Сейсенбі, 15 Қыркүйек 2026
218 0 пікір 15 Қыркүйек, 2026 сағат 19:44

Ұлы Дала дәстүрінен бүгінге дейін: Жетісуда «Құрылтай феномені» кітабы таныстырылды

(Сурет:https://www.gov.kz)

Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Ұлы даланың мемлекеттілік дәстүріндегі Құрылтайдың тарихи бастауларына, оның эволюциясы мен маңызына арналған «Құрылтай феномені» ғылыми еңбегінің таныстырылымы өтті. Кітап авторлары – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаев пен шығыстанушы, түркітанушы-лингвист Зәріпбай Оразбай,деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кітаптың таныстырылымы өткен дөңгелек үстел жиынына облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Кездесуді Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің басқарма төрағасы – ректор, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бөрібаев жүргізді.

Кездесуге қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйлеген Диас Есдәулетов Құрылтайдың тарихи маңызына тоқталды.

– Құрылтай – халқымыздың қоғамдық өмірінде бұрыннан қалыптасқан кеңесіп шешу, ортақ пікірге келу, ел тағдырын бірге талқылау дәстүрінің көрінісі. Тарихтың әр кезеңінде ол қоғамдық және мемлекеттік басқарудың маңызды институты ретінде қызмет атқарды. Бұл жай ғана тарихи құбылыс емес, мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдерін, саяси мәдениет пен қоғамдық келісім дәстүрін зерделеуге мүмкіндік беретін тарихи мұрамыздың маңызды бөлігі, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ол сондай-ақ жуырда өткен Құрылтай сайлауына тоқталды. Оның айтуынша, тұрғындардың сайлауға белсене қатысуы қоғамның жаңа мемлекеттік институттарға деген қызығушылығын және азаматтық белсенділік деңгейінің жоғары екенін көрсетті.

Зерттеудің негізгі идеясы туралы кітап авторларының бірі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Директорлар кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаев айтып берді.

Автордың айтуынша, зерттеушілер зерттеу барысында әр тарихи дәуірдегі құрылтайлар туралы деректерді жинақтап қана қоймай, ұғымның мәнін ашу, оның бастауларын зерделеу және Ұлы Дала аумағында ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттік басқару дәстүрлерімен сабақтастығын көрсетуді мақсат етті. Сонымен қатар саяси мәдениетке, мемлекеттік тәртіпке, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық келісімге ерекше назар аударылған.

– «Құрылтай» ұғымының этимологиялық және мазмұндық мәнін терең ашу, оның Ұлы Даланың мемлекеттік басқару дәстүрлерімен тарихи сабақтастығын зерттеу – ұлттық тарихи сананы нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Мұның барлығы, әсіресе, жастар үшін маңызды. Өз тарихын терең білетін ұрпақ қана ұлттық мүддені, ел алдындағы жауапкершілікті, мемлекеттің қадір-қасиетін шынайы түсіне алады. Сондықтан біз тарихтан тағылым алып, оны жаңа дәуірдің талаптарымен сабақтастыра отырып, білімді, жауапты әрі біртұтас қоғам қалыптастыруымыз керек, - деді автор.

Зерттеу еңбектің тағы бір авторы  шығыстанушы, араб, парсы және шағатай тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбай кітапты тарихи және деректік негізде таныстырды. Еңбектің түп негізіне автор алғаш рет қазақ тіліне аударған ортағасырлық онға жуық қолжазба алынған. Түпнұсқа деректермен жұмыс істеу бұрыннан белгілі мәліметтерді толықтыруға және әр кезеңдегі Құрылтай дәстүрінің қалыптасуы мен дамуын тереңірек зерделеуге мүмкіндік берген.

– Кез келген ауқымды еңбек ең алдымен идеядан басталады. Идея мықты болса, мазмұнды деректер мен ғылыми ізденіс оны одан әрі тереңдете түседі. Меніңше, бұл кітаптың басты ерекшелігі де осында. Оның негізінде халықтың тарихи санасын жаңғырту, өткенді тереңірек зерделеу және оны бүгінгі заманмен сабақтастықта пайымдау секілді ауқымды әрі маңызды идея жатыр, – деді екінші автор.

Талқылау барысында кездесуге қатысушылар кітаптың тарихи және мәдени құндылығы туралы пікір білдірді.

Тарихи жадының маңызы туралы Д. А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалаири сөз қозғады.

Тақырыпты тарихи-саяси жағынан «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты Амангелді Есбай кеңінен тарқатты.

Талқылауға сондай-ақ белгілі қазақ жазушысы, публицист Талғат Тоғанай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі суретші әрі журналист Жанұзақ Мүсәпір, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Сәбит Суатай және басқа да азаматтар қатысты.

Кездесуге қатысушылар «Құрылтай феномені» зерттеуінің ұлттық тарих пен мемлекеттілікті зерделеуге қосқан елеулі үлесін атап өтті. Кітап таныстырылымының соңы қазақ мемлекеттілігінің бастаулары, саяси дәстүрлердің дамуы, тарихи тәжірибенің қазіргі Қазақстан үшін маңызы туралы кең ауқымды пікір алмасуға ұласты.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1222
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2750
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 878
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 831