Михайлов: «Ресейді жолдан тайдырған – коммунисттер!»
«Оның аты – қарғыс атқыр аштық!» – деп, Ғабит Мүсіреповтің күңіреніп отырып Ғафу Қайырбековке айтып берген әңгімесін қағазға түсіріп, кітабына енгізген алғашқы қаламгер осы кісі – Бәкең. Валерий Михайлов. Бәкеңнің «Хроника великого джута» атты кітабын ақын Ғұсыман Жандыбаев осыдан біраз жыл бұрын қазақ тілінде сөйлеткен-ді.
«Хроника великого джута». Бұл – ғажап кітап. Қазаққа дос кітап. Қазақ халқының қасақана қолдан жасалған алапат аштықтан жартылай қырылып қалғанына қайғырып, шын жылаған кітап.
«Қарғыс атқыр аштық» деп аяқталатын әңгімесінде (жаза алмай, ауызша айтқан ғой) Ғабит Мүсірепов әйгілі «бесеудің хатынан» кейін Қостанай облысына барады. Голощекин дейтін сұмырай қыстың көзі қырауда аппақ қар басып, аяз буған Қостанай өлкесіне Ғабеңді әдейі жіберсе керек. Сондағы оның арам ойы – Кремльге арыз айдаған жазушы: «барсын, дала кезсін, аштан өлген бауырларын көзімен көрсін де ит-құсқа жем болсын» дегені шығар. Алайда Алла жар болып, Мүсірепов іссапардан аман-есен оралады. Сол сапарында қаламгер қар жамылған далада ақ шағаладай боп тізілген ақ боз үйлерді көреді – ішінде тірі жан жоқ. Тегіс аштан өлген. Тек бір үйден... тау болып үйілген көрпе-жастықтардың арасынан шашы кіндігін жапқан, көзі ойылып қалған, қызыл иегіне дейін қан қатқан, тырнақтары сояудай боп өскен сұмдық мақұлхатты кездестіреді. Мақұлхат ішінен тұншыққандай әлде булыққандай қорқынышты дыбыс шығарады. Адамдарға шеңгелін жаза ұмтылады. Ғабең бар, қасындағы кісілер бар мақұлхаттан қашып құтылады. Кейін сондағы оқиғаны есіне алғанда Ғабит: «Ол мақұлхат емес, ол – аштықтан азған адамның баласы. Ол – аштық, оның аты – қарғыс атқыр аштық!» – деп күңіренеді екен.
Валерий Михайлов жоғарыда аталған кітабында, міне, осы сұмдықты жазды. Совет одағының туы жығылмай тұрған, қызыл өкіметтің тұғырынан таймай тұрған кезінде... 1980 жылдардың соңын ала.
Кітапта большевиктер мен коммунисттердің қырғыны. Орыстың соңғы патшасын қатын-баласымен қоса атып тастап, сүйектерін сандыққа салып сүйретіп жүрген Голощекин, қу жақтың қазақ халқын қан қақсатқан қаскүнем істері нақты деректермен баяндалады. «Ресейді жолдан тайдырған – коммунисттер» – дейді Бәкең.
Бәкеңнің осы кітабына ертеректе Мемлекеттік сыйлықты беріп жіберсек те болатын еді... Дегенмен, «ештен кеш жақсы» – кеше ақсақал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды деп естідік. Орденді қаламгерге Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды табыстапты. Қуаныштымыз, Бәкеңнің марапаты құтты болсын!
Дәурен Қуат
Abai.kz