Сейсенбі, 22 Қыркүйек 2026
Қоғам 135 0 пікір 22 Қыркүйек, 2026 сағат 14:00

Бата мен қарғыстың арасы

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Жақында көшеде құрт сатып жүрген егде жастағы әжені кездестірдім. Қолындағы дорбасын көтеріп, әр адамға үмітпен қарап жүр екен. Маған да жақындап, өзінің тұрмысын айтып, құртынан алуды өтінді.

Айтқан әңгімесі көңіліме әсер етті. Құртты алып жүретін ыдысым да, салатын жерім де болмаған соң, өнімін алмадым. Бірақ әжейге аз да болса қолдау болсын деп, құрттың ақшасын аударып бердім. Ол кісі разылығын білдіріп, біз өз жолымызбен кеттік.

Келесі күні достарыммен бірге кафеде маңызды бір жобаны талқылап отырдық. Бір кезде кешегі әжей қайта келді. Тағы да сол әңгімесін айтып, дастарқан басында отырғандарға құрт ұсынды. Жігіттер сыпайы түрде бас тартқан еді. Сол сәтте күтпеген жағдай болды: әжей ренжіп, оларға ауыр сөз айтып, қарғай бастады.

Мен бірден әңгімеге араластым.

– Апа, кеше мен сізге құрттың ақшасын төлеп, өзім алмай кетіп едім ғой. Бірақ әр адам міндетті түрде құрт сатып алуға тиіс емес. Біреудің ақшасы болмауы мүмкін, біреу құрт жемейді, енді біреуге дәл сол сәтте қажет емес шығар, – дедім.

Сонда әжей:

– Жарайды, саған батамды беремін. Бірақ мына жігіттер құрт сатып алсын, – деді.

Осы сөз мені қатты ойландырды.

Бата – сауда құралы емес. Қарғыс – тауарын өткізе алмаған адамның қаруы болмауы керек. Қазақ батаны ықыласпен беріп, қарғыстан қорыққан халық еді. Ал енді сол қасиетті ұғымдарды бір уыс құрттың саудасына байлап қою қаншалықты дұрыс?

Мен бұл оқиғаны әлеуметтік желідегі парақшама жаздым. Оқырмандардан өте көп пікір келді. Сөйтсем, мұндай жағдай бір қалада ғана емес, еліміздің әр өңірінде кездеседі екен. Біреулерге егде жастағы адамдар осылай тауар ұсынған, енді біреулер бас тартқаны үшін ауыр сөз естіген. Тіпті аяушылық сезімін оятып, адамдарды еркінен тыс сатып алуға мәжбүрлейтін жағдайлар да аз емес көрінеді.

Әрине, көшеде сауда жасап жүрген үлкен кісілердің бәрін кінәлауға болмайды. Олардың арасында шынымен күнкөріс қамымен жүрген, маңдай терімен табыс тауып отырған жандар көп. Қарт адамның көшеде құрт сатып жүруінің өзі қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің бар екенін аңғартады. Оның артында аз зейнетақы, тұрмыстық қиындық, жалғыздық немесе отбасылық жауапкершілік жатуы мүмкін. Сондықтан мұндай адамдарға түсіністікпен қарап, қолдан келгенше көмектесу – адамгершілік.

Бірақ көмек қорқыныштан емес, адамның өз қалауымен жасалуы керек.

Ешкім аяушылықты қысымға, батаны саудаға, қарғысты мәжбүрлеу құралына айналдырмауға тиіс. Өйткені біреудің қиын тағдыры оған басқа адамды қорлауға немесе қарғауға құқық бермейді.

Бұл оқиға бір әжейдің немесе бір уыс құрттың төңірегіндегі мәселе емес. Ол қоғамымызда қалыптасып келе жатқан қауіпті мінезді көрсетеді. Біз соңғы кезде мәселені сабырмен түсіндірудің орнына дауыс көтеруді, тіл тигізуді, жанжал шығаруды тиімді әдіс деп қабылдай бастағандаймыз. Кейбіреулер айқайласа, боқтаса немесе қорқытса, мәселесі тезірек шешіледі деп ойлайды.

Ал қоғамдық әдеп қайда қалды? Үлкеннің өнегесі, кішінің ізеті қайда? Ұлттық тәрбие мен адамға деген құрмет қайда?

Жақында Вице-президент ішкі саясаттың басым үш бағытын атап өтіп, соның бірі ретінде қоғамдық әдеп мәселесіне ерекше тоқталды. Менің ойымша, бұл – өте орынды әрі уақытылы қойылған талап. Себебі қоғамдық әдеп тек адамның жеке мәдениетіне қатысты мәселе емес. Ол – қоғамның ішкі тұтастығын, адамдар арасындағы сенім мен өзара құрметті қалыптастыратын маңызды құндылық.

Бүгінде сырттан келген түрлі теріс мінез бен дөрекі қарым-қатынас үлгілері күнделікті өмірімізге сіңіп барады. Қазақ қоғамына жат мұндай құбылыстар ғасырлар бойы қалыптасқан әдептілігімізді, үлкенге құрмет пен кішіге ізет дәстүрін бұзбағай. Жаңашыл боламыз деп ұлттық мінезіміздің өзегінен айырылып қалмауымыз керек.

Біз жастарды тәрбиесіз деп жиі сынаймыз. Бірақ жас ұрпақ мінезді кімнен үйренеді? Егер үлкендер қоғамдық орында ауыр сөз айтып, қарғап, өз талабын күшпен орындатуға тырысса, жастарға қандай үлгі көрсетеміз? Тәрбие тек ақыл айтумен берілмейді. Тәрбие – күнделікті іс-әрекеттен көрінетін өнеге.

Қазақ қоғамында үлкен адам тек жасының үлкендігімен емес, парасатымен қадірлі болған. Ақсақал дау туғанда елді сабырға шақырған, әже немересіне мейірім мен ізеттілікті үйреткен. Олардың батасы адамға демеу, сөзі бағыт болған. Сол биік ұғымды сақтау – бүгінгі буынның да жауапкершілігі.

Қоғамның мәдениеті үлкен мінберлерде айтылған сөздермен ғана өлшенбейді. Ол көшеде, қоғамдық көлікте, базарда, дәмханада және адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында көрінеді. Бір-біріміздің таңдауымызды құрметтеп, келіспеген жағдайда да әдептен аспау – өркениетті қоғамның белгісі.

Бір уыс құрт маған үлкен сұрақ қалдырды: біз қандай қоғам құрып жатырмыз?

Мейірімділік әлсіздікке, бата саудаға, ал қарғыс қысым жасау құралына айналмауы керек. Адамды адам ететін – оның сөзі, сабыры және өзгеге деген құрметі. Осы құндылықтарды жоғалтсақ, орнын ешқандай заң да, айыппұл да толықтыра алмайды.

Рауан Қалиев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1381
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2962
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1026
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 964