Сейсенбі, 29 Қыркүйек 2026
Бәрекелді! 310 0 пікір 29 Қыркүйек, 2026 сағат 14:47

Qonaev Media-ға бір жыл: өңірлік телеарнаның алғашқы жылдағы өсу жолы

(Сурет:Qonaev Media алынды)

25 қыркүйекте Qonaev Media эфирдегі алғашқы жұмыс жылын қорытындылады. 12 ай ішінде телеарна өзінің аудиториясын қалыптастырып, эфир уақытын кеңейтіп, Қазақстандағы ТОП-20 телеарнаның қатарына енді.

Цифрлар өздігінен-ақ көп нәрсені көрсетеді. Телеарнаның жиынтық қамту көрсеткіші - 2,2 млн бірегей көрермен. Орташа тәуліктік қамту үш есеге, рейтинг сегіз есеге өсті. Орташа көру уақыты 16 минуттан жарты сағатқа дейін ұлғайды. Яғни көрермендер телеарнаны жиі көріп қана қоймай, эфирде ұзағырақ қалатын болды.

«Бір жыл бұрын телеарнаны іс жүзінде нөлден бастадық - өз аудиториямыз әлі қалыптаспаған, ал команда енді ғана жасақталып жатқан еді. Бүгінде танымал эфиріміз және нақты бағдарламаларға қайта оралатын көрерменіміз бар. Бұл - бүкіл команданың еңбегінің нәтижесі. Біз үшін оның маңызы кез келген көрсеткіштен жоғары», - дейді Qonaev Media директоры Қымбат Хангелдина.

(Сурет:Qonaev Media алынды)

Қазіргі таңда Qonaev Media тәулігіне 16 сағаттан астам эфирге шығады. Телеарнаның өз өндірісіндегі 25 бағдарламасы бар. Олар жаңалықтар мен сараптамадан бастап ауыл шаруашылығы, мәдениет, әлеуметтік тақырыптар және лайфстайл бағыттарын қамтиды.

Олардың қатарында «Әкімге сұрақ», «Апта. Маңызды», Q-start, Q-life, AGROKARTA, ETHNIC SOUNDS, «Қазыналы өлке», «Елге қызмет», «Таза мекен» және «Сарапшы пікірі» бағдарламалары бар.

Эфирлік тор бірден екі бағытты ескере отырып құрылды: өңірлік ерекшелік және жалпыұлттық қамту. Qonaev Media Қазақстанның барлық аумағында көрсетіледі. Сондықтан Алматы облысына қатысты жаңалықтар мен бағдарламаларды өңірден тыс жерлердегі көрермендер де тамашалай алады.

Эфир - телеарнаның жалғыз платформасы емес. Материалдардың бір бөлігі сайт пен әлеуметтік желілерде қайта ұсынылады, ал кейбір контент бастапқыдан осы платформалардың форматына бейімделіп түсіріледі.

Тікелей эфирлер

Жеке бағыттардың бірі – тікелей эфирлер. Бір жыл ішінде олардың саны бесеуге жетті. Олардың қатарында ірі іс-шараларды ақпараттық қамту және республикалық референдум күні жаңалықтар қызметінің жұмысы бар.

Оның сыртында жүздеген жаңалықтар материалы мен сұхбаттар, қазақ және орыс тілдеріндегі шығарылымдар, арнайы эфирлер және жүздеген сағаттық авторлық контент дайындалды.

Алғашқы жыл эфирлік торды қалыптастыруға және өз көрерменін табуға арналды. Екінші жылда негізгі мақсат – тиімділігін дәлелдеген форматтарды одан әрі жетілдіру.

(Сурет:Qonaev Media алынды)

Qonaev Media-ның бір жылы: өңір туралы телевизия жасау деген не?

Өңірлік телеарнаның өзіндік ерекшелігі бар: көптеген тақырып редакциядан емес, оқиға орнынан басталады.

Белгілі бір мәселе, оқиға немесе адам туралы материал дайындау үшін журналист алдымен оқиға орнына баруы керек. Кейде бұл облыстың басқа ауданында орналасқан жерге баруды, кейіпкерлермен сөйлесуді, жағдайды зерттеуді және содан кейін ғана телевизиялық материал әзірлеуді талап етеді.

(Сурет:Qonaev Media алынды)

Осы уақыт аралығында редакция Алматы облысының әртүрлі аудандарында түсірілімдер жүргізіп, түрлі іс-шараларда жұмыс істеді, әр сала өкілдерінен сұхбат алып, қазақ және орыс тілдерінде жаңалықтар шығарды. Материалдардың бір бөлігі жеке бағдарламалардың негізіне айналды.

Мысалы, «Әкімге сұрақ» бағдарламасында редакция нақты жауапты қажет ететін тұрғындардың сауалдарымен жұмыс істейді. AGROKARTA ауыл шаруашылығы және осы салада еңбек ететін адамдар туралы баяндайды. «Таза мекен» экологиялық және тұрмыстық мәселелерге арналған.

«Қазыналы өлке» бағдарламасында өңірдің тарихы мен мәдени мұрасына назар аударылса, ETHNIC SOUNDS жобасы оның музыкалық мәдениетін таныстырады.

(Сурет:Qonaev Media алынды)

Әр форматтың өз міндеті бар. Сондықтан олардың әрқайсысын дайындау процесі де ерекшеленеді. Бір жерде пікірді жедел алу маңызды болса, басқа жағдайда кейіпкерді тауып, онымен мазмұнды әңгіме құру қажет. Ал тақырыптық бағдарламалар түсірілім мен материалды дайындауға көбірек уақытты талап етеді.

Сонымен қатар күнделікті эфирдің негізгі бөлігін жаңалықтар құрайды. Бірінші жыл ішінде редакция қазақ және орыс тілдерінде 500-ден астам жаңалықтар шығарылымын, сондай-ақ 420 телевизиялық сюжет пен сұхбат дайындады.

Кей жағдайда материалды дайындауға уақыт өте аз болады. Мысалы, тікелей эфир кезінде монтажды кейінге қалдыруға немесе түсірілімнен кейін кеткен қатені түзетуге мүмкіндік жоқ. Редактор, журналистер, режиссерлер, техникалық топ және басқа мамандар бір уақытта жұмыс істеп, кез келген өзгеріске жедел әрекет етуі керек.

(Сурет:Qonaev Media алынды)

Алайда редакцияның жұмысы материал эфирге шыққаннан кейін аяқталмайды. Сюжет сайтта жарияланады, әлеуметтік желілерге арналған қысқа видеоға айналуы немесе басқа платформада жалғасын табуы мүмкін.

Бұл журналистер үшін бір материалмен қайта жұмыс істеуді білдіреді: оның негізгі мазмұнын жоғалтпай, басқа форматқа бейімдеу қажет.

Сонымен бірге өңірлік ерекшелік телеарна контентінің негізі болып қала береді. Qonaev Media Алматы облысы туралы хабар таратқанымен, эфирі Қазақстанның барлық аумағын қамтиды.

Сондықтан бір эфирде шағын елді мекеннің тарихы, ауыл шаруашылығы туралы әңгіме, мемлекеттік орган өкіліне қойылған сұрақ, мәдени жоба және аудан тұрғынының қарапайым өмір тарихы қатар ұсынылуы мүмкін.

(Сурет:Qonaev Media алынды)

Бір жыл ішінде мұндай жұмыс редакция командасының күнделікті тәжірибесіне айналды.

Бұл жағдайда өңірлік телевидение - тек студия мен эфирлік тор ғана емес. Бұл – сапарлар, түсірілімдер, сұхбаттар, монтаж, тікелей эфирлер және редакциядан тыс жерде болып жатқан маңызды тақырыптарды үнемі іздеу.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1587
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3200
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1185
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1098