Түркі дүниесінің әдебиет саласындағы ынтымақтастығын дамыту мақсатында халықаралық жиын өтті
Түркі әлемінің ортақ әдеби мұрасын сақтау және дамыту, ТҮРКСОЙ үйымына мүше мемлекеттердің Жазушылар одақтары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ 2027 жылға арналған қызметті ортақ көзқарас негізінде жоспарлау мақсатында 2026 жылғы 19-22 тамыз аралығында «2026 жылғы Түркі дүниесінің мәдени астанасы – Әндіжан» іс-шаралары аясында Өзбекстан Республикасының Әндіжан қаласындаТҮРКСОЙ Жазушылар одағының отырысы өтті.
Түркі дүниесінде ортақ әдеби саясатты қалыптастыру және әдебиет саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында өткізілгенбұл отырыста ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының 2027 жылға арналған іс-шаралар бағдарламасы айқындалды. Сонымен қатар ортақ баспа және аударма жобалары, жас қаламгерлерге арналған бастамалар, цифрлық әдебиет мәселелері, сондай-ақ жасанды интеллектінің әдебиетке, жазушылыққа, аударма ісіне және баспа саласына ықпалы талқыланды.
Отырысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстан Жазушылар одақтарының төрағалары мен өкілдері қатысты.
Жиынға қатысқан Қазақстан Жазушылар одағының аппарат жетекшісі Еділбек Дүйсен ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының 2027 жылға арналған іс-шаралар бағдарламасына енгізу мақсатында Жазушылар одағы тарапынан бірқатар жоба мен іс-шара жөніндегі ұсынысты жеткізді.
– Биыл Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы стратегиялық әріптестік аясында «Түркі әлемі әдебиеті» жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба былтыр да қазақ оқырмандарына бауырлас төрт қаламгердің шығармашылығын таныстырып, өз нәтижесін берген болатын.
Бұл жобада бауырлас қаламгерлердің тәуелсіздік алған жылдардан бергі ғана жазылған шығармалары түпнұсқадан аударылып, кәсіби суретшілердің иллюстрациялары арқылы жарық көріп келеді. Аталған жоба қазақ әдебиетін ғана танытатын бастама емес, түркі халықтарының әдеби мұрасын өзара жақындастыратын үлкен мәдени платформаға айналуы тиіс деп есептейміз.
Сондықтан «Түркі әлемі әдебиеті» жобасын Қазақстан шеңберінен шығарып, ТҮРКСОЙ-ға мүше және бақылаушы түркі елдерінің қатысуымен халықаралық жоба ретінде жүзеге асыруды ұсынамыз.
Жоба аясында әр елдің көрнекті қаламгерлерінің шығармаларын өзге түркі тілдеріне аудару, әдеби кездесулер өткізу және жазушылардың шығармашылық сапарларын ұйымдастыру мүмкін.
Бұл ұсыныс ТҮРКСОЙ-дың ортақ әдеби мұраны сақтау, насихаттау және оны әлем тілдеріне аудару бағыттарымен толық үндеседі.
Екінші ұсыныс – «Биіктік. Кеңдік. Тереңдік» атты әдеби жобаны ұйымдастыру.
2027 жылы қазақтың үш классик ақыны – Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жұмекен Нәжімеденов шығармаларын түркі тілдеріне аударып, ал Түркияда арнайы әдеби кеш өткізуді ұсынамыз.
Бұл ақындардың шығармашылығы – қазақ поэзиясының көркемдік қуатын, ұлттық дүниетанымын және адамзаттық құндылықтарын танытатын аса маңызды рухани мұра.
Жоба аясында үш ақынның таңдаулы шығармаларынан бауырлас елдердің тілдерінде жинақ әзірленіп, Түркияда таныстырылымы мен әдеби кеші ұйымдастырылса, бұл қазақ әдебиетін түрік оқырманына кеңінен танытудың маңызды қадамы болар еді.
Үшінші ұсыныс – «Түркі әдебиетінің цифрлық кітапханасы» жобасын іске қосу.
Қазіргі заманда әдеби мұраны сақтау мен танытудың жаңа мүмкіндіктерін пайдалануымыз қажет.
Сондықтан түркі халықтарының классикалық және заманауи әдеби шығармаларын, жазушылар туралы деректерді, электронды кітаптарды, аударма нұсқаларын және әдеби іс-шаралардың материалдарын біріктіретін ортақ цифрлық платформа құруды ұсынамыз.
Бұл бастама түркі әлемінің ортақ әдеби қорын жүйелеуге, оны жас ұрпаққа қолжетімді етуге және әлем оқырманына таныстыруға мүмкіндік береді. ТҮРКСОЙ күн тәртібінде де түркі әлемінің ортақ цифрлық әдеби платформасы мен электрондық кітапханасын қалыптастыру мәселесі арнайы көрсетілген.
Біздің ұсыныстарымыздың барлығы бір ғана мақсатқа – түркі әлеміндегі әдеби ынтымақтастықты нақты жобалар арқылы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Біз үшін түркі халықтарының әдебиеті – әрқайсысы жеке-жеке тұрған ұлттық әдебиеттердің жиынтығы ғана емес. Ол – тарихи тамыры ортақ, рухани құндылықтары сабақтас, бір-бірін байытып келе жатқан үлкен мәдени кеңістік.
Сондықтан Қазақстан Жазушылар одағы ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының 2027 жылға арналған ортақ іс-шаралар бағдарламасын қалыптастыруға белсенді түрде атсалысуға дайын,- деді Еділбек Дүйсен.
Abai.kz