Жұма, 24 Шілде 2026
Саңлақ 166 0 пікір 24 Шілде, 2026 сағат 16:13

Доп додасы: 4 – 1: Төрге шыққан төрт үздік

Суреттер: gazeta.uz, championat.com, idman.biz сайттарынан алынды.

ХХІІІ әлемдік футбол чемпионаты аяқталды. Біз бүгін жүлдені сарапқа салған төрт үздік туралы ойымызды түйіндеп, доп додасын қорытындылаймыз.

Сурет: idman.biz сайтынан алынды.

4-орын. ФРАНЦИЯ (18 ұпай, доп айырмасы 20:10)

Чемпионат басталмай тұрып-ақ Франция құрамасын жұртшылық алтын кубоктан басты үміткердің бірі ретінде бағалаған болатын. Дидье Дешамның шәкірттері доп додасын сол болжамды растауға әдейі кіріскендей өте сәтті бастады. Топтық кезеңдегі үш қарсыласынан да айқын басым түсті – Сенегалды 3:1, Иракты 3:0, Норвегияны 4:1 есебімен жеңді. Плей-оффтың алғашқы кезеңінде Швецияны (3:0), 1/8 финалда Парагвайды тізе бүктірді (1:0). Ширек финалда өткен чемпионаттың таңдаулы төрттігіне енген Марокконы ұтты (2:0). Жанкүйерлер мен футбол мамандарын команданың әсіресе алғы шебінің арынды ойыны ерекше сүйсінтті.

Өкінішке қарай, шабуыл шебінің шеберлігі талайды таң қалдырып, таңдай қақтырған Франция құрамасы испандарға қарсы ештеңе істей алмады. Сөйтіп, финалға қол созым қалғанда сүрінді. Үшінші орын үшін болған матчта да олар тағы бір масқарадан аман қалды. Бірінші таймнан соң 0:4 есебімен ойсырай жеңіліп жатқан Франция есеп айырмасын сәл қысқартқан болды, бірақ бәрібір тізе бүкті. Мбаппе 10 доп соғып, доданың бас мергені атанды, ал Олисе 7 нәтижелі пас шығарып, 1970 жылдан бері бұзылмай келе жатқан Пеленің рекордын жаңартты.

Сурет: championat.com сайтынан алынды.

3-орын. АНГЛИЯ (19 ұпай, 20:12)

Әлемдік доп додасының алтын тәжін кимегеніне 60 жыл болған ағылшын командасын да мамандар соған қарамастан чемпиондықтан басты үміткерлердің қатарына қосқан еді. Өйткені «Үш арыстан» «үмбеттерінде» кейінгі жылдары нағыз турнирлік жеңіскер мінез байқала бастады, ал бұл түпкі нәтижеге де өз әсерін тигізді. Кейінгі бес ірі додада Англия құрамасы таңдаулы төрттікке тек бір рет қана енбей қалды (2022). Басқасының бәрінде көңіл көншітер көрсеткішке ие болды – 4-орын (2018), күміс жүлде (2021, 2024). Міне, 2026 жылы олар қола жүлдеге қол жеткізді.

Рас, Томас Тухельдің командасы алтынға көп үміт артқан еді. Турнирді де жаман бастаған жоқ. Плей-офф сатысында да қарсыластарын, француздар секілді айқын басымдықпен жеңбесе де, ерекше ерік-жігер таныта еңсеріп, жартылай финалға жетті. Әсіресе Мексикамен (3:2), Норвегиямен (2:1) болған ойындар оңайға соққан жоқ. Аргентинаны да біраз уақыт ұтып тұрды. Бір өкініштісі, осы матчтың соңында сол болмашы нәтижені сақтап қалмаққа ұмтылып, жанұшыра қорғануға көшті. Осы қате тактиканың салдарынан жеңіліп тынды. Дегенмен қола жүлде үшін болған қызықты ойындағы жігерлі қимылы команданың болашағы бар екенін аңғартқандай болды.

Сурет: championat.com сайтынан алынды.

