Астанада өзбек профессоры тыңшылық күдігімен ұсталды...
Астанадағы Maqsut Narikbayev University-де халықаралық қатынас пәнінен сабақ берген Өзбекстан азаматы Иқболжон Қорабоев тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz BBC-дің Өзбек қызметіне сілтеп.
46 жастағы ғалымның қамауда отырғанына екі айға жуықтаса да, істің нақты мән-жайы және оның қай мемлекеттің мүддесіне жұмыс істегені әлі белгісіз.
Қорабоевтың ет жақындарының айтуынша, 3 шілдеде бірнеше адам профессордың Астанадағы үйіне сау етіп кіріп келген. Олар ғалымға тыңшылық жасады деген күдік тағылғанын айтып, өздерімен бірге алып кеткен.
Ғалым Қылмыстық кодекстің 176-бабы бойынша күдікке ілініп отыр. Аталған бап шетелдік азаматтың мемлекеттік құпияны шет мемлекетке немесе ұйымға беруі, жинауы, ұрлауы мен сақтауын, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы өзге де әрекетін қамтиды.
Ғалымның жақыны ҰҚК Қорабоевты үйінен алып бара жатқанда оның Астанадағы Өзбекстан консулдығының қызметкеріне ақпарат жеткізіп тұрғанын меңзегенін айтты. Профессор мұны сол сәтте жұбайына айтып үлгерген.
Осы дерекке сүйенген болжамдардың бірі бойынша, Қорабоев Тәшкенттің пайдасына тыңшылық жасады деген күдікке ілінуі мүмкін.
Екінші болжам ғалымның стратегиялық маңызы бар минералдарға қатысты зерттеуімен байланысты. BBC Қорабоевтың биыл сәуірде жазылған, бірақ әлі жарық көрмеген соңғы ғылыми еңбегімен танысқан екен. Зерттеу «Қазақстан мен Өзбекстандағы маңызды минералға қатысты саяси және стратегиялық нарративтер» деп аталады.
Abai.kz