Қазақ прозасының алтын көмбесі
Редакциядан: Кеше, яғни, қазан айының 15-і күні Талдықорған қаласында қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Сайын Мұратбековтің 90 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара өтіп, қаламгердің шығырмашылығына арналған ғылыми конференция ұйымдастырылды. Аталған конференцияда сөз сөйлеген жетісулық жазушы Әміре Әріннің баяндамасын Abai.kz порталының оқырмандарына ұсынып отырмыз...
Қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбековтің 90 жылдық елдік торқалы тойы, Алаштың тойы туған жерінде дүркіреп өтті.
Эрнест Хемунгуэйдің: «Жазушы үшін ең жақсы алғашқы дайындық мектебі – бақытсыз балалық шақ» деп айтқаны бар. Балалық балдырған шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген Сайын Мұратбековтің әкесі майданға аттанады, содан жыл өтер-өтпестен анасы қайтыс болады да, атасы Мұратбектің қолында тәрбиеленеді. Бұған автордың: «Өзім жетім болған соң ба, кім білсін, Аянның ертегілері көбіне жетім бала туралы болушы еді. Жетім баланың тағдырына байланысты үрейлі ертегіні бастаған кезде, ауылдың шетіндегі сай-саланы, жыра-құзды тегіс жалмауыз кемпірлер, жезтырнақтар, жалғыз көзді дәулер, дию-перілер жайлап кеткендей болушы еді» деп баяндауы да дәйек. Пәлендей қатты жетімдік кешпегенімен айналасындағы құрбы-құрдастары мен жалпы халықтың ауыртпалықты күйін, ащы тіршілігін көруіндей көріп өседі. Соғыс дүрбелеңінің басқа салған небір зұлматты қиыншылықтарын қабырғалары қайыса көтерген көпшіліктің тәлейлі тіршілігі балаң көңіліне жатталып, жадының өшпес бөлшегіне айналып қана қоймайды, кейінгі қаламгерлік өрісінің алтын өзегін құрайды.
Жазушы қандай болса – жазғаны сондай. Жалпы, өмірде де байыпты сөйлеп, салиқалы ой түйер, адал жүріп, турасын айтар тұлғалы қаламгердің бар болмыс-бітімі шығармаларында жарқырап тұр. Суреткерлік өзіне ғана тән лирикалық айшықты жазу мәнері, соны соқпақ, әуезді үні – қазақ әдебиетінің көптен күткен олжасына айналды!
Адамның алапат сезімдерінің небір астарлы жұмбақтарының айдынында еркін жүзіп, әңгіме секілді қысқа да нұсқа жанрға салмақты идея, салқар сабақтау, адамзаттық көкейкесті мәселелерді көтеру, шығармада автордың өз бейнесінің көрініс беруі арқылы тақырыптың иінін қандыра түсу әдіс-амалдары – қызықты да құрылымды, мәнді де әрлі жаза білудің тың үлгісі еді!
Қай туындысында болмасын алынған тақырыптың ашылуы, қазақы қалпы, құнарлы тілі, өрбуі мен табиғи тартымдылығы жүрегіңізді бірден баурап алады. Жасандылықтан аулақ, қарабайырлық, ұбақ-шұбақ суреттеу, ақылсу дегеніңіз атымен жоқ. Соғыс кезеңіндегі тылдағы елдің жағдайы, күрмеуі келе қоймас, шатқаяқтаған шаруаның шиеленісті көріністері шырайлы шығармалардың өн бойында күре тамырдай солқылдап, олсызда кесек сомдалған кейіпкерлердің кескінін одан әрі әуелетіп жібереді.
«Жабайы алма» хикаятын оқымаған жан жоқ шығар. Иір-шиір таусылмас тіршілік қамы. Еңбекке ойын балалары да тартылған. Масақ тереді. Әрбір дән жауға атылған оқ! Әр оқушы күніне 2 ат дорба масақ жинауға тиіс. Солардың бел ортасында әрине, автордың өзі де жүрді. Жазушылық жұлдызын жарқыратқан өмір мектебінен дәл осылай өтті де!
Повестің тартымдылығы сондай, оны оқып отырып, құдды бір өзің жазғандай, болмаса өзің елден бұрын әңгімелеп отырғандай, туындымен туысып, тұтасып кетесіз. Тебіндете, тегеурінді суреттелер әрбір оқиғаның түп төркініне бойлап, бар шындықты парықтайсыз. Бұғаналары бекіп, бой тартып үлгерместен тағдыр тауқыметі соққысынан көрместі көрген сол панасыз да шарасыз кейіпкерлердің бірде үміт үкілеген, бірде амалсыз көндіккен қам-қаракеттерінің ұлт жадынан ешқашан өшпейтіндігіне қайталай көз жеткізесіз! Балғын ұрпақ бойындағы тау қопарар қайсар күш пен асқақ рухтың алдында басыңызды иесіз!
Жарым жақсылық, жылт еткен жарық атаулыға зәрулік-ай десеңізші? МТС-те оқуда жүрген Нәзира әкелген иісі мұрын жарар шәйді үй ішіндегілермен бірге маңдайы жіпси ішкен жауынгер Көбеген мен Нүсіп шалдың дәл сол сәтте арманы жоқ еді-ау! Аспанның шексіздігіне шек келтірмес Қанаттың ой-қиялымен қосыла самғарыңыз хақ! Петька мен Отто сынды достарының адалдығына сүйсініп, маңдайларынан өбкіңіз келеді. Жұртшылық мүддесі жолында сотталған Нұрсұлудың суық үйдегі екі немересімен қалған анасының қос тауығын бірдей ұрлап кеткен сотқар бала Әжібекке жатып кеп кіжінесіз, жағасынан ала түскіңіз бар. Сөз байласқан жігіті Тоқтардан қара қағаз келгендегі Нәзираның жоқтауына жүрегіңіз жылай бірге қосыласыз.
Адамның адамдығы тар жол, тайғақ кешулерде сыналып, кімнің кім екендігі айғақталар десек, Сайын ағамыз кейіпкерлерін қаз-қалпында, боямасыз суреттейді. Жағымды, я жағымсыз образ деп бас қатырып жатпайды. Мәселен, Зибаш есімді әйелді алайық. Нәзирамен қарым-қатынасы бар. Кейін Нәзира оқуға кеткенде хабарласып та тұрған. Сөйте тұра, бригадир болған соң өзгеріп сала береді. Қанат пен Нәзира екеуінің жазда шабындықта дайындаған шөбін колхоздікі деп тапқан шолақ белсенділердің сөзін амалсыздан мақұлдайды.
Қаламгер бір сұхбатында: «Меніңше, өзің өмір сүріп отырған орта, өзің күнделікті аралас-құралас жүрген замандастарың туралы ғана дәл жазуға болады. Мен өз басым жақсы білетінімді, бастан кешкенімді жазамын» деп ағынан жарылған болатын. Шындығы да осы! Барлық туындыларында осы бір ордалы ойының сілемдері атойлап алдыңыздан шығады. Бұған мысал ретінде қара сөзбен жырланған «Жусан иісін» алар едік. «Алыста қалған балалық шағым… Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай далбақтай жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам» деп бастау алар толағай туындыны бас көтермей оқып шығасыз. Аянмен бірге сағыныштан сарғайып, қиналасыз, қиялға батасыз, жүрегіңіз сыздайды.
Міне, осындай жан сарайлары кіршіксіз, қам көңіл балалардың риясыз, ақ дидар сезімдері санаңызды кернеп, аты өшкір соғысқа деген өшпенділігіңізді көмейіңізге кептейді. Қалай болғанда да, мұндай теперішті тірлікті жеңіп, өмірге деген құштарлықтарын жоғалтпаған балалардың үкілі үміт, ақ ниеттері майдан даласынан қара қағаз алған жесірлерді де, еңсесі түскен ауыл тұрғындарын да алдағы жеңісті күндерге желпінткенін аңғарасыз.
