Бейсенбі, 3 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 72 0 пікір 3 Қыркүйек, 2026 сағат 15:38

Жұманғарин жаңа Үкіметте де негізгі рөлде қалды

Сурет: PRO КАДРЫ KZ телеграм арнасынан алынды.

Қазақстандағы салық реформасының әкесі атанған, осы кампанияға тағдырын тіккен Серік Жұманғарин Үкіметтегі орнын сақтап қалды деп жазады Ertenmedia.kz.

Осыған дейінгі министрлер кабинетінің ең басты дерті жауапкершіліктен қашу, маңызды шешімді созбаққа салу және саяси тәуекелге бармау еді. Үлкен кісінің дәуірінде шенділердің басым бөлігі абайлап сөйлеп, сәтсіздіктің салмағын өз мойнына алмауға тырысатын.

Тоқаевтың тұсында «екінші тынысы» ашылған Жұманғарин керісінше, қоғамның бүкіл ашу-ызасын өзіне қабылдайтын фигура болып тұр. Ақордаға барлық саяси репутациялық соққыны өзіне сорып алатын абсорбер шенеунік әзір ауадай қажет.

Салық саясаты сияқты аса сезімтал салада агрессивті аудиториямен, бизнеспен, тіпті парламенттегі депутаттармен ашық әрі дөрекілеу пікірталасқа түсуге дәті жететін бір адам болса, ол осы — Жұманғарин. Бұл ма, бұл сырт көзге кемшілік көрінгенімен, шын мәнінде кризис менеджментте таптырмас қасиет.

Әсілі, жаңа Салық кодексі арқылы жеңілдіктерді қысқарту процесі ірі бизнес өкілдерінің (қаржы-өнеркәсіптік топтардың) қатты қарсылығына тап болғанын көрдік

Дәл осы кезеңде компромисске бара салатын иі жұмсақ министр Тоқаев тапсырған реформаның тас-талқанын шығарар еді. Жұманғариннің мінезіндегі белгілі бір көлемдегі бірбеткейлік ірі капиталдың қысымына төтеп бере алды.

Тұтастай алғанда, Бектеновтың бақылау-қадағалау, жемқорлықпен күрес бағытындағы кейсі мен Жұманғариннің бюджеттік-фискалдық блокты басқару дағдысы бір-бірімен тығыз астасып жатқанын мойындау керек.

Салық кодексі, Бюджет кодексі және Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың жаңа ережесі, осының бәрінде Жұманғариннің қолтаңбасы жатыр. Ақорда үшін реформаның сапасы мен оның төңірегіндегі дау-дамайдан гөрі, процестің тоқтап қалмауы және белгіленген мерзімде іске қосылуы маңыздырақ болды ма деп ойлаймыз.

Фискалдық саясатты күшейту, бюджет тесіктерін жамау және көлеңкелі экономикамен күрес сияқты ауыр міндеті орындауда Бектенов-Жұманғарин тандеміне толық карт-бланш берілді деуге негіз бар.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 540
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 1879
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 475
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 442