Билл Гейтс: ЖИ туралы бүкіл адамзатқа үндеу...
Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс өзінің жеке сайтында адамзатқа жасанды интеллекттің (ЖИ) қаупіне қатысты көлемді эссе-үндеу жариялады.
70 жастағы Билл Гейтс өзінің жеке веб-сайтында жарияланған көлемі 6000 сөзге жуық эссесінде ескерту жасады. Ол жаппай жұмыссыздық пен экономикалық күйзелістердің орын алуы мүмкін екенін болжап, сондай-ақ ЖИ-дің қылмыскерлердің қолына түсуінің ықтимал салдарын егжей-тегжейлі сипаттады.
Ол әлемнің барлық елдерінің басшыларын технологияның көлеңкелі қырларымен байланысты мәселелерді шешу үшін дереу ынтымақтастыққа кірісуге шақырды.
«Теңдік тұрғысынан алғанда, ЖИ адамзат тарихында бұрын-соңды ойлап табылған ең ұлы теңестірушіге де, әділетсіздіктің ең ірі қайнар көзіне де айналуы мүмкін. Міндет ауқымды. Тіпті ең қолайлы жағдайдың өзінде ЖИ-дің жаңа дәуіріне өту адамзат тарихындағы ең аласапыран кезеңдердің біріне айналады», – деп ескертті Гейтс.
Өз эссесінде Гейтс ЖИ саласындағы прогресс «ақылға сыймайтын жылдамдықпен» дамып келе жатқанын айтты.
«Жасанды интеллект алғаш рет адамның танымдық қабілетін алмастырып қана қоймай, одан асып түсуі мүмкін», – деп жазды Гейтс. Оның айтуынша, көп ұзамай «ЖИ көптеген міндеттерді орындауда адамдардан едәуір асып түсетін болады».
«Өкінішке қарай, қазір біз бұған дайын емеспіз. Көшбасшылар, сарапшылар мен қоғамдастықтар бұл сын-қатерлерді тиісті деңгейде еңсеріп жатыр деген дәлел көріп отырған жоқпын. ЖИ дәуіріне өтуді жеңілдететін нақты жоспар жоқ», – деп қосты Гейтс.
Оның айтуынша, ЖИ дәуірі дербес компьютерлер революциясынан айтарлықтай ерекшеленеді. Дербес компьютерлердің адамдардың еңбекке бейімделу тәсілін түбегейлі өзгертуіне шамамен 20 жыл қажет болған еді. ЖИ ол уақытты мейлінше қысқартады.
Әбдірашит Бәкірұлы
Abai.kz