2-орын. АРГЕНТИНА (21 ұпай, 19:8)

Қатарда өткен алдыңғы чемпионаттың жеңімпазы сол атағын сақтап қалу үшін барын салды. Осыдан төрт жыл бұрынғы турнирдің үздік футболшыларының бірі, «Алтын доптың» сегіз дүркін иегері, 39 жастағы Лионель Месси бұл жолы да өз командасының нағыз көшбасшысы болды. Алжирмен ойында хет-трик жасады, Австрия қақпасына қос доп соқты, Иордания қақпашысын да қапы қалдырды. Плей-офф кезеңінде де ардагер ойыншы командасын жеңіске жетелеумен болды. Кесте бойынша аса күшті қарсыластармен жолы түйіспесе де, Аргентина құрамасының адымы алға басқан сайын қиындай түсті. Кабо-Вердені қосымша уақыттың соңына таман әрең жеңді, Египеттен тіпті 79-минутқа дейін 0:2 есебімен ұтылып жатты. Төрешілердің шешімдеріне байланысты бірнеше дау да туды. Ширек финалда Швейцария он ойыншысымен-ақ Месси мен оның серіктеріне ұзақ уақыт төтеп берді. Жартылай финалда бір сағат бойы жақсы ойнаған ағылшындар кенет өз батылдықтарынан өздері шошығандай, өз қақпасы маңына топырлай жиналып, қорқасоқтай қимылдады да, жеңіліп тынды.

Жасы қырыққа таяған бір футболшының шабыты мен қимылына осыншама тәуелді болу жанкүйер қауым мен футбол мамандары арасында көп сұрақ тудырды: «Егер Мессидің ойыны жүрмесе, команданың тағдыры не болмақ?». Бұл сәт те көп күттірмеді: финалда Мессидің ғана емес, бүкіл аргентиналықтардың аяғына дұрыстап доп тиген жоқ. Доп тигеннің өзінде шабуыл ұйымдастырмақ түгілі, оны ойлауға мүмкіндігі болмады. Испандар лезде допты тартып алып, қарсы шабуылға шығып отырды.

Нәтижеде тарихта тұңғыш рет финалдық матчта бір команда 90 минут бойына қарсы қақпаға бір рет те соққы жасай алған жоқ. 120 минутта 2 соққы жасады, бірақ екеуі де далаға кетті. Мұндай ойынмен чемпиондық атақты сақтап қалу қиын еді.

Сурет: gazeta.uz сайтынан алынды.

1-орын. ИСПАНИЯ (22 ұпай, 14:1)

Испандар сегіз ойында өз қақпасына бір-ақ рет гол жіберіп, рекорд жасады. Бұл жерде команданың ұйымдаса қорғану әдісін шебер меңгергеніне мән берген жөн. Жаңа әлем чемпиондарының қорғанысы орталық қорғаушы Эмерик Ляпорттан да, жартылай қорғаушы, капитан Родриден де емес, сонау орталық шабуылшы Микель Ойарсабальдың өзінен басталады. Командалық прессинг күшті. Доптан айрылып қала сала олар бірден қарсыласты ұжымдаса қысымға алады да, лезде қайтадан тартып ала қояды. Унаи Симон қорғаған қақпаға қауіптің сәл сиректеу төнуінің себебін осы төңіректен іздеген абзал болар.

Чемпионаттың үздік футболшысы (Родри Эрнандес) мен үздік жас ойыншысы да (Пау Кубарси) осы жаңа чемпиондар сапынан шықты. Бір қызығы, француздар негізінен Мбаппе мен Олисеге сенім артса, аргентиналықтар Мессиді пір тұтса, ағылшындар Кейн мен Беллингэмнің шеберлігіне сүйенсе, испандықтар командалық ойынға жүгінді. Жаңа жеңімпаз сапында Месси, Мбаппе, Кейн секілді жыл сайын «Алтын доптан» үміткер саналатын супержұлдыздар жоқ. Әрине, Ламин Ямаль бар, бірақ, біріншіден, ол жарақатынан толық айығып, нағыз бабына ене алмауына байланысты бұл додада сәл солғындау ойнады, екіншіден, 19 жасқа кеше ғана толған жас таланттың болашағы әлі алда секілді.

