Дүйсенбі, 7 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 76 0 пікір 7 Қыркүйек, 2026 сағат 17:18

Қазақстан мен Корея ет бұқтыратын цех салады

Сурет: pikabu.ru сайтынан алынды.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея елімізде ет бұқтыратын бірлескен цех салу туралы келісімге келді. Жобаның жалпы инвестициялық құны 1,3 млн АҚШ долларын құрайды, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігі.

Тиісті келісім Алматыда өткен Қазақстан-Корея бизнес форумы аясында жасалды. Қазақстан тарапынан жобаны Samsar Investment жүзеге асырады.

Бұдан бөлек, Қазақстан Оңтүстік Кореяға жалпы құны 13 млн АҚШ долларын құрайтын 1 мың тонна сиыр етін экспорттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Samsar Investment компаниясы ай сайын 3 мың тонна тазартылған күнбағыс майын Корея нарығына жеткізу туралы келісімге келді.

Жалпы форум қорытындысы бойынша құны 54,8 млн АҚШ долларын құрайтын коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Іс-шараға екі елден 200-ден астам бизнес өкілі қатысты.

Бизнес форумға 55 жыл бұрын құрылған Корея импорттаушылар қауымдастығы (KOIMA) жүзге жуық бизнес өкілінен құралған делегациямен арнайы келген.

Кездесу биыл маусым айында Сеулде өткен Korea Import Expo 2026 көрмесінің жалғасы болды. Аталған көрмеге Қазақстанның ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін 15 компания қатысқан. Нәтижесінде кореялық бизнес тарапынан қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қызығушылық артқан.

– Қазақстан тек табиғи ресурстарға бай мемлекет қана емес, сонымен қатар Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды экономикалық және логистикалық орталық. Энергетика, өнеркәсіп және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар салаларындағы артықшылықтарымен қатар, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінің тұрақты дамуы Қазақстанға Корея Республикасына тауар жеткізу тізбектерін әртараптандыру және нығайту үшін айтарлықтай мүмкіндіктер береді, – деді Корея импорттаушылар қауымдастығының (KOIMA) төрайымы Ён Ми Юн.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда айналымы да артып келеді. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3,17 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өсті.

Ал 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд АҚШ долларына жетті. Осы кезеңде Қазақстан өнімдерінің Кореяға экспорты 17,2%-ға артқан.

– Корея Республикасы – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Біздің елдеріміз арасындағы 1992 жылдан бері қалыптасқан дипломатиялық және сауда-экономикалық байланыстар өзара сенім мен ынтымақтастық негізінде дамып келеді. Біз үшін сауда көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар дайын өнімдер мен қосылған құны жоғары тауарлар экспортын арттыру маңызды, – деді Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.

Ресми бизнес форумның соңында қазақстандық өнімдердің көрмесі ұйымдастырылып, кореялық бизнес делегация үшін отандық ет өнімдерінің дегустациялық кешкі асы өтті. Меркідегі Terra ЖШС қонақтарға сиыр және қой етінен дайындалған стейктер ұсынды.

Көрмеге Arba Wine, «Голд Продукт», «Алматинский продукт», Lemonadoff, Elimay Qymyz, «Тәп-тәтті», «Бурненская молочная компания», «Вкус Благости», «Мерке Ет», Terra, Fresh Milk, Honey100%, «Баян-Сұлу», «Аланс» және басқа да қазақстандық компаниялардың өнімдері қойылды.

Дереккөз: Қазақпарат

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 956
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2457
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 658
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 638