Бейсенбі, 3 Қыркүйек 2026
Көкжиек 222 0 пікір 3 Қыркүйек, 2026 сағат 17:03

Арекеңе артылар жүк ауыр...

Сурет: 24.kz сайтынан алынды.

Арман Оразбайұлы Қырықбаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды деген хабар жетті Астанадан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа 2026 жылғы 3 қыркүйекте қол қойды. Оның кандидатурасы осының алдында Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде мақұлдаған болатын.

Бұған дейін бұл министрлікті біраз жылдар бойы Аида Балаева басқарып келгені белгілі. Әрине, бұл жерде оның жұмысына баға беруден аулақпыз. Дегенмен, ол министр болған жылдары елімізде гендерлік саясатты нығайтқан заң қабылданғанын айтпай кетуге болмайды. Яғни, ол Қауіпсіздік кеңесі төрағасы орынбасары қызметіне кеткенге дейін аналар мен балалар құқын қорғау, оларға қамқор болу мәдениетіне басымдық берді десек болады. Мүмкін, өзі де ана болған соң ‑ солай болуы заңды шығар...

Енді, ҚР Мәдениет және ақпарат минстрі болып ер азамат тағайындалды...

Жалпы, біздің ойымызша осы саланы үнемі де ер азаматтардың басқарғаны дұрыс сияқты. Бұл әйел затын кемсіту емес, бұл – жалпы қазақ болмысына, дәстүріне сай құбылыс. Себебі, мәдениет дегеніміз – ұлттың бүтін болмысын, оның ділін, психологиялық келбетін, өнерін, әдебиетін, ғылымын, философиясын айқындайтын рухани әлем.

Бүгінгі заманда әлем елдері арасында тек экономикалық қана емес, рухани тұрғыдағы қақтығыстар, астыртын майдандар өршіп барады. Осы кезде біздегі рухани тұтқа да жауынгерлік сипатқа ие болуы тиіс. Ең алдымен, елі мен жерін қорғайтын ер азаматтарды тәрбиелеу – ер азаматтың қолынан келер іс болса керек. Қазақ айтады: «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», - деп. Бұл мақал да дәл осы – жауынгер ұрпақ тәрбиелеу мақсатынан туған ба дейміз.

Жуырда ғана президентіміз «қазақтың мұңы» туралы айтты. Оның да мағынасы осыған саяды, яғни, біз өткен тарихпен мұңайып қана емес, астарлып айтқанда, бүгінгі күннің шындығына сай жастарымызды көзінде оты бар, кез келген салада қиып түсер қабілетті, өткір, білімді, көкірегінде сәулесі шоқтай жанған бағытта тәрбиелеуіміз керек деген еді. Ұлттық мәдениет дамуынан халық осы үрдісті күтуде.

Ендеше, ұзақ жылдар бойы ішкі саясатта халықпен етене араласып, қоғам тынысы мен халық болмысын, ойы мен түсінігін, психологиясын, мәдени‑ұлттық ерекшелігін әбден меңгерген, жалпы қазақ мәдениетінің шоғырланған қаласы – Алматыда ысылып тәрбиеленген, ал, бала кезінен ауыл тәрбиесін алған, ұл‑қыздың қазақы жолын қанына сіңірген Арман Оразбайұлы Қырықбаевтың мәдениет пен ақпарат саласы тұтқасын қолына алғаны – елге тек жақсылық әкеледі деп үміттенетінімізді ашып айтар едік.

Редакция атынан Арман Оразбайұлын жаңа қызметімен құттықтай отырып, еліміздің рухани болмысы мен ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуда оның әр қадамы сәтті болсын деген тілек айтамыз!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 703
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2002
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 494
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 467