Дүйсенбі, 9 Қараша 2026
Жаңалықтар 183 0 пікір 9 Қараша, 2026 сағат 16:57

Көкжайлаудағы жағдай: Алматы тауында қауіпсіздік мәселесі неге маңызды?

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінен алынды.

8 қарашада кешке Алматының құтқару қызметіне Көкжайлау маңында 16 жастағы үш қыздың жоғалғаны туралы хабар түсті.

Тауға серуендеуге шыққан жасөспірімдер кешке дейін үйлеріне оралмаған. Ұялы телефондары өшіп қалған. Ал кейінгі рет қай жерде болғанын айқындайтын бағдарлама дерегінше, қыздар Көкжайлау маңында, теңіз деңгейінен шамамен 2200 метр биіктікте жүрген.

Оларды іздеуге Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мониторинг және жедел әрекет ету орталығынан бес құтқарушы аттанды. Алайда сағат 20:45-те қыздардың таудан өздері аман-есен түскені белгілі болды. Осыдан кейін іздестіру жұмыстары тоқтатылды.

Қыздар аман табылды. Дегенмен бұл жағдай тауға шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтаудың қаншалық маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті. Әсіресе кейінгі жылдары Алматы тауларына шығушылар көбейіп, құтқарушылардың жұмысы да арта түскенін ескерсек, қауіпсіздік мәселесіне баса мән беру қажет.

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінен алынды.

Бұл мәселе Алматының таулы аймақтарын кешенді дамыту жоспарларымен де тікелей байланысты. Атап айтқанда, Көкжайлау маңында жыл он екі ай турист қабылдайтын заманауи тау курортын салу көзделген. Almaty Superski деп аталатын бұл жоба Алматы тау кластерін дамытуға бағытталған.

Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобалары аясында таулы аймақтарды өзара байланыстыратын жолдар, аспалы жолдар, инженерлік желілер, туристердің тауға шығуына арналған арнайы орындар мен демалушыларға қызмет көрсететін нысандар салу жоспарланып отыр.

Мұндай инфрақұрылым тауға келушілерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, олардың қауіпсіздігін арттыруға да көмектеседі. Арнайы белгіленген соқпақтар мен тауға шығатын орындар туристердің жолдан адаспай, баратын бағытын дұрыс таңдауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, төтенше жағдай кезінде көмекке тезірек жетуіне жағдай жасайды.

Abai.kz

0 пікір