Бейсенбі, 20 Тамыз 2026
46 - сөз 629 0 пікір 19 Тамыз, 2026 сағат 12:12

Абай және ақындар

Сәрет: Әдебиет порталынан алынды

(поэма)

 І

Кім екен

Уысында саудыратып

Табиғаттың бар асылын,

Жарқырата қойған,

Адам жанының құпиясын жасырын?

 

Қандай ақыл-ой ол

Жүз жылыңнан асып,

Тұрған әлі сондағыдай

Алтын нұр шашып!

 

Білмеймін,

Өңім бе, түсім бе?

Таң қаламын,

Поэзияның осы күшіне!

 

Кейде бір шытырман  –

Ұйқың ашылып,

Миша былығады,

Сан саққа ойың шашылып.

 

Не бір елестер,

Әлде ақындық қиял.

Шет-шегі жоқ,

Жұдырықтай басыңа ол

Қайтып сияр!?

 

Жердемін бе япыр-ау, осы мен,

Көктемін бе?

Жерде болсам  –

Тарту күші азайып;

Ебелектетіп жүргендей

Ертегі ме, әлде фантазия ма ғажайып.

Көкте болсам,

Бұлт үстінде,

Қалмасам болды ғой әйтеу,

Күлкісіне.

 

Тозақ пен жұмақтың екі арасы,

Жер дейді ғой қоңыржай.

Тұрады дейді мұнда

Ақындар ыңғай.

 

Салқын самал баяу еседі,

Жағалай отырып,

Тынбай гулеседі.

 

Бәрі ақын ба деймін,

Жүз қаралы

О дүниеге кеткендер

Қаламақы алып,

Бұл дүниеде тірлік еткендер.

 

Арығы – арықтай,

Семізі  – семіздей.

Аталып жатыр бәрі де,

Сен кім дегізбей.

 

Өлең жазғандар да отыр

Қойды мақтап.

Жазбаса бола ма

Қойшылар елінің үмітін ақтап.

 

Дейді ол өзі де марсиып:

«Қой секілді

қаламым да айыр тұяқ,

Сондықтан

Жүгіртемін маңыратып».

Қоздатады-ай кеп содан еркін сөзді

Өлең жолдарын қозыдай жамыратып.

Бәстесе қалады онымен тағы бірі

Өгіз бен адамды,

Жүгері мен бидайды қатар қойып:

«Поэзия деген сол  –

Қампиып тұрса болды ғой қарны тойып».

 

Түйелер, аттар, бұлық-соқалар

Қалмайды бірде-бірі

Келе қалды ұйқасып.

Қазыла қалады тоғандар да

Өз-өздерінен жыр болып,

Атыз-арықтарда су тасып.

 

Ылғи осы

Оқиды-ай кеп еліріп,

Зерігуден бе, жоқ, әлде алағызу  –

Өз тізесін өзі кеміріп.

 

Шіркін сабаздар-ай,

Баяғы сол бейнесі.

Кең де емес, тар да емес,

Өз құрсағына өз жейдесі.

 

Ұшқалақтары да бар,

Сөз бермей;

Құдай алдында да,

Абай алдында да

Баяғы мінезінен өзгермей.

 

Жүріп тұр,

Мақтанып есіруге,

Бір Қоңыржай тарлық ететіндей,

Шіреніп көсілуге.

 

Естіліп қалды сонда,

Малексос деген бір сөз.

Орнай қалды жым-жырттық,

Дәл сол кез.

 

Оңай ма,

Атаның сынынан өту  –

Данышпан, қырағы.

Жол қалсын оның қасында,

Періштелердің сұрағы.

 

Бір қарап қойды ұлы адам,

Сол да жетер.

Ұят болса егер

ұят болмас еді одан өтер.

 

Қызық қой,

Бір ғасыр алдында

Абай өзі көрген,

Құдай-оу,

Сол адамдар ма

Әліге дейін жүрген?!

 

Аз емес жаңа белгілер де:

Асығыс кеткендер

Мысалы: авансасы алынбай.

Енді біреулері

Жүре тұрса болатын еді

Араққа салынбай.

 

Апыр-ау,

Мына біреу даңғой ақын

Мазасын алды-ау

Жамбылдың қасындағы,

Жасы жүзге жетпесе де

Адам еді ол пайғамбар жасындағы.

 

Жылжып кетті қария,

Жырауларға жақын барып,

Тыныштағандай болды енді бір сәт,

Сол қатардан орын алып.

 

Үнсіз еді бәрі де

Шіркін маңғаздар-ай,

Таудай салмағымен

Танытқандай бейне өздерін

Киелі аруағымен.

 

Төгіліп тұр сақалдары

Төгіліп аққандай жыраулар сарыны.

Жылдар, ғасырлар өтсін мейлі

Бір толастап көрмеген

Байырғы арыны.

 

Немен өлшенбек бүгін,

Арысы және берісі?

Өнер ғой  –

Оңай үзілмекші емес

Сол өнердің алтын желісі!

 

Басы кім, соңы кім,

Тіреліп тоқталады кімге келіп

Жыраулар дәуірі  –

Ол қандай дәуірге орын беріп?

 

Бұхар атаң қалай,

Айтпаса да білініп тұр-ау.....

Әйтеуір бір кірбеңдік,

Өңі де солғын,

Көңілі де қырық құрау.

 

Абай ағаң не дер

Айтар төрелігін бәлкім сол кісі

Сол кісі ғой  – алып бір фигура,

Заман-замандардың ортақ үлгісі.

Білмеймін мен

Жер мен көктің арасы ма әйтеу,

Қонарға жер таппай

Ұшып жүр

Менің көңілім  –

Елесі алаңға түсіп жүр.

 

Күңкіл сөздер де бар,

Алыстай бердім.

Расында да

Апыр-ау, осы қайдан келдім.

 

– Бұзбаса – дейтін шығар,

Әлде біреудер деп жатыр  –

Ақын емес!

Бар еді елде жүргенде де

Осындай дау, осындай егес.

 

Дейтін онда:

– Қазақ ондай өлең жазбайды.

Форманы, салтты бұзған,

Ұрпақ оған азбайды.

 

Қозғалып тұр кейбір мойындар

(Ұятқа қалдырмаса болды ғой

Абайға айтып).

Қолын сілтеп қалды ол әне:

– Қоңыржайда тұрмасын,

Кетсін еліне қайтып!

 

Өре тұрды үш жігіт,

Танимын үшеуін де.

Үндемесе болатын еді,

Болмай қалды-ау кешеуілдеуге.

 

Есіл ерлер-ай,

Жап-жас

Бұрын да жақтайтын,

Араққа тойып ап

Жатып кеп мақтайтын.

 

Жылағым келеді:

Кемеліне енді жеткенде...

Шіркін боздақтар,

Сырқыраушы еді

Сай сүйегің өлеңдеткенде.

 

Жоқтап та қайтесіңдер, бауырларым,

Ұмыт болған

Көкқанат құс қой мен де бір

Қу ағашқа қонған.

 

Қиын ғой оқты көздер,

Түспей-ақ қояйын соның қиығына.

Кекесінді күлкі де бар

Менің мынау жүдеу сиығымда.

ІІ

Ата қонысы екен деймін,

Нағашы жұртымның.

Дәл сондағыдай,

Өзгермей тұрғаны-ай шіркіннің.

 

Кең сахара

Тұр шеткерек бір төбе –

Үйсін төбесі.

Мұздап қатқан осында,

Талай тырнақтардың

Жасыл көбесі.

 

Төбе үстінде оба бар,

Тастан жиып қиуын тапқан.

Тұғыр бекітіп,

Үстіне киіз жапқан.

 

Қойсын ба қонбай,

Қайта бір оралып,

Бір қонып ұшқан құс!

Жылытып алуға табанын

Қос қанатын сабаулап

Жетеді-ай асығыс!

 

Қаршыға тұйғын,

Сұңқар ма?

Яки бір лашын.

Қақпанға түсіп те болады,

Жиып болғанша-ақ құлашын.

 

Алдауға келгенде,

Қиын-ақ қой адам баласы.

Аз ба бұл дүниеде ондай істер

Адамнан болған жаласы.

 

Бірақ сенің өзіңе де бар

Сондай бір қақпан,

Құтқармас сені ол

Ажалдың ала бұйдасы

Мойныңа таққан.

 

Бәлкім, қоңыржайдың бір шеті –

Осы оба,

Қонған екенмін деймін,

Құс болып.

Нағашы атам өлген баяғыда,

Талай күз өтіп,

Талай қыс келіп.

 

Жұмсақ киіз ғана табанымдағы,

Туырлығының бір бұрышы

Көшпелі елдің өз заманындағы.

 

Мен де енді бір құспын,

Отырмын сол обада

Мойнымды қайырып.

Өңім бе, түсім бе,

Айтып бере алмаймын айырып.

 

Бәрі де осы далада,

Кейде ақынмын,

«Азия үстіндегі көше» деп жазып;

Кейде құспын,

Біле алмаймын ақылымнан азып.

 

Өтіп жатыр зор бір керуен,

Түйе үстінде күймеде отырып,

Қаритасын сызады

Бір ғалым

Қашқарияның анкетасын толтырып.

 

Қайсы ақын екен

Баян мен Ноян трагедиясын жазған?

Екі махаббат –

Екеуіне бір қабір қазған.

 

Көрініп тұр,

Көкше тау екен деймін,

О да бір қоңыржай

Арқаның ару қыздары-ай,

Пай! Пай!

 

Қатар тұрып ту көтеріп,

Төрт шайтан алда келеді.

Біржан сал ғой –

Өңкей сылқым

Серілер заманынан елес береді.

 

Сақтасын құдайым Сібіриясынан,

Тескен тау өткізбесін!

Ата мекені қоңыржай сені,

Жат табанға

Жын-ойнақ еткізбесін!

 

Бар ма әлі қоңыр самалың

Баянауыл, Қарқаралы!

Қоңыржай! Қоңыржай!

Есіл қоңыржайлар –

Арқадағы.

 

Ділдә әпекеміздің төркіні,

Әлі отыр ма сол қоныста

Алшынбай ауылы?

Армысың, аналар,

Армысың, әпекеміздің

Аға-бауыры!

 

Абай есік көре барғанда

Ақын емес еді онда жай бір бала.

Құнанбайдың ұлы,

Баладан есеймеген қай бір дана.

 

Отырмын мен әлі сол обада,

Абай аға,

Бара алмаймын алдыңа именіп.

Айта алмаймын өтініп,

Құс боп сайрағым да бар еді,

«Топай көк» әнін үйреніп.

 

Жаңсақ айтты ғой Тоғжан,

Сол әнді

Ай жарығында

Әлпеншекте тұрып,

Түзетіп берсе еді-ау,

А, Құдай!

Абай өзі ұқтырып.

 

Поэзия күші –

Сұлу қызды

Жас талдай майыстырып;

Иіп әкеп елжірете қойса еді-ау

қабырғасын қайыстырып.

 

Керегі не, амал қанша

Қайда кетті сол қуаныш,

Құшып тұрғандағы?

Сымбаты-ай сол түнгі

Жас сұлудың мойынын бұрғандағы!

 

Қош бол ақжал ат!

Қандай әсем

Ең соңғы бұлаңы!

Бір жарқ етіп өшті-ау

Жал-құйрығының аппақ қылаңы!

 

Қайда поэзияның сол күші,

Кім тыңдап кәдеге жаратар

Менің қыңыр-қисық жырымды?

Айтып бере алмаймын басқаға

Өзім ғана білемін

Тек өз ішкі сырымды.

 

Ұмытқам сонда бар ұйқасты,

Енесей-Орхонда жөргегім қалып.

Шаршаған шығармын

Таутеке суретін салып –

Жартастарға

Патшалар тарихын ойған да мен,

Бұл өзі бір сүре дастан.

Ғасырлар маңдайына таңбасын басқан.

 

Жоғалттым мен тағы не асылымды

Шығыста Қыдырқан жоталары баурайында

Кезіп жүргенде де мен,

Барып жеткенде де

Балқан тауларына!

 

Кіші Азия жарты аралы,

Айтшы сен

Қайда менің руым?

Ана-Доли өлкесінде ме,

Мүмкін еді ғой

Мекендеп тұруым.

ІІІ

Баяғы сол қоңыржай,

Отырғандар да бар ру-рудан

Жүз-жүзге бейімделіп.

Жөн сұрасып та жатыр

Біреулері ілгері

Біреулері кейін келіп.

 

Деген екен Абай:

«Ұлы бол адамның,

Ұлы болғанша атаның».

Болушы еді

Адамзат үшін

Мұнан үлкен не тәлім!?

 

Кімдер екен күңкілдесе қалған –

Бері қарай тартып

Ата тегі арғы затынан?

Екі адам –

Бірі – кіші жүз, бірі – орта жүз атынан.

 

Ести көрмесінші періштелер,

Тудырмаған, олар тумаған.

Әке де жоқ, бала да жоқ –

Ата тегін қумаған.

 

Адам деп ғана түсінеді олар ;

«Он сегіз мың ғаламның

Екі аяқты тік жүретіні;

Өсек айтып, қулық сайлайды –

Осы ғана білетіні».

 

Руға бөлмейді олар,

Бөледі күнә мен сауапқа.

Үйренген және

Сұрақ пен жауапқа.

 

Құрулы тұрады дейді

Бір үлкен мизан таразы,

Өлшенеді сонымен

Өлшенбейді ру мен ру,

Ағайынның өкпе-аразы.

 

Біле тұрып соны,

Не ол қоңыржайға сүйреп кіргендегі?!

Күлмей ме естігендер:

«Осы болса – деп –

Ақын деп жүргендері»!

 

Несі екен ру қуып,

Отырмаған соң

Қыз алып, қыз бергелі.

Яки бір зәңгі, үкірдай сайлап,

Ел болғалы іргелі.

 

Қанша жыл жазғырған Абай

Тобықтыны – өз руын,

Исі қазаққа ғибырат етіп

Қайда кеңеймеген

Ақын ақылының алтын аясы

Рудан ары, тайпадан өтіп.

 

Жоғалттым мен де руымды,

Жер орта теңізіне жақын барып,

Айырылдым сонда қоңыр өңімнен,

Сәл ағарып.

 

Неше өзгермеген бұл өң

Ерте-ертеде сарғайып,

Ақ нәсілденмін бе

Апыр-ау осы мен

Қашан үйрендім мал жайып?

 

Сәуле мен нұр,

Қайсысың жеңіп;

Тотықтым ба әлде

Жер емшегін еміп?!

 

Негір емес екенім рас,

Қыпшақ даласында өткен –

Мен едім сол

Қолыма қыл арқан алып,

Асау үйреткен.

 

Біледі Шыңғыс ұрпақтары,

Алып қашқанда

Қойнындағы қатынын;

Жеткізбей кеткем сол күйі

Жүйріктігі ғой атымның.

 

Қалса онда бір нәсіл,

Солай өрбиді

Бір нәсілден мың нәсіл.

Қалмақ – қалмақ болғалы

Тыныш өткен қай ғасыр?!

 

Бұтарлап-ақ бітірген едік,

Батырлар заманы еді ол.

Шаңы ғана қалды тарихта,

Шауып өткенде

Атты Кайсак қалың қол.

 

Отырар еді өз төрінде

Абылайдай атағымен,

Ел – елдігімен,

Хан – тағымен.

 

Ру сол ма әлде

Ақ татарлар,

Қара татар – қалмақ.

Мен қара татар емеспін,

Қайсы тайпа енді мені

Өз құрамына алмақ!

 

Ұлы жүз бе, әлде орта жүз?

Қарақалпақ па әлде

Шөл далаларға кеткен

Сол менің ұлысым –

Скифтер заманынан

Атымның тұяғы жеткен.

 

Таралады дейді ру бір атадан,

Ру керек болса егер маған,

Сол ата кім –

Болар едім мен кімді таңдаған?

 

Дер едім – Абай,

Руым да сол – өлең руы, өлең атасы.

Дер едім және:

Қабыл болсын

Соның дұғасы, соның батасы!

 

Өз атыма келсем:

Нағашым үйсін елінде

Қалып қойғанмын

Қазақтың ең бір шалғай жерінде.

 

Қалқаман емеспін мен бірақ

Ру салтын бұзып...

Өкпелеп кеткен

Тобықты ат жарататын...

Қаны қызып.

 

Сол жылы ғой қалмақ шапқан,

Әнет баба тірідей тау басында қалып.

Кімнің киесі?

Тоқтар екен бұл кие қайда барып?

 

Болсаң егер шапырашты,

Туыңа бөрі басы суретін салып;

Шығар едің сауыт киіп,

Қолыңа найза, қалқан, шоқпар алып.

 

Бәлкім сен бір ұрпақсың

Оғыздардан қалған.

Қалың қол ішінде бір әскер

Римге барған.

 

Сол бөрі ғой сонда жол бастап

Екі көзі оттай жанып,

Қалмай жүрген соңымыздан

Әліге дейін өз адамын танып.

Болады дейді адамның пірі,

Атар едім «көкбөрі» деп,

Пірі керек болса,

Егер маған бүгін,

Елестейді сонда

Бір көкжал

Сыпыра төгілтіп қара көк түгін.

 

Аңыз болған:

Көктен түскен сол көкбөрі

Көк сағым ішіндегі.

Қыдыр ма яки періште

Көрінген

Дәл сол бөрі пішіндегі.

 

Менің де «көкбөрім» бар,

Бірақ кейін «көкпері» болып өзгерген

Қона бермейді ғой ол «пері» де

Адамына кез келген.

 

Өлеңдетіп-ақ кетуші едім

Перім түскенде.

Ерте бол, кеш бол

Не жетсін

Поэзия шарабына қанып ішкенге!

IV

Бірақ бүгін.....

Отырмын әлі сол оба үстінде,

Әйтеуір, бір құс сияқтымын,

Ұқсамаймын басқа ешкімге.

 

Қарап қоямын,

Өтті қаншасы сынақтан,

Қанша бастар тұр салбырап?

Қып-қызыл дөңгелек жүздер

Ұяттан албырап.

 

Бөтен сөзбен былғады екен

Қаншасы сөз арасын?

Жазғыра аламыз бірақ бұл үшін

Қазақтың қай баласын!

 

«Өзіңіз ғой, Абай аға!.....» –

Дей жаздадым өз ішімнен.

Ойлауын ойласам да

Селк еттім бірақ

Шошынғандай түсімнен.

 

Рас қой

Шегелеп-ақ тастапты

Сол кісі

Өлең-шумақтарды.

Жатыр ақ қағазда

Қол-аяғы байлаулы

Тулап бәрі.

 

Шегеленіпті

шегеленгеніндей Прометейдің

Қап тауының бір жартасына.

Бой берер емес енді ол

Ақындардың

Түйтиген балға, шот, балтасына.

 

Тықылдатқым келді кейде,

Бір вентті болса босатып.

Аз емес маған тиген шапалақтар да,

Көзіме шұқып та көрді

Кейбірі жұдырық асатып.

 

Тәуір-ақ төрт бұрыштапты,

Айналасын жұп-жұмыр тегіс қып жиып.

Шығарғандай бейне

Тұтас бір сом алтыннан құйып.

 

Қырық жыл – аз-кем жарты ғасыр,

Шыққым-ақ келді бір есік тауып.

Тырнаштап болса да,

Басқа бір формулаға ниетім ауып.

 

Қорқып та келгенмін бірақ

Созар екен деп

Құлағымнан қай күні.

Қай оңай дейсің,

Киелі атаның айбыны!

 

Жоқ онда Пушкинге еліккен

Бір де-бір өлең,

Сол секілді мен де

Еліге алмай келем.

 

Ұйқас пен ырғақ

Өлеңдегі,

Емес қой жас қозы

Көгендегі.

 

Емес ол және

Өлең үйшігі,

Иіріп қамайтын

Сыншылардың өткір бишігі.

 

Ұлы кісі – ұлы рух

Тұр төбемде.

Сиынамын,

Мен отырмын төменде.

 

Ұқсатсам болар екен кімге

Мойсейге ме – Мұсаға!

Тең келетін кім бар тегі

Осы бағаға!

