Жұма, 23 Қазан 2026
Ақмылтық 560 0 пікір 23 Қазан, 2026 сағат 13:32

Ринат Зайыт: Сарбазға мүсіркеп қарауды тоқтату керек!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Айтыскер ақын, мәжілістің экс-депутаты Ринат Зайыт Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы қызметіне келді. Бұл туралы ол «Adal ADAM» YouTube арнасына берген сұхбатында өзі хабарлады.

Ринат Зайыттың айтуынша, ол жаңа лауазымға Қорғаныс министрінің шақыртуымен қазан айының басында кіріскен.

«Осы қазан айының басында жаңа Қорғаныс министрінің шақыртуымен Қорғаныс министрлігіне қарасты Ұлттық әскери-патриоттық орталыққа келдім. Бұл орталыққа әскери ансамбль, оркестр, патриоттық және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстары кіреді. Жалпы, әскердегі және әскерге дейінгі жастардың патриоттық санасын, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырумен айналысады», – деді ол.

Ақын бұл қызметке келуіне Маңғыстауда орын алған қайғылы жағдайдан кейін қорғаныс саласында басталған ауқымды реформалар түрткі болғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саланы түбегейлі қайта қарау жөніндегі тапсырмасы оның оң шешім қабылдауына ықпал еткен.

«Мен өзім жаңа өзгерістерге қатысқанды жақсы көретін адаммын. Сондықтан бұл қызметке қуана-қуана келдім. Сол реформаның кішкентай болса да бір бөлшегіне атсалыссам деген арманмен келдім», – деп қоса кетті Ринат Зайыт.

АНТЫМДЫ БҰЗСАМ ҚАРА ТАС БАССЫН!

Жаңа қызметке кірісуін «билікке сатылу» деп бағалағандарға жауап берген ол алдағы бір жыл ішінде көзбен көретіндей өзгеріс жасай алмаса, мемлекеттік қызметтен түпкілікті кететінін мәлімдеді.

«Уәдем – уәде. Бір жылда, осыдан 12-14 айда нәтиже шығара алмасам, антымды бұзсам қара тас бассын! Нақты есебімді берейін. Егер іске асыра алмасам, бетіме айтыңыздар. Онда мен кешірім сұраймын да, бұдан былай мұндай қызметке өзім де жоламаймын. Мені де жолатпаңыздар деп айтуға ерік-жігерім жетеді», – деді Ринат Зайыт Adal Adam-ға берген сұхбатында.

Оның пікірінше, бұл саладағы қазіргі жағдай кеңестік ескі қалыптан арыла алмай, тоқырауға ұшыраған. Қоғамдағы сарбаз бейнесінің әлсіреуіне тоқталған Орталық басшысы әскери ортадағы сананы өзгерту басты міндет екенін баса айтты.

«Көшеде жауынгер көрсек, оған мүсіркеп қараймыз. «Жаулап алды махаббат» деп ән айтып келе жатады. Ондай әскерден жау қорқа ма? Әскер деген – сенің қорғаның, батырың емес пе? Кезінде батырлардың атын білетін едік. Қазір балалар қазақ жауынгерінің түрі қандай болатынын да білмейді. Олар «Маша мен Аюды», «Фиксиктерді» таниды. Әскердің киім үлгісін өзгерткеннен ештеңе шықпайды, ең бастысы сананы өзгертуіміз керек», – деді Ринат Зайыт.

Ұлттық әскери-патриоттық орталық жетекшісі әскери анттағы кейбір қисынсыз тіркестер мен саптық әуендерді өзгерту бойынша жұмыс басталып кеткенін жеткізді. Ол анттағы «қатарға кіре отырып» деген сөз тіркесін сынға алып: «Адам түрмеге отырады, ал сарбаз сапқа тұрады», – деді.

Сонымен қатар сапта лирикалық немесе патриоттық рухқа сай келмейтін жеңіл әндерді айту тоқтатылады. Оның орнына бабалар жыры мен тарихи дастанды марштық әуенге салып, сарбаздардың рухын көтеретін туындыларды енгізу тапсырылды.

МИНИСТРЛЕР МЕН ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ ДЕ БАЛАЛАРЫ ӘСКЕРГЕ БАРУЫ ТИІС!

Сондай-ақ Ринат Зайыт депутаттық қызметте жүргенде көтерген бастамасынан танбайтынын ескертті. Ол әділетті қоғам құру үшін мемлекеттік қызметшілердің балалары да азаматтық борышын өтеуі керек деп есептейді.

«Министрдің, Президент Әкімшілігі қызметкерлерінің де баласы әскерге барып келсін. Екі айға, үш айға, тіпті бір жылға барсын. Мемлекеттік қызметші болғың келе ме, әкім немесе депутат болғың келе ме – онда балаңды әскерге жібер. Қойшының баласын жіберіп қойып, «менің балам бармайды» деу – әділетті қоғам қағидасына мүлде қайшы», – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Ұлттық әскери-патриоттық орталық әскери-мәдени шараларды ұйымдастырумен қатар, жастар арасында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру бойынша кешенді жұмыстарды жүзеге асырады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1171
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1628