Отан ортақ болса, оны қорғау жауапкершілігі де ортақ!
Қазақстан – тағдыр тоғыстырған сан түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан мемлекет. Елдің тыныштығы мен тұтастығы, шекарасының беріктігі мен тәуелсіздігінің тұрақты болуы – қазақ ұлттың міндеті ғана деп ойламау керек, Қазақстан Республикасының әрбір диаспорасының және олардың азаматтарының ортақ мүддесі. Қазақстан азаматы қай этностың өкілі болса да, оның мемлекет алдындағы азаматтық жауапкершілігі ортақ.
Соған қарамастан қоғам арасында ара-тұра: «Неліктен әскери бөлімдерде қазақтан өзге этнос өкілдерінің жастары көрінбейді?» деген сауал айтылады.
Мұнда демографиялық жағдайдың әсері болуы мүмкін. Қазақстан халқының этностық құрамы біркелкі емес. Әскер қатарына шақырылатын жастар да қоғамдағы демографиялық арақатынасқа белгілі дәрежеде тәуелді. Сондықтан әскери бөлімдегі қазақ жастарының санының көп болуы, өзге этностардың әскерден жаппай жалтарып жүргенін дәлелдемейді. Дегенмен, осыған біздің жоғардағылар қатты көңіл аударуы керек.
Жастарды әскерге шақыру кезінде, Қорғаныс министрлігі әр облыстағы жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жұмысына айрықша назар аудару керек-ақ. Осыларыдың ісінде жемқорлық жоқ па? Неге өзбектің, кәрістің, ұйғырдың және елімізде тұратын жүздеген мың кавказдық тұрғындардың ұландары әскерге шақырылмайды? Әлде шақырыла ма? Шақырылса неге көрінбейді? Әскерде парызын өтейтіндер неге тек қана қазақ пен орыстың жастары ма? Бұл неліктен?
Ең алдымен ашықтық қажет. Қорғаныс саласындағы мемлекеттік органдар қоғамға мерзімді әскери қызмет туралы кең көлемде ақпарат беріп, мүмкін болған жағдайда әскерге шақырудың әлеуметтік және өңірлік сипатын түсіндіретін жиынтық статистиканы жариялап отырғаны дұрыс. Сонда қоғамдық пікір болжамға емес, нақты мәліметке сүйенер еді.
Сонымен қатар, әскери-патриоттық тәрбиенің мазмұнын кеңейту қажет. Қазақстандық патриотизм тек қазақ жастарына бағытталған ұғым болып қалмауы тиіс. Мектепте өсіп келе жатқан орыс, өзбек, ұйғыр, кәріс, украин, неміс және басқа да этнос өкілдерінің баласы Қазақстан армиясын «біреудің әскері» емес, өз мемлекетінің Қарулы Күштері деп қабылдауы маңызды. Мұнда мемлекеттік тілдің біріктіруші қызметімен қатар әр азаматтың Қазақстанға ортақ жауапкершілігі түсіндірілуі керек.
Сондай-ақ, әртүрлі этнос өкілдерінен шыққан әскери қызметшілердің үлгісін қоғамға көбірек таныту қажет. Әскери қызметін абыроймен атқарып жүрген сарбаздың ұлтына емес, кәсібилігіне, тәртібіне, білімі мен азаматтық жауапкершілігіне назар аударылғанда ғана «Қазақстан армиясы – барша қазақстандықтардың армиясы» деген түсінік нығаяды.
Тағыда айтарымыз, әскери міндеттің орындалуында барша азаматқа ортақ әрі түсінікті қағида болуы маңызды. Заң алдында азаматтың тегі мен ұлтына қарай артықшылық та, қосымша ауыртпалық та болмауы керек. Азаматтардың заң алдында теңдігі – Конституцияның негізгі қағидаларының бірі.
Қазақстан армиясының күші тек әскери техникамен немесе сарбаз санымен өлшенбейді. Оның қуаты – қоғамның Қарулы Күштерді ортақ мемлекеттік институт ретінде қабылдауында. Қазақтың да, орыстың да баласы, ұйғырдың, кәрістің немесе басқа этнос өкілінің баласы да әскери киім киген сәтте ең алдымен Қазақстан Республикасының сарбазы болуы тиіс.
Отан ортақ болса, оны қорғау жауапкершілігі де ортақ. Қазақстан армиясының шын мәніндегі тұтастығы сарбаздардың тегінің біркелкілігінде ғана емес, әртүрлі этнос өкілдерінің бір Тудың астында өзін бір мемлекеттің азаматы ретінде сезінуінде. Армиядағы «біз» және «олар» деген түсініктің орнына «біз – Қазақстан азаматтарымыз» деген сана орныққанда ғана әскери қызмет те шынайы жалпыұлттық азаматтық мектепке айналады.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz