын тартқан, кейін Загребтің «Динамо» футбол командасынан түлеп ұшып, өзінің еңбекқорлығының, ерік-жігерінің, табандылығының, ең бастысы – ғаламат талантының арқасында Еуропаның «Тоттенхэм» (Англия), «Реал-Мадрид» (Испания), «Милан» (Италия) клубтарында ойнап, бүкіл әлемге танылды.

Сурет: sport5.by сайтынан алынды.

Биыл 41-ге толатын ардагер ойыншы Хорватия ұлттық құрамасының сапына жасы 20-ға ілікпей жатып-ақ алынған. Осы жиырма жылдан астам уақыт бойына ол өзінің деңгейінен еш төмен түспей, өзгелерге үлгі болумен келеді. 2018 жылғы әлемдік доп додасында хорваттар жұрттың бәрін таңғалдыра финалға шығып, күміс медаль иеленсе, бұл – негізінен, Модричтің арқасы. Әрине, футбол – командалық ойын, оның Ракитич, Манджукич, Срна секілді жасыл алаңдағы сенімді серіктері де ерекше көзге түсті, дегенмен ұжымды ұйыстыра білген, бапкер тапсырмасының тап-тұйнақтай орындалуын қадағалаған, матч барысында шығармашылық еркіндікпен түрлі ойын өрнегін жасап, жігіттеріне жігер берген – Лука Модрич екенін екінің бірі мойындайды. Оны тіпті жанкүйерлер «Жасыл алаңдағы бапкер» деп те атайды.

Осы бір сырттай қарағанда әлжуаздау көрінетін, арықша келген келген ашаң жігіттің алаңда атша шабатынына, еш шаршамайтынына таңданасыз. 90 минут, тіпті кейде 120 бойы тыным таппайды: команданың ойынын ұйымдастырады, алғы шептегі шабуылшыларға небір ғажап пастар береді, қажет кезде қорғанысқа да көмектеседі, командасы жеңіп тұрса, соңғы минуттарда уақыт ұту үшін әрі серіктері бір сәт тыным алсын деп допты ұстап, қарсыластарын шыркөбелек айналдыра алдап біраз жүріп алатыны бар. Бір сөзбен айтқанда, шебердің шебері!

2018 жылы «Алтын доп» иегері атанды. Месси мен Роналду дәуірінде мұндай дәрежеге жету – қиынның қиыны. Төрт жылдан соң Хорватияның қола жүлдеге қол жеткізуіне көп еңбек сіңірді, команданың көсемі ретінде атойлап алға сүйреді...

Пеленің өзінен бата алған...

Ал 2022 жылғы чемпионатта, жұрттың көбі әлем чемпионы атанған аргентиналық капитан Лионель Мессиге табынғанымен, біздіңше, француз шабуылшы Килиан Мбаппенің жұлдызы ерекше жанды. Ол алдымен 2018 жылғы турнирде жарқ етіп көзге түскен болатын. Оның қорғаушыларды қалай болса, солай қақпақылдап, жанынан желдей есіп өте шығатын ерен жүйріктігі, қарсы қақпаны қарауылынан түсірмейтін мергендігі, қай тұстан болсын соққы бағыттай беретін голқұмарлығы футбол мамандарын да, жанкүйер қауымды да айрықша сүйсінткен-ді. «Мынау өзі – болайын деп тұрған бала екен!» деп марқұм Пеле ақсақалдың өзі сол кезде риза болып, батасын бергендей еді.

Сурет: azertag.az сайтынан алынды.

Ал Қатарда өткен ӘЧ-2022-де Мбаппенің ойыны одан да өскені байқалды. Ол мергендігімен қоса, команда сапында ардагер футболшылардың да болғанына қарамастан, Франция құрамасын алға жетелер нағыз көшбасшының өзіне айналды. Матч сайын қанжығасын майлаған Мбаппе 7 ойында 8 гол соқты! Бұл – сонау 2002 жылы даңқты бразилиялық Роналдоның көрсеткішінен кейінгі осындай жоғары нәтиже. Және сол 8 голдың үшеуін Килиан жампоз финалда Аргентинаның қақпасына енгізді! Бұл да – сонау 1966 жылы ағылшын Джеффри Херст жасаған ерліктен кейін енді қайталанып отырған рекорд.

Әлем чемпионаттарының финалдық кезеңдерінде соққан голдарының саны жөнінен Мбаппе дәл қазір екінші орында тұр (16 гол, доп тебуді баяғыда қойған неміс Мирослав Клоземен бірге). Енді француз шабуылшысының алдында тек 18 доп соққан аргентиналық Лионель Месси ғана тұр.

Кім чемпион болады?

Әр доп додасы сайын мамандар да, жанкүйерлер де түрлі болжам жасауға әуес келеді. Бұл, бір жағынан, пікір таластырып, футбол талқылау үшін де қызық, екіншіден, өз көрегендігіңді, сәуегейлігіңді сынап көрудің бір тәсілі де секілді.

Әрине, болжам деген алуан түрлі бола береді. Жұртшылық, негізінен, өзінің бүйрегі бұратын командаларды «чемпион» етуге тырысады (оны өзі аңғармауы мүмкін). Жанкүйер жазған сондай ғой. Ал мамандар жан-жақсы сараптауға тырысады.

Биылғы доп додасы туралы да алуан түрлі болжам бар. Мәселен, ESPN спорт медиахолдингінің компьютерлік болжау бағдарламасы көкейдегі сұраққа былай жауап беріпті:

– Чемпиондықтан үміткерлерді үш лекке бөлуге болады. Бірінші лек – Испания, Франция, Аргентина. Бұл үшеуінің футболдың алтын тәжін киюіне мүмкіндігі өте жоғары. Екінші лек – Португалия, Бразилия, Англия, Германия, Нидерланды. Бұлардың да чемпион атануға қауқары жетеді, дегенмен алдыңғы үшеуге қарағанда мүмкіндігін сәл төменірек бағалауға болады. Үшінші лек – Хорватия, Бельгия, Марокко, Уругвай, Колумбия, Норвегия секілді командалар. Бұлардың бірі чемпион атанса, сенсация деген сол болады.

Рас, компьютердің айтқанының бәрі келе бермес. Дегенмен... көрейік.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір