Филология деген ғылым бар ма?
Қазіргі қазақ тілінің дағдарысы, алдымен, оның көпшілік меңгере алмайтындай күйге түсуінен көрініс табуда. Тілдің меңгерілмеу айғағының себептері тек филология ғылымы аясында шешілуге тиісті еді. Ал Қазақстанға Батыстың озық филология ғылымы келген жоқ.
Батыстың озық филологиясынан бас тартудың алғышартын академик Р. Сыздықова жасап берді. «Әдебиет терминiн Европа мен орыс филологиясы қалай таныса, бiздiң де солай тануымыз шарт емес» (Қазақ әдеби тiлiнiң тарихы. XV-XIX ғасырлар А.: 1993.- 11-б.) деген изоляционистік тұрғысын жариялауымен, бұл мадам Қазақстандағы тілдік үдерістерді дүниежүзіндегі озық лингвистикаларда қабылданған теориялар мен практикалардан аулақтатып әкетті. Қазақ филологиясы дүниежүзілік тенденциялардан жырақтап, айдаладағы дрейфте қамалып қалды, қазақ тіліне төнген ауқымды апат осыдан басталды.
«Әдеби тiлдiң қалыптасып дамуы көркем әдебиеттiң, соның iшiнде поэзияның бары мен барысына тiкелей қатысты» деп (сонда 10-б.), Р.Сыздықова лингвистикадағы негізқалаушы ұғымды да теріс түсіндіріп берді. Дамыған елдердегі тiлтану теориясы бойынша, КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ТІЛІ мен ӘДЕБИ НОРМАЛАНҒАН ТIЛ бір ұғымды білдірмейді, бөлек категориялар ретінде қарастырылады.
Іс мұнымен де бітпеді. Р.Сыздықова қазақ әдеби тілінің қалыптасуын XV-XIX ғасырлардан іздеп, лаққан ахрониялық адасуға да жол ашып берді. Заманауи лингвистиканың тарихи практикада ақталған теориялары бойынша, ӘДЕБИ НОРМАЛАНҒАН ТІЛДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ҚОҒАМНЫҢ ТЕК ИНДУСТРИЯЛЫ ДАМУ ЖОЛЫНА ТҮСУІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ жүзеге асырылады. Бізде қазақ қауымы әлі натуралды шарушылық уклад сақталған қоғамда өмір сүріп жатыр. Басым бөлігі өнеркәсіпті қоғамға тартылған жоқ. Тиісінше, қазақ тілі де индустриялы қоғам талабына сай стандартталып, нормаға түсірілген жоқ.
Кеңес қазақ филологтарының тұтастай бәрі және жекелей әр қайсысы өздерінен кейін қазақ тілін алға бастырмайтын кесек концепттер қалдырды. Қазіргі қазақ тілінің терең дағдарысы коллаборант-филологтардың стратегиялық адасуларынан (адастыруларынан? -автор) бастау алған.
Изоляционистердің таза қазақи филология жасамақ ниеті іске аспады. Өйткені, бұлары ешқашан, еш жерде болып көрмеген, идея ретінде іс жүзіне асырылмайтын, «Прокруст ложесі» сияқты, шектен шыққан далбаса болатын. Қазір оқшауланған қазақ «филологтары» алыс түкпірде, интеллектуалдық дрейфте қамалып отыр. Филология ғылым саласы ретінде институциялы орнықпағандығынан, тілдің осы пән аясында шешілуге тиісті бірде бір мәселесі шешілген жоқ. Салада толығымен паранаука үстемдігін орнатқан. Олар өздерінің ғылымнан аулақ, шала түсініктерін оқулықтар мен сөздіктерге енгізіп, тіл кеңістігін мағынасыз және түсініксіз сықпыртқа толтырып қойды.
Ғылым жоқ дегеніміз – ғалым жоқ деген сөз. Ғалым жоқ дегеніміз қазақ тілін әмбебап қолданылатын, барша жұрт меңгере алатын, нормаланған тіл ретінде дамытудың жолдарын көрсетіп беретін маман жоқ деген сөз. Отандық «филологтар» арасында атағы мен дәрежесіне компетенттігі сай адам жоқ. Олар дамудың қазіргі өтпелі дәуірдегі ерекшеліктерін ескеріп, тілді де формациялық секіріске дайындау керектігін түсінбеді.
