Дүйсенбі, 12 Қазан 2026
Жаңалықтар 210 0 пікір 12 Қазан, 2026 сағат 16:41

Бельгия – Қазақстанның жетекші сауда серіктесі!

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Қазақстан Президенті Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен шағын құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында Президент Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашатын тарихи уақиға екенін атап өтті.

– Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Сіз Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш мәрте келген едіңіз. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызды әрдайым сезінеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияны Қазақстанның Еуропадағы уақыт сынынан өткен сенімді серіктесі деп санайтынын жеткізді.

– Келесі жылы елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Осы жылдарда шынайы достық пен өзара құрметке негізделген тығыз қарым-қатынасты жолға қойдық. Үздіксіз саяси диалог ынтымақтастығымыздың берік тұғыры іспеттес. Біз жетістіктеріңізді ұдайы қарап отырамыз. Бұл шын мәнінде таңғалдырады. Сіздерден үлгі алып, тәжірибелеріңізді үйренуіміз қажет. Бельгияға бес жыл бұрын жасаған сапар барысындағы мазмұнды келіссөздерді ықыласпен еске аламын. Биыл маусым айында Бельгияға барған сапарымда Премьер-министр Барт де Вевермен келіссөз жүргізіп, серіктестікті нығайтуға қос тарап та бейіл екенін растадық, – деді Мемлекет басшысы.

Король Филипп пен Патшайым Матильда қонақжайлығы және сый-құрметі үшін Қазақстан Президентіне шынайы ризашылығын білдірді Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарына және халықаралық аренадағы биік абырой-беделіне арнайы тоқталды.

– Қазақстан – біз үшін қарқынды дамып келе жатқан өте маңызды ел. Жалпы, Бельгия тұтас Орталық Азия өңіріне айрықша қызығушылықпен қарайды. Бұл өңірдің мәні зор. Менімен бірге үлкен делегация келді. Әлбетте, біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. Елдеріміз 35 жыл ішінде жақсы қарым-қатынас орнатты. Біз осы тарихи межені бірге атап өтуге ниеттіміз. Сонымен қатар ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеретінімізге сенімдімін. Менімен бірге келген делегация құрамына келешекке бағдарланған түрлі саланың өкілдері кірді. Президент мырза, бізбен бірге жүру үшін жұмыс кестеңізді өзгерткеніңізді білемін. Осы ықыласыңызға тәнтіміз. Сондықтан алтын уақытыңызды бөліп, құрмет көрсеткеніңізді жоғары бағалаймыз, – деді Бельгиялықтар Королі Филипп.

Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Ақордада өткен келіссөз барысында Президент Қазақстан мен Орталық Азияға тарихта тұңғыш рет мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Короліне және Патшайымына ілтипат білдірді.

– Осы тарихи сәтте Сіздермен жүздесіп, мемлекеттеріміз арасындағы берік достықты атап өту – мен үшін зор мәртебе. Аса мәртебелі Король Филипп, халқыңызға қалтқысыз қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Cіз Корольдік билігіне келгелі еліңіз өркендеп, әлемдік аренадағы лайықты орнын бекіте түсті. Халқыңызға адалдығыңыз және Бельгияны мекендейтін түрлі қауымдар арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы табанды еңбегіңіз Тәждің ел бірлігін сақтаудағы рөлін айқындай түседі. Біз де «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидатқа айрықша мән береміз. Әрбір азаматтың келешегімізге атсалысқанын қалаймыз. Көп жылдан бері кәсіпкерлікті, білім мен инновацияны дамытуға ерекше күш салып келесіз. Бұл – шын мәнінде үлгі тұтарлық ізгі істер. Король әулетінің Бельгия бизнесіне ұдайы қолдау көрсетуі шексіз құрметке лайық. Аса мәртебелі Патшайым Матильда, Сіз бұл сапардың мән-мазмұнын арттырып, шырайын келтірдіңіз. Сіздің балаларды қорғау, білім беру, адамның қадір-қасиетін құрметтеу мәселелеріне келгенде, ерекше жанашырлығыңыз бен қамқорлығыңызға тәнтіміз. Бұл игі мұраттар азаматтарымызды шын мәнінде сүйсінтеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Бельгияны Еуропадағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесі ретінде қарастыратынын атап өтті.

– Келесі жылы мемлекеттеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Сапарыңыз осы айтулы меженің дайындығына тың серпін береді және ынтымақтастығымызды нақты нәтижелермен толықтыра түседі. Бельгия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарына кіреді. Сонымен қатар еліңіз Қазақстан экономикасына қаржы құйған ең ірі он инвестордың бірі саналады. Мұны Қазақстан экономикасының келешегіне деген сенімнің айқын көрінісі деп бағалаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Бельгия арасында көлік-логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын қуат көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салалары бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.

– Сізбен бірге келген мемлекеттік органдардың, өңірлік билік пен іскер топтардың өкілдеріне, танымал ғалымдар мен журналистерге ілтипат білдіремін. Ертең Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын өткіземіз. Бұл бастаманың мүмкіндіктерімізді іске асырып, орнықты нәтижеге қол жеткізетін тиімді алаңға айналғаны қуантады. Сондай-ақ Бельгиямен Еуропалық одақ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды жоғары бағалаймыз. Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде сенім, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарын арқау еткен іскерлік байланыстардың маңызы арта түседі. Қарым-қатынасымыздың зор әлеуетіне сенемін. Сапар аясындағы уағдаластықтарды толық іске асыруға барынша күш саламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бельгиялықтар Королі Филипп қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, бұған дейін Тақ мұрагері ретінде Қазақстанға жасаған сапарларын еске алды.

– Сіздің басшылығыңызбен еліңіз дамудың даңғыл жолына түскеніне ерекше әсерлендік. Сапар кезінде танысу жоспарланған жасанды интеллект, энергетика, атом энергиясы салалары екі ел үшін өте маңызды. Ғалымдардың дөңгелек үстелдегі пікірталасына куә боламыз. Бізбен бірге университеттердің ректорларынан, компания өкілдерінен тұратын үлкен делегация келді, – деді Король Филипп.

Сондай-ақ келіссөз барысында екі елдің ресми делегация мүшелері сөз сөйледі. Тараптар кездесу соңында көптеген бастама көтерілгеніне көңіл толатынын атап өтіп, іс жүзіндегі ынтымақтастықты одан әрі өрбітуге дайын екенін растады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 959
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1293