Сейсенбі, 21 Шілде 2026
Аласапыран 543 0 пікір 20 Шілде, 2026 сағат 14:49

Путин мен ресейліктер арасындағы сенімге сызат түсті

Сурет: 24tv.ua сайтынан алынды.

Соғыс Ресейдің түкпір-түкпіріне жетті. Мәскеу мен Санкт-Петербург өз алдына, енді майдан шебінен мыңдаған шақырым алыс жатқан аймақтар да мазасыздана бастады. Француздың беделді Le Monde басылымы сенсациялық талдау жариялады: Украина Қарулы Күштерінің (УҚК) Ресейдің отын-энергетикалық инфрақұрылымына жасаған соққылары Кремль мен халық арасындағы жылдар бойы қалыптасқан «қоғамдық келісімнің» күлін көкке ұшыруда.

Ол қандай келісім еді? Сценарий қарапайым болатын: «Билік халыққа тұрақтылық пен әл-ауқат береді, ал халық бұған жауап ретінде саяси бостандықтардың шектелуіне көз жұмады». Енді бұл формула жұмыс істемей тұр.

Омбыдағы соққы және жанармай дағдарысы

6 шілдеде Омбы мұнай өңдеу зауытына (МӨЗ) жасалған ұшқышсыз ұшақтар соққысы Ресейдегі соңғы онжылдықтағы ең ауыр отын дағдарысын тудырды. Елдегі ең ірі зауыт жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде:

  • Ресейдің түкпір-түкпіріндегі АЖҚ-ларда (АЗС) ұзын-сонар кезек пайда болды.
  • Жанармай бағасы шарықтап, «қара базар» гүлдене бастады.
  • Билік жағдайды тез арада тұрақтандыра алмай әлек.

Еуропалық гуманитарлық университет экономисі Николай Кульбаканың айтуынша, Ресейдің ішкі логистикасы — ең осал тұсы. Жанармай тасымалын бірден теміржолға ауыстыру мүмкін емес, ал Үндістан сияқты елдерден импорттау мәселені тез арада шеше алмайды.

Экономикалық тығырық және банк дағдарысының елесі

Мәселе тек жанармайда емес. Берлин Еркін университетінің зерттеушісі Андрей Яковлевтің пайымдауынша, билік шабуылдардың шынайы ауқымын жасырып, бағаны жасанды ұстап тұрғандықтан, халық үрейленіп, жанармайды тонналап сатып алуда. Бұл тапшылықты одан сайын ушықтырып жіберді.

Финляндия банкінің экономисі Гели Симола Ресей экономикасының өсімі баяулап, бюджет тапшылығы артқанын айтады. «Ресей әлі де соғысты қаржыландыра алады, бірақ алда өте қиын шешімдер қабылдауға тура келеді», — дейді ол.

Бұған қоса, еуропалық арнайы қызметтердің құпия баяндамасы да жария болды: Ресейде жаппай банкроттық пен проблемалық кредиттердің кесірінен банк дағдарысы пісіп-жетіліп келеді. Ал шілде айында ЕО дайындап жатқан жаңа санкциялар пакеті Ресейдің банктері мен криптожелілерін тікелей нысанаға алмақ.

Түйін: Путин мен ресейліктер арасындағы сенімге сызат түсті. Тұрғындар «алыстағы соғыстың» салқынын өз қалтасы мен күнделікті өмірінен сезіне бастады. Ресей бұл қаржылық және әлеуметтік қысымға қанша уақыт төтеп бере алады?

Елдегі және әлемдегі ең маңызды геосаяси текетірестер мен геоэкономикалық өзгерістер туралы ең соңғы мәліметті Abai.kz ақпараттық порталы ұсынады.

Abai.kz

0 пікір