Дүйсенбі, 9 Қараша 2026
Мәдениет 165 0 пікір 9 Қараша, 2026 сағат 12:53

Ғұн бабалары

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданына қарасты(бұрынғы Ырғыз ауданы) Жабасақ өңірі – қазақ руханияты мен мәдениетіне үлес қосқан талай тұлғаланың кіндік қаны тамған жері.

Бұл топырақтан елге танылған өнер адамдары, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен мәдениет майталмандары шыққан. Олардың әрқайысы туған жерінің атын асқақтатып, ұлттық өнер мен рухани құндылықтардың одан әрі дамуына өзіңін үлесін қосты. Солардың қатарында қазақ мәдениетінің дамуына елеулі еңбек сіңіріп, ел құрметіне бөленген, «Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі» атағын алған өнер иелері де бар. Осы мақалада біз Жабасақтан шыққан белгілі күйші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі – Әліпбаев Тұрар Байдөсекұлының өмірі мен өнеріне және сәуір айында өткен «Ғұн бабалары» атты жеке шығармашылық кеші жөнінде баяндаймыз.

«Қарасудан қанат қағып ұшқан...»

Әліпбаев Тұрар Байдөсекұлы – 1959 жылы 22 қазанда Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Жабасақтың(бұрын 1971 жылға дейін Ырғыз ауданына құрамында болған) Қарасу(Ленин ұжымшары) елді-мекенінде дүниеге келген.

Әкесі – Әліпбаев Байдөсек ұжымшарда ұзақ жылдар бойы бухгалтер қызметін атқарып, кейін совхозда парторг болған. Ол өз ісіне жауапкершілікпен қарап, еңбекқорлығымен елге сыйлы азамат атанған. Сонымен қатар, домбыра тарту өнерін жанына серік етіп, халық күйлерін шебер орындаған. Жабасақтық жерлестері оның өнерін ерекше бағалап, оны ауылдың мақтанышына айналған дарынды күйші ретінде құрметтеген. Бүгінде де ауыл үлкендері мен тұрғындары оның өнерін сағынышпен еске алып, жақсы сөздерін айтып отырады. Анасы – Әліпбаева Гүлбаршын ел ішінде абыройлы, ақкөңіл, көпке көмегі тиген жан болған. Ол қолынан іс келетін, он саусағынан өнер тамған шебер тігінші ретінде танылып, ауыл адамдарының алғысына бөленген. Өз ісіне ұқыптылықпен қарап, әрбір тіккен бұйымын ерекше сәнмен, талғаммен орындаған. Сонымен қатар, отбасының ұйытқысы болып, балаларына мейірім мен қамқорлық көрсете білген. Оларды адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеп, елге сыйлы, саналы азамат болып өсуін басты мақсат еткен.

«Өнер жолының бастауы»

Жабасақ орта мектебінде Қуаныш Алтынбаевтың үйірмесінде өз шеберлігін таныта білген талант иесі. 1978-1982 жылдары Ақтөбе музыкалық училищесінде білім алды. 1982-1987 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында білім алды. 1987-1997 жылдары Арқалық қаласында, 1997-1998 жылдары Ақмола музыкалық колледжінде қызмет етті. 1997-2010 жылдары Астана мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің бас концермейстері болып жұмыс істеді. 1998 жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, 2010-2013 жылдары осы университетте дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің деканы болып қызмет еткен. Көптеген шет елдерде(Жапония, Англия, Германия, Франция, Италия, Иордания, Қытай, Түркия, Венгрия т.б.) концерттік сапарда болды. Тұрар Әліпбаев – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» ордені, «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медалдарының иегері.

«Күйлерім – ой толқыны, жан азығым»

Тұрар Әліпбаев – қазақтың күй өнерін терең меңгерген, ұлттық музыкалық дамуына өзіндік үлес қосқан дарынды тұлға. Оның шығарған «Әбіш таған», «Дүние шіркін!», «Қаршыға ақжелең», «Мұрат толғау», «Ақтөбеге тарту», «Саяқ - ысық», «Сатай баба», «Болат ақжелең», «Өмір дастан», «Атырау асқан», «Бәйге», «Ғазиза ақжелең» атты күйлері халық арасында кеңінен тараған. Күйлері халықтың тұрмыс-тіршілігін, ішкі жан дүниесін, туған жерге деген сүйіспеншілігін бейнелейді. Өнер иесінің әрбір күйінен ұлттық нақыш, терең сезім және орындаушылық шеберлігі айқын аңғарылады. Оның туындылары тек музыкалық шығарма ғана емес, сонымен қатар тарихи және рухани мұра ретінде бағаланады.

Тұрар Әліпбаевтың күйлері тыңдарманды ойға жетелеп, өткен мен бүгінді байланыстыратын алтын көпір іспетті. Бұл шығармалары арқылы ол қазақ күй өнерінің бай дәстірін жалғастырып, кейінгі ұрпаққа аманат етті.

«Ғұн бабалары»

2026 жылдың 10 сәуірінде Тұрар Әліпбаевтың «Ғұн бабалары» атты жеке шығармашылық кеші өтті. Кештің әлқиссасын Тұрар Әліпбаевтың төл туындысы «Күй бата» күйі ашып берді. Кеште алғаш рет ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Арман» атты күйі орындалды. Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, белгілі дирижер Айтқали Жайымов пен дирижер, мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов жетекшілік ететін қазақ оркестрі өнер көрсетті. Кеште Светлана Айтбаева, Ерлан Рысқали қонақ ретінде өнерлерін паш етті. Әрі қарай кеште жоғарғы да атап өткен композитордың авторлық туындыларынан бөлек, басқа да қазақ композиторлардың күйлері орындалды. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның  Еңбек  Ері, Мемлекеттік сыйлығының  лауреаты, Қазақстанның  халық  жазушысы  Әбіш  Кекілбаевқа арналған «Әбіш таған», жақын ағасы  Болат Елтайұлы Шайманов Ақтөбе өңірінен бірінші болып генерал  атағын алғанда, ағасына арнап шығарған «Болат ақжелең» атты күйі, қазақ  халқының  біртуар  ұлы,  ірі ғалым, мемлекет және қоғам  қайраткері,  филология ғылымдарының  докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің 80 жасқа толған мерейтойына арнаған «Дүние шіркін» атты тағы басқа көптеген авторлық күйлері осы «Ғұн бабалары» атты жеке шығармашылық кешінде көрермендердің назарына ұсынылды. Кештің «Ғұн бабалары» аталу себебі, Ғұндар – түркі жұртының арғы аталарының бірі, бұл атау арқылы өнер иесі қазақ халқының терең тарихы мен мәдениетін көрсеткісі келді.

Осымен сіздерге Жабасақтың талантты күйшісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Білім беру саласының үздігі, «Құрметті» орденінің иегері – Әліпбаев Тұрар Байдөсекұлының «Ғұн бабалары» атты жеке шығармашылық кешіне тоқталып,  өмірі мен өнерін жеткізуге тырыстық. Тұрар Әліпбаевқа арналған байқау жарияланып, жүлдегерлер анықталды. Тұрар Әліпбаевтың өнердегі жетістігі тек Жабасақтың ғана емес, барша Ақтөбе өңерінің мерейі. Өнер иесінің артында қалатын ең үлкен мұрасы – халықтың жүрегіне жеткен күйлері, шәкірттеріне берген тәлімі, кейінгі ұрпаққа қалдыратын рухани өнегесі.

Асқар Рахымжанұлы, тарихшы, өлкетанушы

Abai.kz

0 пікір