Испания құрамасы Алтын кубокты жекелеген жұлдыздарының емес, өте ұйымшыл командалық ойынының арқасында жеңіп алды. Бұл ұжымның ойынына қарап отырып, жылына төрт-бес рет қана бас қосатын ұлттық құрама емес, жыл он екі ай бірге жаттығатын клубтық команда ойнап жатқандай әсерде қаласыз. Футболшылардың бір-бірімен ұжымдаса ойнауы, көзді жұмып тұрып-ақ бір-бірін дәл таба алатындай ұйымшылдығы, қарсыласқа доп бермей құр сабылтуы, алаң ортасында қысқа да орта қашықтықтағы пастармен өзгеше өрнек сызуы, қарсы команданың қысымынан осындай пас алмасумен, техникалық шеберліктің көмегімен лезде шығып кете алуы, т.б. ерекшеліктері – талай еңбектің, мың сыпырылған маңдай тердің нәтижесі.

Бұл жерде біз бас бапкер Луис де ла Фуэнтенің шеберлігін атап өтуіміз керек. Осы Ойарсабаль, Ольмо, Родри, Руис, Симон, Мерино секілді саңлақтарды ол 16-17 жастағы өрімдей шақтарынан бері жақсы біледі, өйткені сеньор Луис кезінде Испанияның жасөспірімдер, сосын жастар құрамасын жаттықтырып, екі рет Еуропа чемпионы атанған. Токио Олимпиадасында күміс жүлде иеленген. Яғни бұл жігіттерді, испан футболының жаңа дәуірін бастаған дарындарды бапкер бала кезінен басынан сипап, тәрбиелеп келеді. Бұларға Ламин Ямаль, Пау Кубарси, Нико Уильямс секілді бозбалалар, Ферран Торрес, Марк Кукурелья, Педро Порро тәрізді майталмандар қосылып отыр. Осыдан екі жыл бұрын Германия, Франция, Англия секілді мықтының бәрінен басым түсіп, тамаша стильде Еуропа чемпионы атанған «Қызыл фурияның» негізінен де осы жігіттер құраған болатын. Бұлар биыл да кіл мықтыларды шетінен жайпады – Португалия, Бельгия, Франция, Аргентина... Жеңсең, осылай жең!

Бұл бұл ма, 2022 жылы Аргентина құрамасын әлем чемпионы еткен, биыл да финалға сүйреп шығарған бас бапкер Лионель Скалони де – осы де ла Фуэнтенің шәкірті екен. Демек, бұл жолы ұстаз шәкіртіне футбол сабағын үйретті деуге болады.

Шешуші голдың авторы Ферран Торресті жанкүйерлер де, спорт мамандары да, тіпті футболшының өз атасы да «офсайдқа кіріп кете береді», «гол соғар ұрымтал сәтті дұрыс пайдалана алмайды», «бүйтіп масқара болғанша, доп тебуді қойса қайтеді» деп сынай беретін. Міне, қақпасын өте жақсы қорғаған аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинесті ақырында сол ең көп сыналған шабуылшы қапы қалдырды. Испан командасына Алтын кубокты Ферран Торрестің дәл соққысы әперді!

Бұған дейін финалдық матчта жас айырмашылығы 20 жас болатын футболшылар бір-біріне қарсылас болмаған екен. 39 жастағы Месси мен 19-ға кеше толған Ямаль осылай рекорд жасады. Алты бірдей әлем чемпионатына қатысқан, үш рет финалда ойнаған Месси – футбол тарихында мәңгі қалар қаһарман. Бірақ бұл жолы мол тәжірибе емес, жастық жігер жеңді (Испания – осы чемпионатта алтын жүлдеден үміткер саналған үздік командалар арасында ең жас ұжым).

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір