Үндеу: «Орал оқиғасына» баға берілетін уақыт келді!
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВҚА
ҮНДЕУ
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің тарихи жадын жаңғыртып, халқымыздың азаттық жолындағы күресінің елеулі кезеңдеріне лайықты баға беруі — Тәуелсіздіктің табиғи әрі маңызды талаптарының бірі деп есептейміз.
ХХ ғасырдың соңында Қазақстанның тәуелсіздік алу қарсаңында орын алған «Желтоқсан — ұлттық сипаттағы көтеріліс», «Жаңаөзен — әлеуметтік-этносаяси қақтығыс», «Орал — аумақтық-саяси сипаттағы азаматтық қарсылық» оқиғалары қазақ халқының азаттыққа ұмтылысының әртүрлі сипаттағы тарихи көріністері болды деп санаймыз.
Осы оқиғалардың ішінде 1991 жылғы Қыркүйектегі Орал оқиғасының орны ерекше. Өйткені бұл оқиға қазақ халқының тәуелсіз мемлекет құруға саяси және азаматтық тұрғыдан дайын екенін көрсеткен тарихи күрес болды. Жер аумағы жөнінен әлемде 9-орын алатын Қазақстанның аумақтық тұтастығын сепаратистік пиғылдағы күштердің ықтимал әрекеттерінен қорғауға бағытталған бұл азаматтық қарсылықтың тарихи мәні ерекше болды. Ол Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына тарихи алғышарттардың біріне айналды. Отаншыл азаматтардың бұл азаматтық қарсылығы Қазақстанның батыс өңірлерінің аумақтық тұтастығын қорғаумен қатар, елдің өзге де өңірлеріне таралуы ықтимал аумақтық-саяси қатерлердің алдын алуға бағытталған азаматтық жеңіске ұласты.
Оралдағы оқиға қазақ халқының өз жерінің тұтастығын қорғауға және тәуелсіз мемлекет құруға саяси тұрғыдан дайын екенін көрсеткен тарихи кезең ретінде бағалануға тиіс деп есептейміз. Осы тұрғыдан алғанда, 1991 жылғы 15 қыркүйек — тарихи жадымызда лайықты орын алуы қажет күн.
Алайда бұл дата бүгінгі күнге дейін еліміздің тәуелсіздік тарихындағы айтулы оқиға ретінде кеңінен танылып, мемлекеттік деңгейде тиісті бағасын алған жоқ. Тарихи оқиғаларды әділ бағалау — өткенді ғана еске алу емес, сонымен бірге қазіргі және келешек ұрпаққа елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының қандай тарихи жолмен келгенін ұқтыру мен сіңіру.
Осыған байланысты 1991 жылғы 15 қыркүйекте болған Орал оқиғасының 35 жылдығын 2026 жылы мемлекеттік деңгейде атап өтуді ұсынамыз. Бұл ұсынысымыздың мақсаты — қандай да бір саяси тартысты қайта жаңғырту емес, Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу жолындағы тарихи оқиғаларға әділ баға беру және тарихи жадты толықтыру.
Осыған орай Сізден:
1. 2026 жылы 1991 жылғы Орал оқиғасының 35 жылдығына байланысты мемлекеттік деңгейде тиісті іс-шаралар өткізуді;
2. 1991 жылғы 15 қыркүйектің Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы орнын арнайы тарихи-саяси және құқықтық тұрғыдан зерделеп, Орал оқиғасына тиісті баға беру мәселесін қарастыруды;
3. Орал оқиғасына қатысушылардың куәліктері мен осы кезеңге қатысты тарихи материалдарды жинақтап, ғылыми тұрғыдан зерттеуді;
4. Орал оқиғасының Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы орнын тиісті деңгейде насихаттау мәселесін қарастыруды сұраймыз.
Біз Қазақстанның тәуелсіздігіне алып келген тарихи жолдың барлық кезеңдері халықтың жадында сақталуы керек деп есептейміз.
1991 жылғы Орал оқиғасының 35 жылдығын атап өту — сол оқиғаға қатысқан азаматтардың ғана емес, Қазақстанның тәуелсіздік тарихын құрметтеудің маңызды қадамы болар еді.
Сізден осы ұсынысымызды қолдап, оны мемлекеттік органдардың қарауына ұсынып, нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
1991 жылғы Орал оқиғасына қатысушы азаткерлер
Астана, 2026 жылғы тамыз
Abai.kz