Мыс индустриясы: Қазақстан кенінің келешегі қандай?
Елімізде жаңа мыс балқыту зауыты ашылып, енді әлемнің мыс картасында келесі сатыға өттік. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның маңызына тоқталып, еліміздің өңдеу өнеркәсібіне қатысты бірқатар маңызды деректерді жариялады.
Қазір Қазақстанда 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Жылына шамамен 160 миллион тонна кен өндіріледі. Оның ішінде 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады. Бұл орасан зор шикізаттық база. Бірақ шикізат қорының мол болуы автоматты түрде жоғары экономикалық табыс әкелмейді. Негізгі табыс сол шикізатты өңдеу, тазарту және одан дайын өнеркәсіптік өнім өндіру арқылы қалыптасады.
Президент осы мәселеге ерекше назар аударды.
«Жалпы, еліміздегі өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны жақсы деп айтуға болады. Былтыр өңдеу саласындағы жалпы өнім көлемі 60 миллиард долларға жетті. Соңғы үш жылда еліміздің барлық аймағында 540 индустриялық жоба іске қосылды. Соның арқасында 50 мың тұрақты жұмыс орны пайда болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Меніңше, бұл жерде ең маңызды көрсеткіш өңдеу өнеркәсібінің 60 миллиард долларлық көлемі ғана емес. Соңғы үш жылда іске қосылған 540 жобаның экономикалық қайтарымы, технологиялық деңгейі және олардың айналасында қалыптасатын өндірістік тізбектер әлдеқайда маңызды.
Енді жаңа мыс зауытына келейік. Кәсіпорын жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге тиіс. Бұл Қазақстанның ішкі сұранысын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетін де кеңейтуі мүмкін.
Президенттің айтуынша жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіре алады.
Мыс концентраты әлі түпкілікті дайын металл емес. Оны балқытып, тазарту арқылы катодты мыс аламыз. Ал катодты мыс электр кабельдерін, трансформаторларды, электр қозғалтқыштарын және басқа да өнеркәсіптік өнімдерді өндіруге қажет. Яғни мыс концентратын экспорттау мен сол мыстан электр жабдығын шығару арасында бірнеше технологиялық саты және қосымша табыс жатыр. Қазақстан үшін стратегиялық мүмкіндік те осында.
Әлемде электр энергетикасы, дата-орталықтар, электр көліктері және электр желілерін жаңғырту бағыттары мысқа деген сұранысты қалыптастырып отыр. Демек, біз үшін мысты жай ғана қазып, сыртқа сатудан гөрі оны ел ішінде барынша терең өңдеудің экономикалық мәні артып келеді.
Жаңа зауытта алтын мен күкірт қышқылын өндіру де жоспарланған. Бұл шикізаттың құрамындағы пайдалы компоненттерді кешенді игеруге мүмкіндік береді. Бірақ бір нәрсені түсінген жөн. Катодты мыс өндіру деген терең өңдеудің соңғы нүктесі емес, келесі өнеркәсіптік кезеңнің негізі.
Бізге ендігі жерде мыс сымы, кабель, электр техникасы, электр жабдықтары және машина жасау өндірістерін дамыту қажет. Сонда ғана шикізаттан түсетін табыстың көбірек бөлігі Қазақстан экономикасында қалады. Бай мемлекет дегеніміз жер астында байлығы көп ел емес. Сол байлықтан ең көп экономикалық құн жасай алатын ел ғана өзін баймын деп айта алады.
Айбар Олжаев
Abai.kz