Кейіпкерлерінің өмірлік ұстанымы мен ұлттық дәстүрдің қиюласуы,таза махаббатың алмас қамал, шықпас шыңы жоқтығы тектес ұғым-түсініктерді жазушы «Отау үй» атты әңгімесінде мейлінше шебер де жып-жылы бәдіздеген. Ғашықтық оты жүрегін тербеткен Тана өзінің теңі Ұзақпен бас бұрнап, ата-енесінің үйінде тұрып жатады. Әдеттегі ауыл келіндеріндей, ерте тұрып, кеш дамылдайды. Аяғы ауырлағанда да сол құстай ұшып жүргені. Енесінің бір ауыз сөзін жерге тастамайды. Ал Ұзақ болса, келіншегін аяйды, әйткенмен аялап өсірген апасына не деп уәж айтпақ? Реніш білдіріп жатқан Тана да жоқ. Ұзақтың бар тапқан амалы – бөлек шығу. Бір күні басқа бір ескі тамға көшем деп көлік алып келеді. Келіншегіне тыным таптырмайтын анасына жалтақ-жалтақ қарап, азын-аулақ жүгін көлік қорабына тиеп жатыр. «Әкеме не деймін?» деп басы қатады. Сөйткенше, әкесі де үйге келеді. Ақылман отағасы болған іске сыр бермейді. Керісінше: «баратын үйлеріңнің пеші қандай екен?» деп Ұзақтан елпектеп сұрап жатыр.
Содан жас жұбайлар төбесінен су тамшылап, бұрыш-бұрышынан тышқан жортып жүрсе де, өз үйім, кең сарайдай боз үйім деп, кеш жатады. Ұзақ мәз. Ал Тана болса, Ұзақтың мәз болғанына мәз! «Ұзақ, кейін балаларымыз болғанда олар да бізді өстіп тастап кетер ме екен?» дейді Тана. Тананың мұнтаздай мөлдір болмысы осы бір сазды сөйлемге малынып тұр.
Таңға жуық қана көзі ілініп, түске таман бір-ақ оянған Ұзақ ауыз бөлмедегі дабырға құлақ түреді. Тана мен апасы сөйлесіп отыр. «Мына киізді төріңе төсеші, жалаңаш жатпасын» дейді апасы. Онан сырттан, даладан әкесінің даусы да естілді: «Әй, Жаппас, бұл тіреуді ана төр үйге қоялық», – дейді, сөйдейді де ішке қарай дауыстайды: «Әлгі Ұзақ қайда? О несі, тал түске дейін жатып!..».
Бұл арада бір жағынан жас жұбайлардың арасындағы шынайы махаббаттың бір-бірін барынша қадірлеу, аяушылық деңгейіне көтерілгендігіне ден қойылса, екінші қырынан ата-ананың қандай жағдайда да бауыр еті балалары үшін қолдан келгендерін аямастығы психологиялық сәулелі қатынас, әдепті инабат арқылы паш етіледі. Төрт кейіпкердің төртеуінің де ниеттері ақ, жақсылыққа ұмтылған жарқын тұлғалар. Жүрек жылуында шек жоқ. Адами биіктік пен саф парасат, сенім қуаты әдемі көрініс табады. Отбасы құндылығының моральдық келбеті, жан сұлулығы әрекет үстінде дәріптеледі. Тіршілік тінінен адамзаттық қадірлі ой түйе білген қаламгер қарымына қайран қаласыз!
Кезінде жазушы Әкім Тарази: «Сайынның қай шығармасын оқыма, сен қағазға үңіліп отырғаныңды ұмытып кетесің, сен ән тыңдап отырғандай, күңіренген күй тыңдап отырғандай балқып, елтіп жүре бересің. Автор әңгімелерінің сиқырлы сыры сонда. Тегінде, Сайын әңгімелерін жазбайды, әндетіп, күңірентіп айтып шығады десе болғандай» деп ғажап бір баға берген екен. Иә, Сайын Мұратбекұлының бар феномені – мынау ақ әлем, айнала адамдарды шексіз сүйіп, ең қымбатына бағалай білуінде дер едік! Образдың ішкі нәзік нақышы толқынында мінез-құлықты ашып, іс-қимыл барысында баптаудың, тыңнан түрен салудың, жақсылық пен жарқындықты, жалпы адами қастерлі қасиеттерді алқалаудың көк зеңгіріне көтерілді. Үлкенді-кішілі бейнелердің ерен келбеті мен кереметтігі де, жан дүниесінің байтақ та бәденді, қарапайым да қайырымды, кешірімді де кішіпейіл, көпшіл де дархан болып кескінделуінің де бар көркемдік құпиясы осында! Жаратқанның жазушыға дарытқан жайнақ жаратылысында! Даналығы мен даралығы, бекзат болмыс, қанатты талант, асқан талғампаздығында!
