Жұма, 26 Маусым 2026
Жаңалықтар 147 0 пікір 26 Маусым, 2026 сағат 16:54

Тоқаев: Біздің міндетіміз – кәсіби әскерилерді тәрбиелеу!

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты.

Биылғы «Айбын-2026» бағдарламасына әскери-спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық және әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша жарыстар енгізілді. Жиынға Қазақстанның бірнеше өңірінен, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 50-ден астам команда қатысты.

Президент бұл өскелең ұрпақтың рухын шыңдап, отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, байрақты бәсекеде ең мықты әрі жігерлі жас сарбаздар өз қабілеттерін көрсетіп, достас мемлекеттердің жастары да бақ сынады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ел дамуының жаңа кезеңі басталғанына тоқталып, Конституцияның заңды күшіне енуі Қазақстан үшін тарихи маңызы бар оқиға екенін айтты. Президенттің пікірінше, жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз болып, елдің ғылым мен технологияға негізделген даму жолын айқындайды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тұрақтылық пен реформалардың табысты жүзеге асуы жастардың білімділігіне, еңбекқорлығына және отаншылдығына тікелей байланысты екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, Президент патриотизмнің мәніне тоқталып, мемлекеттің саясаты мен стратегиясын қолдау, ел игілігі үшін еңбек ету және туған жер тағдырына жауапкершілікпен қарау әр азаматтың міндеті екенін айтты. Оның сөзінше, Отан қорғау – қасиетті борыш, ал әскери қызмет азаматтықтың белгісі әрі конституциялық міндет саналады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде Қарулы күштерді жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Армия мен әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және заманауи даярлық стандарттары енгізілуде. Президенттің айтуынша, басты міндеттердің бірі – кәсіби деңгейі жоғары әскери мамандарды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастар тәрбиесіне ерекше назар аударылып жатқанын айтып, Тәуелсіздік пен Егемендік, аумақтық тұтастық, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары секілді құндылықтар жас буынның дүниетанымының негізіне айналуы тиіс екенін жеткізді. Осы орайда ол әскери дәстүрлерді «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидатына сай жаңғырту бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.

Президент қазіргі халықаралық жағдайдың күрделене түскеніне де тоқталып, әлемде әскери қақтығыстардың көбейіп, геосаяси ахуалдың құбылмалы болып отырғанын айтты. Мұндай жағдайда жастардың ел тағдырына бейжай қарамауы ерекше маңызды екеніне назар аударды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Жас сарбаз» қозғалысының маңызын атап өтті. Бүгінде ұйым қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы мен студент бар. Президент әскери-патриоттық бірлестіктерде тәрбиеленген жастардың көпшілігі әскери қызметті, құқық қорғау органдарын және ұлттық қауіпсіздік саласын таңдауға ұмтылатынын айтып, мұндай бастамаларды толық қолдайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» жобасы жылдар бойы нағыз патриотизм мектебіне айналып, мыңдаған жасты бір мақсатқа жұмылдырғанын айтты. Оның пікірінше, мұндай жарыстар жастардың физикалық дайындығын ғана емес, ақыл-ойын, тапқырлығын және шығармашылық қабілетін де дамытады. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті арттыруға ықпал етеді.

Іс-шара соңында Президент қатысушыларды жиынның аяқталуымен құттықтап, жастарды білімге ұмтылуға, елге адал қызмет етуге және жауапкершілікті жоғары қоюға шақырды. Сонымен бірге жеңімпаз командаларды марапаттап, барлық қатысушыларға табыс тілеп, Қазақстанның болашағы жарқын болсын деген тілегін білдірді.

Abai.kz

0 пікір