Жұма, 23 Қазан 2026
Әдебиет 329 0 пікір 22 Қазан, 2026 сағат 18:50

Жазушыға продюсер керек пе?..

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Жазушы болмақ адамға «Гений» («Данышпан») фильмін көру — парыз. Вулф пен Перкинс арасындағы қолжазбаны қырқу, автор мен редактордың тартысы, бес мың беттік мәтін, «Кітапты жақсартамыз ба, әлде басқа кітап жасап жібереміз бе?» деген күмән, ең соңында Вулфтың өзегін өртеген өкінішке толы хаты шығармашылыққа қатысы бар кез келген адамды толғандырмай қоймайды.

Киноны басынан соңына дейін қарап, әсіресе Томас Вулф пен Макс Перкинстің қолжазбамен жұмыс істейтін тұстарын, олардың достығының қалай туып, қалай дағдарысқа ұшырайтынын бақылау ұлы кітап жазу жолындағы машақатты анық көрсетеді. Бір қызығы, фильмнің өзегі «данышпан жазушы туралы» емес. Меніңше, басты түйін: «Ұлы шығарма жалғыз адамның ішінде туа ма, әлде оны сырттан көре алатын екінші адамның көзі де керек пе?» деген сауалға берілген жауапта жатыр.

«Гений» Нобель сыйлығын алуды армандаған қазақ қаламгеріне қандай тәмсіл береді?

Алғаш кездескенде Вулф — асау тасқын. Оның ішінде сөз де, оқиға да, өмір де шамадан тыс көп. Бұрқыратып әп-сәтте бума-бума қағазға тоқтамай жаза береді. Көкпен тікелей байланысы бар секілді. Қаламынан қағазға түскен әр сөзді алтындай қорғаштайды. Бәрін кітапқа кіргізгісі келеді. Американың «әр қаласын, әр ауылын, әр тасын, әр жапырағын, әр баласын, әр өзенін» қамтуды мақсат етеді.

Ал редактор, қазіргіше айтқанда продюсер, бір беттен бір-ақ сөйлем қалдырады. Бір беттік дүниені жазушыдан бір сөйлемге дейін ықшамдауды талап етеді.

Екінші кітабы келгенде қолжазбасы бес мың бетке жетеді. Оқиға өзегіне қатысты бір сөйлем жазуды сұрағанда, ол елу бет жаңа мәтін алып келеді. Перкинс оған романист болу үшін материалды «іріктеп, пішін беру керектігін, сюжетті созбау» қажеттігін түсіндіреді.

Фильмдегі продюсерлік-редакторлық өнерден өнеге алар ең керемет сабақ махаббат көрінісінде оттай лаулап жалғасады. Вулф бір қыздың көзін суреттеу үшін теңізді де, түтінді де, матаны да, түсті де, зоологияны да ақ өлеңмен ұйқастырып жазып тастайды. Ғаламат лирика! Бірақ продюсер Перкинс одан қарапайым оқырман түсініп қабылдайтын нәрсені сұрайды: «Адам алғаш ғашық болғанда шынымен осының бәрін ойлай ма?»

Бірінші кітабымен Америка жұртшылығының мақтауына мастанған Вулф көнбей арпалысады. Ақырында редактор-продюсердің дегеніне көніп, бір бөлімнен екі-ақ сөйлем қалдыруға келіседі. Продюсерді мойындайды. Сөйтіп, қалың суреттеулердің арасынан оқиғаның өзегін қалдырады: әйелді көрді, көзі көк еді, ол бір сәтте ғашық болды, ал бөлмедегілер оның ішінде не болғанын байқамады... Осымен тоқтайды.

Бәлкім, оқылмайтын, бір мың тиражы сатылмай қалатын біздің қазақ жазушыларының романына жетпей жүрген мәселе осы емес пе екен?

Фильмде бұдан да терең мазмұн бар. Продюсер Перкинс қолжазбаны қысқарта береді, бірақ кейін өзі де қорқа бастайды: «Мен оның кітабын жақсарттым ба, әлде жай ғана басқа кітап жасап шығардым ба?» деген күдік мазалайды. Кейін ол тіпті «Вулфтың бастапқы нұсқасы сол күйінде қалуы тиіс пе еді?» деп өзіне сұрақ қояды...