Қаламгердің кез келген шығармасының жетегіне бойыңыз бір ысып, бір мұздаған қалпыңызда, еркіңізден тыс ілесіп кете бересіз. Кейіпкерлердің ішкі қайшылықтары қаншалықты ширығып тұрса да, адалдық айдынына шомылып, ақзер сезім нұрымен қуаттанасыз. Сөз саптау мәнерінен бастап, ой-санасында пісіп, жетілген бейнелердің кейпін қиыннан қиыстыра кейіптеу, олардың әрқайсының табиғатына тән тілдік ерекшелікті дөп басу, негізгі образдардың психологиялық лиризм шуағы арқылы көркем сомдалуы – суреткерлік кемелдігі, қазақ прозасының алтын көмбесі деп бағалаймыз.
Әңгіме аты «Біреу», басты кейіпкері де есімі белгісіз біреу. Туған ағасының арқасында қызметке ілініп, қатарға іліккен біреудің қайткенде докторлық қорғап, бөлім меңгерушісі атануы керек. Мансапшыл әйелінің де ұйғарымы бұл. Ағасы дүниеден өтіп кеткен, ендігі мақсаты – бастығын үйге қонаққа шақырып, кекіліктің етіне бір тойдырып, тілін таппақ. Сол шаруамен ауылдағы немере қарындасының үйіне келеді. Мылтығын алып, құс аулауға шыққан ол абайсызда өзін өзі жарақаттап алады, ауылға жете алмай, далада қасқырлар ортасында қалады. «Әлибек Дастановичтің таңдайын бір қақтыра кекілікке тойдырсам-ау!» деген арманы желге ұшып кете барған. Енді жан қайғы. «Егер осыдан тірі қалсам... көше сыпырушы болар едім, шіркін. Қандай рахат жұмыс десеңші! Ешкімге жалпақтамайсың да, жалтақтамайсың да...» деп тәубасына келген кейіпкер өкінішіне сіз де қосыласыз. Иә, өз тәртесіне, шамасына қарамай, қол жетпестің қомында моральдық та материалдық соққы алып адасқандардан қазіргі қоғам да арылып кетті деп айта алмасақ керек.
«Күсен-Күсеке» деген әңгімесінде бір жеңіл көлікке пара-пар жылдық табыс, айлығының бәрін дерлік шүлендікпен ауылдағы ағайын-жекжатқа таратып келген шопан Күсен әйелінің ренішінен соң: «Келесі де Айшаның өзі барсыншы ауылға...» – деп түйеді. Сөйтеді де тәтті ұйқы құшағына беріледі. Бұл кең пейіл, жомарт жанның тағы бір бақытты күні еді. Дәл Күсендей өзгені де, өзін де бақытқа аяқ асты бөлеп жүргендер дәл қазір де ортамыздан табылады деп ойлаймын!
Жазушының жоғарыда атап өткемізден тыс, жұлдыздар шоғырындай іріктелген «Менің қарындасым», «Басында Үшқараның», «Ары-бері жол», «Жеңеше», «Қылау», «Бекеннің құбылысы», «Алғашқы қар», «Махаббат» атты тұрқы ерек туындылары шетелдік әдебиетшілер тарапынан да биік бағаланып, әлемдік проза мәйегіне баланды. Хас талант – Ұлт байлығы дегеніміз осы енді!
Сайын Мұратбеков ағамыз даңқы шығандап тұрған шағында: «Адамның адамгершілік қасиетін жырлап өтсем деймін!» деп ғұмырлық асыл мұратын жария еткен еді! Бұл – бүгінгі қазақ қоғамының да, айдынды әдебиетіміздің де аңсарлы арманы! Ендеше, Алаштың ардақ перзентінің алғаусыз аманатына адал болайық, ағайын!

Сурет: abai.kz сайтынна алынды.
Әміре Әрін,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы
Abai.kz