 

Ақын болмағанда егер,

Болар еді-ау чемпионы –

Талай күрестің.

Ұқсайды өзі де Қажымұқанға,

Алып батыры не бір тірестің.

 

Қандай болса өлең шумақтары –

Сол бітім;

Тұрады ылғи

Мызғымай бүп-бүтін.

 

Бәлкім сол алыптық

Бабасынан қалған.

Кім бар дейсің Арқада

Қара күш пен ақылдан

Ырғызбайдай атақ алған?!

 

Ұқсатқан Горки

Лев Толстойды

орыс құдайына

Керек-ақ қой бір құдай мұнда да,

Сиып тұр ол өзі де

Әрең

Қазақтың тар маңдайына!

 

Текті атаның ұрпағы

Оның елі

Дала цицероны

Құнанбайды туған,

Не дер едік егер біреу сұраса:

«Абай кімнің жолын қуған?»

 

Жиренше берген бе әлде

Шешендігін?

Мұра етіп қалдырған ба әлде

Әнет баба көсемдігін?

 

Отырмын сол обада әлі

Осы – ой.

Омбының съезі

Емес яки бір

Ұлы дүбір – той.

 

Сауда жоқ, саясат жоқ

Поэзияның таза жиыны,

Қоңыржай – салқын самал,

Емес баяғы ғасырлар құйыны.

Сыбдыр жоқ

Мүлгиді қалың топ –

Жүз қаралы.

Бастар шайқалып,

Денелері тек

Үнсіз ырғалады.

 

Ақындар, Ақындар!

Отырған

Баладай қуанып.

Абай алдында

Бір жылап, бір уанып.

 

Ұмытпаңдар,

Болғаны-ақ жақсы

Осындай бір ел атасы;

Дұғасы, тілегі, үлгісі

Керек-ақ қой батасы!

 

Абай жазған:

Зұлқарнайынның көз сүйегі –

Шелейген.

Менде де болған сондай бір қу бас,

Мүйіз жоқ бірақ серейген.

 

Сол көздер ғой жаһангезді

Тойдырмаған

Алтын, күміс – әлемге.

Менің көзім де

Басқа емес,

Тоймаған өлеңге.

 

Жаулап ап бағындырды ол

Қаншаны

Қалды қанша елдер қансырап?

Жатыр менің ізімде де

Бір сорап поэзия

Тынбай тамшылап.

 

Екі тойымсыз – екі көз,

Екі қуыс,

Тояды екен ғой бәрі де

Тек қана топыраққа

Екі-ақ уыс.

 

Ізгілік пен жауыздықты

Болмас бір таразыға салып.

Жөн де емес қой

Ұқсату екеуін

Бір мысалға алып!

 

Ұқсас, бірақ,

Екеуі де дастан

Дастан емес мұнда

Сыз топырақ

Таразыны басқан.

 

Неге үнсіз боп қалды екен,

Ұлы адам,

Желсіз түндегі жарық Ай

Неге дірілдейді сәулесі судағы?

Алланың аяты яки бір дұға ма

Өлең болған табиғаттың бір шумағы.

 

Тереңдігі қанша екен сол сайдың

Ауыл қасындағы,

Кім көрген сол түндегі поэзияны

Әр тал жапырақ, әр түйір тасындағы.

 

Қыз қайда жолығатын

Сол сайда сондағы

Қайда екен тар төсегі сұлу жардың,

Қайда екен құлын-тайдай айқасқан

Оң жағы?

 

Қоңыржай мекен,

Отыр ақын қағазға көшіріп.

Жазды күн шілде

Көкорай шалғынын

Өз қолымен өсіріп.

 

Жазбақ едім мен де бір өлең,

Жидебайға барып.

Жете алмадым

Бетбақдалада қанатым талып.

 

Тыңдап отырмын бірақ

Естіліп тұр екі қайғы қосылып.

Асан қайғысы мен Абай қайғысы

Із салған жер бетіне жосылып.

 

Желмаямен жер кезіп,

Жетпіс жылда

Келген әрең қайтып,

Отыр екен деймін Асан ата

Көргенін айтып.

 

Қайда екен жер ұйық...

