Жетісуда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай мерекелік безендіру жұмыстары басталды
Жетісу облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтуге ауқымды дайындық жұмыстары басталды.
Өңірдің қалалары мен аудандарында тарихи датаның маңыздылығын айшықтап, ұлттық бірлік пен мерекелік көңіл күй қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-безендіру науқаны қолға алынды.
Мерейтойға дайындық аясында облыс аумағындағы халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, атап айтқанда, медициналық мекемелердің, сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтарының маңында және келушілер көп болатын өзге де орындарда 21 LED-экран іске қосылды.
Цифрлық экрандарда еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған тақырыптық бейнелер, патриоттық бейнероликтер мен мерекелік құттықтаулар көрсетілуде. Бұл ретте егемен Қазақстанның жетістіктерін, ұлттық құндылықтар мен отансүйгіштік рухты дәріптейтін көрнекі материалдарға ерекше мән берілген.
Мерекеік ақпараттық науқан Талдықорған қаласын, сондай-ақ Сарқан, Ақсу, Ескелді, Панфилов, Кербұлақ және Көксу аудандарын қамтыды. Осылайша, мерейтойлық рәміздер мен мерекелік безендіру элементтері облыс орталығында ғана емес, өңірдің аудандарында да тұрғындардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуда.
«Тәуелсіздіктің 35 жылдығы – еліміздің жүріп өткен тарихи жолын, қол жеткізген жетістіктерін және болашаққа нық қадам басқанын айшықтайтын маңызды дата. Қоғамдық кеңістіктерді мерекелік безендірудің мақсаты – салтанатты көңіл күй қалыптастырумен қатар, әрбір тұрғынға Тәуелсіздіктің құндылығын, халық бірлігінің маңызын және Қазақстанның болашағы үшін ортақ жауапкершілікті еске салу», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Жетісу өңірінде қолға алынған ауқымды мерекелік науқан айтулы мерейтойға дайындықтың жарқын көріністерінің біріне айналып, облыстың қалалары мен аудандарын мемлекетіміздің ең басты құндылығы – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі төңірегінде біріктіруге бағытталған.
Abai.kz