Сәрсенбі, 9 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 157 0 пікір 9 Қыркүйек, 2026 сағат 16:36

Президентке үндеу: Мұғалім араша сұрайды...

Сурет: qaz365.kz сайтынан алынды.

«Как бараны себя ведут»: ата-анадан қорлық көргенін айтқан мұғалім Президентке үндеу жасады, - деп жазады qaz365.kz сайты. 

Ұстаздың айтуынша, бірінші сынып оқушысының анасы тарапынан өзіне және мектеп ұжымына қатысты қорлайтын сөздер айтылған.

Жетісу облысы Көксу ауданындағы Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Үміт Сағынбекқызы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады.

Үміт Айтақонова білім саласында 38 жыл еңбек етіп келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, жаңа оқу жылы басталғалы небәрі санаулы күн өткеніне қарамастан, ата-аналардың бірімен түсініспеушілік туындаған. Қолында  арадағы жанжалға байланысты аудиожазбалар мен бейнематериалдар бар.

«Менде аудиожазба бар. Онда мектептің ұжымына қатысты ауыр сөздер айтылып, мектепті “быт-шытын шығарып, таяқ жегізуге” келгені туралы сөздер бар. Сонда бірінші сыныпқа баласын білім алуға әкелді ме, әлде мектеп ұжымымен есеп айырысу үшін келді ме деген сұрақ туындайды», дейді ұстаз.

Мұғалім бұдан бөлек, өзін «некомпетентная», яғни кәсіби біліктілігі жоқ мұғалім ретінде көрсететін және ата-аналарға «неадекватный» деп атаған бейнежазба бар екенін мәлімдеді.

Осы жағдайдан кейін ұстаз 4 қыркүйекте мектеп директорына өтініш жазып, өзін басқа сыныпқа ауыстыруды сұраған. Алайда оның айтуынша, сыныптағы 16 оқушының ата-анасы мұғалімді қолдап, директорға өздері де өтініш берген. Олар ұстазды сынып жетекшісі ретінде қалдырып, даулы ата-ананың баласын басқа сыныпқа ауыстыруды ұсынған.

«16 баланың ата-анасы мені қолдап, директорға өтініш жазды. “Апайымызды осы сыныпта қалдырыңыздар, бізге басқа мұғалім керек емес. Егер мүмкіндік болса, Мөлдірдің баласын басқа сыныпқа ауыстырыңыздар” деді. Бұл — менің 38 жылдық еңбегіме ата-аналардың берген бағасы деп қабылдаймын», дейді мұғалім.

Ұстаздың сөзінше, әлгі ата-ана өзін заңгер әрі сот орындаушысы ретінде таныстырып, «маған ештеңе жасай алмайсыздар» деген мазмұнда пікір білдірген.

«Мен сырт пікірден қашпаймын. Егер менің кәсіби жұмысыма қатысты нақты мәселе болса, оны заң аясында қарауға дайынмын. Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес болсын, білім бөлімі болсын — тиісті орган тексерсін. Бірақ мұғалімді қорлау, кәсіби біліктілігін негізсіз жоққа шығару дұрыс емес. Мен 38 жыл бойы осы мектепте еңбек етіп келемін», дейді үндеуінде.

Ұстаз  педагогтың ерекше мәртебесі заңмен қорғалатынын атап өтіп, ата-аналар тарапынан мұғалімнің кәсіби қызметіне құрметпен қарау керектігін жеткізді.

«Мен Президентімізден осы жағдайға назар аударуды сұраймын. Мен ешкіммен жауласып, дауласқым келмейді. Менің талабым біреу ғана — жағдай объективті тексерілсе екен. Егер менің тарапымнан қателік болса, оны да айтуға дайынмын. Бірақ ұстаздың ар-намысы мен қадір-қасиеті тапталмауы керек», дейді Үміт Айтақонова.

Мұғалім Президенттен жағдайды жан-жақты әрі объективті тексеруге ықпал етуді сұрады. Оның айтуынша, мәселенің басты мақсаты — жеке жанжал шығару емес, педагогтің кәсіби беделін қорғау және мектептегі өзара сыйластықты сақтау.

Әлеуметтік желіде ұстазды қолдап пікір жазғандар өте көп. Көпшлік ұстаздың  кәсіби қызметін атқаруына кедергі келтіретін қысым болмауы керектігін айтып, мұндай жағдайларды заң аясында қарау қажеттігін көтерген.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1026
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2575
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 717
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 679