Оқып жатыр ақындар өлеңдерін

О дүниелік,

Өздері төменде

Төрге шығарып

Екі ұлы кемеңгерін.

 

Бір өзеннің иірімі,

Бір көлдің жағасы екен деймін,

Хан Шыңғысқа жақын.

– Жер ұйық осы, – дейді

Тағы бір ақын.

 

Жетісуға кетеді кейде

Сол қиял – жыр елес.

Жатыр олардың алдында

Қаратау мен Ұлытау

Не-небір сәнді жасыл белес.

 

Қоңыржай! Қоңыржай!

Осы қоңыржай – өзі бір жер ұйық,

Айырбастай қойсын ұжымаққа

Кім өз мекенін қиып!

 

Шықсыншы мұнда да бір

«Утофия аралы» аңыз болған.

Қайда сол жерұйық

Ырыс толған, бақыт толған?

 

Желмая мінген шал

Қашан келді екен

Ақжайықтан оралып?

Өшкен емес бірақ

Ол арман

Ғасыр-ғасырлардан

Бір табылып, бір жоғалып.

 

Ел арманы, ел қайғысы – бұл,

Ел қайғысынан қайғы өтер ме?

Поэзия етіп Абай оны

Ұйқасқа түсірмеген ғой бекерге.

 

Ертегі емес мұндағы,

Шындыққа жақын.

Кім тауып айта алар

Оның нарқын?!

 

«Әділет пе

Бір жанға екі күймек,

Қаным қара,

Мен бір жұмбақ адаммын... –

Дейді ол және – жаным жара».

 

Қандай жұмбақ,

Не сыр?

Жүз жылдан асты,

Әлі де сол қалпы

Шешілмей тұр.

 

Қандай ақылдың кені,

Не қалдырмаған артына!

– Бір ұртың май, бір ұртың қан, –

Деген екен және

Жылап тұрып халқына!

V

Айтыпты Науаиы кезінде бір моллаға:

«Ұжымақ болсын сенікі,

Сен соған бар,

Болсын шарапхана менікі».

 

Көп қайталаушы едім

Осы нақылын ұлы кісінің.

Осыдан ба деймін

Оңға баспауы ісімнің.

 

Аз емес қой

Менің өзімнің де

Еліріп, есіруім қызынып.

Сондықтан ба білмеймін

Ақылым бұзылып.

 

Деген едім бір жылдары:

«Құдай мен менің арамда да

Бір сызық бар.

Екі қатын ғана емес көрші отырған,

Патшалар мен патшаларды да

Соғыстыратын осы сызықтар».

 

Ұжымақ қайда екен,

Қоңыржай да ашпады

Маған есігін,

Ұзын бір тізім,

Онда да жоқ есімім.

 

Көргім-ақ бар еді

Абай атаны өз көзіммен.

Жаттаған едім тәуір-ақ

Бала кезімнен.

 

Босағада кезікті Ғафур Ғұлам,

Өзі мас екен,

Сәбитті іздеп жүріпті,

Естіген бір өсегім рас екен:

 

«Жүре тұрсын – депті ғой Абай мені, –

Бітіріп алсын дастанын!»

Бұзбапты Құдекең оның лебізін,

Сөзін тыңдамаса да басқаның.

 

Қайтып кеттім

Ерентаудың жылы қойнауына

Аз күн болса да

Болады ғой

Осындай ойлануға.

 

Жайлау – өзі бір жасыл тон

Қарағайлар – қара жиегі

Көзді ашып жұмғанша-ақ,

Ағытылғалы тұр

Ақыл-ойдың тиегі.

 

Қандай анық

Түнгі гүрілі

Ай жарығындағы тасыған өзеннің,

Кімнің ауылы екен

Отырған

Бергі тасасында жасыл кезеңнің!

 

Тоқтатайын осымен,

Қайда барамын Абайдан өтіп.

Жазбаған ғой ол кісі

Өлеңді ермек етіп.

 

Сол үшін де арнадым

Тұтас тұлғасын дастанымның,

А, Құдай, тілек етейік:

Мәңгілік сөнбесін

Жарық жұлдызы

Поэзия аспанының!

Омарғазы Айтан

Abai.kz

 

0 пікір