Коллаборант-филологтар лингвистикалық зерттеу үдерістерінде қолданылатын ұғымдық аппаратпен таныс емес. Олардың арасында лингвистикадағы орталық ұғым – әдеби тіл дегеннің мағынасын ажыратып бере алатын адам жоқ. Бұл олардың «ақша», «сауда», «дебет», «кредит»,.. деген ұғымдарды түсінбейтін «экономист» немесе планета мен жұлдызды ажырата алмайтын «астроном» деңгейіндегі «мамандар» екенін айғақтайды.
Псевдофилологтар ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ТІЛ мен ӘДЕБИ ТІЛДІҢ арасын ажырата алмады. ӘДЕБИ ТІЛ мен КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ ТІЛІНІҢ де бір ұғымды білдірмейтінін түсінуге зердесі жетпеді. Олар тіл стандарты, тілдің репрезентативтік қабілеті, денотативті-сигнификативтік анализ, мәдени лаг, тілден жеру (ор. языковой сдвиг),.. ұғымдарын естіп көрмегенін, айтуға тілдері келмейтінін көрсетті. Осы терминдер ұшырасатын зерттеу еңбектерінің мазмұнын түсіне алмайтындықтарын көрсетіп отыр.
Ғылым жоқ, ғалым жоқ деу қазақ тілі индустриялы қоғамда әмбебап қолдануға дайындалған жоқ дегенді білдіреді.
Салдар нағыздыққа сай:
Қазақ баласы ұлттық аурасы аңқып тұрған деп саналатын өз үйінен мүмкіндік деңгейде тіл біліп шықпайды.
Балабақша тіл үйрете алмайды.
Қазақтілді мектеп бағдарлама бойынша, оқулықтар мен әдістемелік құралдарды пайдаланып, шәкіртті бағамен ынталандырып, оқыту үдерісін регламентпен реттей отырып, 11 жыл ішінде баланы қазақша сөйлете алмайды.
Жоғары оқу орнын ана тілінде бітіріп, өндіріске келген жас адам бірден орыс тіліне ауысып кетеді.
Сөздіктер қателерге толып тұр. Терминдер мен ұғымдардың жазылуы мен айтылуындағы көпнұсқалылықтан үнемі дау туып жатады. Ондайда, тіл қолданушылар 15 томдық «ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ СӨЗДІГІНЕ» жүгіне алмайды. Өйткені, ол қолдануға жарамайды.
Оқулықтар түзелмеді. Мәселе 35 жыл бойы көтеріліп келе жатса да, байыбын таппады. Таба алмайды. Таяуда бір оқылықта 700 қате бар деген ақпарат тарады. Ол дәйекті ақпарат емес, ол оқулықта 7000 қате бар. Оны санамай ақ дәлелдеп беру қиын емес. Себеп қазақ тілінің стандартталмаған, әдеби нормаға түсірілмеген күйде қалуында. Авторлар тек тұрмыстық қойыртпақ стилінде жазады. Сондықтан қазақша мәтін түсініксіз болып шығады. Қазіргі қазақтілді филологияда оқулық стилін түзей алатын күш жоқ.
Шектеулі тұрмыс шеңберінде, ғылыммен қадағаланбай, бейпіл қолданыс салдарынан қазақ тілі ресми коммуникация құралы ретінде қызмет ету қабілетінен айырылған. Көркем әдебиеттегі, ғылыми, саяси-публицистикалық мәтіндердегі синтаксистік ауытқулар олардың мазмұнын түсінуге мүмкіндік бермейді. Қазақтілді контент оқылмайды, мазмұны заманауи азаматтың рухани сұранысын өтей алмайды, олардың өмірлік қызметінде пайдалы әрекетке бастамайды. Тұтастай қазақтілді орта қалыптаспады.
Мұның бәрі – филологтың, жазушының, журналистің қолы. Қазақ тілін ұлы апатқа апарып соқтырып отырғандар осы үш категорияға енетін адамдар. Бұлар – қазақ тілінде мәтін жазушы, қателерін түзеп, дұрысын көрсетуші, ережелерін жасап, орындалуын қадағалаушы міндеттерін атқара алмады. Тілдің иесі мәртебесіне сай бола алмады. Биліктегілер – тек тілді тұтынушылар, аталған категориядағылардан оқып шыққандар.
Тауардың сапасыздығына тұтынушы кінәлі болмайды, тек өндіруші кінәлі болады.
Толығырақ мына кітаптан қараңыз. Қанағат Жүкештің «Тіл, ой, мәдениет категориялары: Индустриялы қоғамда әрекеттесуі» атты кітабы.
Abai.kz