Сейсенбі, 29 Қыркүйек 2026
Жаңалықтар 326 0 пікір 28 Қыркүйек, 2026 сағат 13:04

Cөз дарыған Семейдегі кеш...

Сурет: Шара ұйым дастырушыларынан алынды.

СҮЙІР ТІЛДІ ОҚУШЫЛАР САХНАНЫ ҚАЛАЙ ДҮБІРЛЕТТІ?

Абай мен Шәкәрімді, Мұхтардай заңғарды дүниеге келтіріп, сөз өнерінің киелі бесігіне айналған Семей топырағында жас ақындардың үні қайтадан асқақтады.

Жақында шаһардағы №38 мектеп-лицейінің шаңырағында Тілдер айлығына орайластырылған «Тіл – татулық тірегі» атты дәстүрлі қалалық оқушылар айтысы өтіп, бұрамы сөзге толы, өлеңі өнегелі жас дарындар өзара сөз жарыстырды.

Айтыс — жай ғана сахналық қойылым емес, ол — қазақтың суырыпсалмалық шешендік мектебі, ойдың шапшаңдығы мен тілдің орамдылығын таразылайтын бірегей майдан десек артық айтпаймыз.

РУХЫ ТЕРЕҢ, НИЕТІ АҚ ШАРА

Бұл шараның басты мұраты — жастардың бойындағы сөз ұстау шеберлігін шыңдау, ұлттық өнердің отын өшірмей, оны келесі ұрпаққа аманаттау. Сөз сайысының тізгінін №38 мектеп-лицейінің «Жебе» жас ақындар-әдеби үйірмесінің жетекшісі Медет Рақымбаев ұстап, жыр додасының көрігін қыздырды.

Мектеп оқушылары болса де, сахнаға шыққан жас өнерпаздардың сөз саптасы, ұйқас қууы мен уәж қайтаруы бұрыннан өлең өлкесінде жүрген тарландардай ептілікті танытты.

БАҒА БЕРГЕН БІЛІКТІ ҚАЗЫЛАР

Жас таланттардың аяқ алысын бағамдау, олардың өнеріне әділ төрелік ету жүгі қазақ айтысының майталмандары мен сақа ұстаздарына жүктелді:

  • Дәмеш Омарбаева — ҚР Мәдениет қайраткері, «Халықтық ақындар орталығының» жетекші-ұстазы;
  • Дәулет Сметов — ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының Абай облыстық филиалының төрағасы;
  • Айбек Жеңісқазин — танымал айтыскер ақын, республикалық «Assyl Dombyra – 2023» айтысының бас жүлде иегері.

Әділ қазылар жас ақындардың ұйқас шеберлігіне, суырыпсалмалық талантына, сахнада өзін-өзі ұстауына және сөз салмағына ерекше мән берді.

СӨЗ МЕРГЕНДЕРІ КІМДЕР?

Шаршы топта суырылып шығып, ой ұшқырлығы мен сөз тапқырлығын көрсеткен үздіктер анықталып, марапат төрінен көрінді:

Бас жүлде – Қайырғазинов Қайырлы, №38 мектеп-лицейінің оқушысы, облыстық айтыстардың жеңімпазы.

I орын – Асубаев Назар, «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия».

II орын – Аманкелдинов Нұрсұлтан, №51 мектеп;

II орын – Барлыбай Мадина, №50 мектеп.

III орын – Сейсен Сара, №45 мектеп.

III орын – Аманбекова Сабина, «Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназия»;

III орын – Түсіпова Ажар, №48 мектеп

Дүбірлі өлең бәйгесіне қатысқан барлық оқушылар арнайы дипломдармен, ал жас дарындарды баптаған жетекшілері Алғыс хаттармен марапатталды.

Өлең мен ән егіз өрілген мазмұнды кеш жас таланттардың шығармашылық ізденісіне соны серпін берді. Семей төріндегі бұл айтыс — ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, салт-дәстүрімізді ардақтаған тағылымды шара ретінде есте қалды. Том-том кітаптың жүгін бір ауыз сөзге сыйғызған жас ақындардың қадамы құтты, өлең өлкесіндегі сапары баянды болғай!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1579
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3193
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1182
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1093