Нолливуд фильмдерін үлкен экранға шығарар алдында да дәл осылай болады. Режиссер фильмді дайындап, продюсерге тапсырады. Продюсер режиссерге курортқа жолдама беріп, «демал» дейді. Сосын өзі фильмді қысқартуға кіріседі. Нақты деректерге сүйенсек, продюсер режиссердің фильмін жартысына дейін қысқартып тастайды. Соны білетін режиссер курортта жатып депрессияға түспес үшін күні-түні ішеді, қыдырады, өмірдің мәнін ұғынудан қашады...

Продюсер жазушыға мынадай талаптар қояды: — Бұл оқиға бұрынғы тарауда болған нәрсені қайталамай ма? — Басты кейіпкер шынымен осылай сөйлей ме? — Мына үш беттік ойды бір-ақ әрекетпен көрсетуге болмай ма? — Мына детальды қазір айтпай, екі жүз беттен кейін қайтарсақ күштірек болмай ма?

Осылай кете береді...

Фильмдегі продюсер мен жазушы арасындағы кезекті келіспеушілікте айтылған мына бір ауыз сөз маған қатты ұнады: Перкинс өзінің жұмысын автордың орнына жазу емес, «кітапты оқырманға ең жақсы қалпында жеткізу» деп түсінеді.

«Генийдің» бізге бұдан да үлкен ескертуі бар.

Вулф пен Перкинс екі жыл бойы кітаппен өмір сүреді. Түнде жұмыс істейді. Отбасы кейінге қалады. Перкинстің әйелі оған өте ауыр сөз айтады: «Мұндай жазушы өмірде бір-ақ рет кездесетін шығар, бірақ қыздарыңның балалық шағы да бір-ақ рет болады» деп жазғырады.

Қаламгер ұлы кітап жазу үшін бүкіл өмірін құрбан етіп өткізіп алуы әбден мүмкін.

Вулф — талантты, бірақ эгоист; сүйкімді, бірақ төзгісіз; жомарт, бірақ қатыгездік жасап кетеді. Досын ерекше құрметтейді, артынан соған қарсы шығады. Даңқ келген кезде Перкинс оны «жасады» деген сөз намысына тиіп: «Мені балшықтан илеп шығарғандай көрсетеді, мен — тума талант, Құдай қалаған жазушымын!» — деп ашуланады.

Бұл фильмнің соңы — нағыз мелодрама.

Екеуінің арасы бұзылады. Вулф кетеді, басқа баспаға ауысады. Ашу, намыс, өкпе араласады. Бірақ ажал жақындағанда оның сыртқы келбеті алдамшы дүниеден арылады. Өлім алдында, өмірден қоштасар сәтте продюсер Перкинске жазған соңғы хатында айтылған сөздердің астында бір-ақ сезім қалады: өкініш пен алғыс. Даңқ дақпырымен басы айналып, айтқан ауыр сөздеріне өкінеді. Перкинстің жасаған еңбегіне рақмет айтады, тірі қалса, жақсырақ адам болып, түзу жолға түсетінін жазады.

Қалай ойлайсыздар, қазіргі уақытта жазушы мен продюсер бірлесе қызмет етуі керек пе? Олар әр тарауды Вулф пен Перкинс сияқты сөйлеміне дейін отырып қашаса, бәлкім, Нобель жақты төңіректеп қайтатын қазақ романы жазылатын шығар?

Бұл — өмірде болған оқиға.

Продюсер Перкинс әлем таныған үш классик жазушыны осылайша даярлап шығарған. Біреуі — Эрнест Хемингуэй болатын...

Оқып қана қоймай, көзқарас-пікіріңізді жазып кетіңіздер. Кеңінен ойласайық! Қазақ жазушысы Нобель алсын десек... Меніңше, біздің қоғамда Нобель жазушыға емес, публицистке бұйыратын сияқты.

Махат Садық

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1155
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1607